![]()
Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде дін саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, кәсіби құзыреттілігін нығайтуға және қоғамдағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге арналған «Зайырлы мемлекет пен қоғам» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, теологтар, дінтанушылар, құқық саласының мамандары және ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері қатысты.
Семинар-тренингтің модераторы ретінде Түркістан облысы дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Абуов сөз сөйледі. Ол кіріспе сөзінде зайырлылық қағидаттарын қоғамға кеңінен түсіндірудің, халықтың діни және құқықтық сауаттылығын арттырудың, сондай-ақ дін саласы мамандарының кәсіби біліктілігін жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.
Семинардың негізгі мақсаты – зайырлы мемлекет қағидаттарының мәнін түсіндіру, дін саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, қоғамдағы діни сауаттылықты арттыру және радикалды идеологиялардың алдын алу бағытындағы тәжірибелермен алмасу.
Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Кеңшілік Тышқан «Зайырлы мемлекет пен діни қағидаттар қатынасы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама барысында зайырлылық ұғымының тарихи қалыптасуы, оның қазіргі қоғамдағы орны, мемлекет пен дін арасындағы қатынастардың құқықтық негіздері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар зайырлы мемлекеттің басты қағидаттары мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі рөлі түсіндірілді.
Заңгер Құнанбай Мусаев «Жаңа Конституциядағы адам құқықтарының салт-дәстүрімізбен тарихи байланысы» тақырыбында баяндама жасап, адам құқықтары мен бостандықтарының ұлттық құндылықтармен, салт-дәстүрлермен және тарихи тәжірибемен сабақтастығына тоқталды. Сондай-ақ құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың маңыздылығы туралы айтты.
Теолог Болат Шоманов «Зайырлы қоғамдағы діни радикалданудың кейбір себептері» тақырыбында баяндама жасады. Спикер діни радикалдануға әсер ететін әлеуметтік, психологиялық және ақпараттық факторларды саралап, радикалды идеологиялардың алдын алу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар жастардың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және интернет кеңістігіндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.
Семинар-тренинг барысында қатысушылар өңірдегі діни ахуалға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру, жастармен тиімді байланыс орнату және деструктивті діни идеологиялардың алдын алу бағытындағы ұсыныстар қарастырылды. Қатысушыларға арнайы сертификаттар табыстады.
Ал Түлкібас ауданының Майтөбе ауылында Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасын насихаттауға арналған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті.
Іс-шараға Түркістан облысының дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, Түлкібас ауданы әкімінің кеңесшісі Сәдуахас Сейсенбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым мен жастар қатысты. Семинарды «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ерлан Дәкенов жүргізді.
Жиында Рүстем Сабыржанұлы Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу, оны кеңінен насихаттау және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
Семинарда профессор Досай Кенжетай, дінтанушы Сержан Оразбай, «Яссауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов және философия докторы Төлеген Мұхит баяндама жасап, Ясауи мұрасының тарихи-рухани мәні, ұлттық сана мен салт-дәстүр сабақтастығы туралы ой бөлісті. Кездесу соңында қатысушылар сұрақтарына жауап беріліп, ұсыныстар талқыланды.
Айтпақшы, орайы келгенде бөлісер қуанышты жаңалық, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығының ғалымдары Ресей мемлекеттік кітапханасынан Ясауи тариқатының тарихы мен рухани іліміне арналған, бұған дейін ғылыми ортада аса мәлім болмаған XVII ғасырдағы сирек қолжазбаны анықтады.
Ғылыми зерттеу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерделеу және кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасы мен Үкімет бекіткен Ясауитану саласын дамыту жоспарына сәйкес жүргізіліп жатыр.
«Хужжат әз-Закирин ли-радд әл-Мункирин» («Зікірді терістеушілерге қарсы зікір етушілердің дәлелі») атты еңбек Мәскеуге ұйымдастырылған ғылыми экспедиция барысында табылды. Бұхарада жазылған бұл туынды – Ясауи мектебінің тарихын танытатын маңызды жазба дереккөздердің бірі.
Қолжазбада сопылық ілім, жария зікір дәстүрі және рухани сабақтастық мәселелері сөз болады. Аталмыш еңбекте Қожа Ахмет Ясауиден, Хакім ата мен Зеңгі атадан бастау алатын және тариқаттың кейінгі өкілдеріне дейін жалғасқан рухани шежіре жөнінде құнды мәлімет қамтылған.
Бүгінде мамандар қолжазбаның ғылыми сипаттамасын әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта оның мәтіні белгілі нұсқалармен салыстырылып, мәтінтанулық талдау жүргізіледі. Зерттеу нәтижелері ғылыми айналымға енгізілмек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
