
Мысыр астанасы Каирде өткен жекелей сындағы әлем чемпионатында Түркістан облысының мақтанышы, каратэ-кумитеден 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Әсел Қанай қола медальға қол жеткізді. Түркістандық спортшы жүлдеге таласта украиналық Олександра Шолохованы 3:2 есебімен ұтып, Қазақстан қоржынына маңызды медаль салды.
Орайы келгенде, Әселдің биылғы чемпионаттағы жекпе-жектеріне шолу жасай кетейік.
Топтық кезең:
Әсел Қанай — Вафа Махжуб (Тунис) 1-2;
Әсел Қанай — Али Хани (Үндістан) 8-0;
Әсел Қанай — Нина Радженович (Швейцария) 3-1.
1/8 кезең: Әсел Қанай — Әли Нурсен (Мысыр) 5-2.
Ширек финал: Әсел Қанай — Гонг Ли (Қытай) 1-1.
Тарихи жеңіспен оралған Әсел Қанайды Түркістан халықаралық әуежайынан облыстық спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров бастаған спорт саласының өкілдері мен ата-анасы, бапкерлері және жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды. Спорт жанашырлары жүлдегер жерлесімізге құрмет көрсетіп, жеңісімен құттықтады.
Биылғы маусымды жоғары нәтижемен қорытындылаған Әсел Қанай қысқа демалыстан кейін Азия ойындарына тыңғылықты дайындықты бастайды.
Айта кетейік, Әсел – Түркістан облыстық олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірті.
Жалпы, WKF каратэ — елімізде бұқаралық сипат алған спорт түрінің қатарында. Бүгінде мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып келеді әрі биыл ҚР Туризм және спорт министрлігі бекіткен жоғары жетістіктер спорты түрлерінің тізіміне енді. WKF каратэ көптеген кешенді жарыстардың бағдарламасында бар.
WKF каратэ (World Karate Federation – Дүниежүзілік Каратэ Федерациясы) – бұл Халықаралық Олимпиада Комитеті (ХОК) мойындаған, каратэні спорт ретінде дамытатын және оның ережелерін реттейтін, әлемдегі ең ірі халықаралық ұйым. Оның негізінде Сётокан, Вадо-рю, Сито-рю, Годзю-рю сияқты классикалық стильдер жатыр, бірақ бұл спортшылардың тек ката (формальды жаттығулар) мен кумите (жартылай байланысты жекпе-жек) бағыттары бойынша бақ сынасатын, динамикалық және заманауи спорт түрі.
WKF каратэнің негізгі ерекшеліктері:
- Халықаралық стандарттар: WKF бүкіл әлемде каратэні спорт ретінде біріктіріп, бірыңғай ережелер мен стандарттар белгілейді, бұл оны Олимпиада ойындарына қосуға бағытталған жұмыстың негізі болып табылады.
- Спорттық бағыт: Бұл дәстүрлі каратэден айырмашылығы, жекпе-жектің бағалануына бағытталған (басы, қол, аяқ соққылары), бұл оны қызықты әрі жылдам спортқа айналдырады.
- Компоненттер: Негізінен ката (формалық кешендер) және кумите (жекпе-жек) жарыстарын қамтиды.
- Кең таралуы: Әлемнің 173 елінде ұлттық федерациялар біріккен, және 50 миллионнан астам адам айналысады.
- Олимпиадалық статусы: Каратэнің Олимпиада ойындарына қосылуына басты рөл атқарады (2020 Токиода дебют жасады).
Қысқаша айтқанда, WKF каратэ – бұл классикалық каратэнің негізінде құрылған, Олимпиадаға бағытталған, халықаралық деңгейдегі ресми спорт түрі.
Каратэ тарихы туралы бірер сөз. XVIII-XIX ғасырларда пайда болған жапон жекпе-жегі. Аталған спорт түрінде бас пен кеудеге соққы жасауға болады. Олимпиада бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасында бес салмақ дәрежесі енгізілген (кумитэ). Сондай-ақ, ката бойынша бір жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Төрешілер орындау шеберлігі мен жылдамдығына байланысты жеңімпазды анықтайды. 2020 жылғы Токио ойындарының бағдарламасына енген.
Қазақстанда каратэ-до федерациясы 1991 жылы құрылды. Қазақстанның барлық облыстары мен ірі қалаларында өңірлік федерациялар жұмыс істейді. Жалпы, бүгінде Қазақстанда 20 000-ға жуық адам спорттық каратэмен айналысады.
2020 жылы каратэ төрт спорт түрімен бірге олимпиада бағдарламасына енді. Алайда, кейіннен каратэ қайтадан олимпиадалық дисциплиналар қатарынан шығарылды: бұл спорт түрі 2024 жылғы Париж Олимпиадасының бағдарламасына енген жоқ.
Осы ретте Түркістан облысының оқушылары «Ділмар» республикалық байқауында жеңімпаз атанғанын да тілге тиек етсек. Алматы қаласында өткен жалпы білім беру ұйымдары арасындағы VII республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауында Түркістан облысының оқушылары жоғары нәтижеге қол жеткізді. Биылғы додаға еліміздің 18 облысы мен 4 қаласынан 25 оқушы қатысты.
Түркістан облысының намысын қорғаған қатысушылар төмендегідей жүлделі орындарды иеленді. I орын Созақ ауданындағы Созақ мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ислам Әбдіқадырға бұйырса, II орынға Төлеби ауданындағы Әңгір ата мектебінің 11-сынып оқушысы Балнұр Исахан көтерілді.
Еске салайық, «Ділмар» шешендік өнер байқауы оқушылардың сөйлеу мәдениетін, шешендік шеберлігін және ұлттық әдебиетке қызығушылығын арттыруды мақсат ететін маңызды зияткерлік сайыс саналады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
