Түркістан облысы орталығындағы жаңа атшабарда көкпардан жасөспірімдер арасында өңір чемпионы анықталды

Loading

Түркістан қаласындағы заманауи көпфункциялы атшабарда 2009-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында көкпардан Түркістан облысының чемпионаты өз мәресіне жетті. Ұлттық спортты дәріптеуді мақсат еткен бәсекеге өңірдің 7 ауданынан келген командалар қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Атап айтқанда, Сайрам, Жетісай, Ордабасы, Келес, Қазығұрт, Түлкібас және Сарыағаш аудандарының жас шабандоздары тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс барысында қатысушылардың шеберлігі, ептілігі мен командалық үйлесімі жоғары деңгейде көрініс тауып, әр кездесу жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады.

Финалдық бәсекеде Ордабасы және Келес аудандарының командалары кездесті. Негізгі уақытта есеп 5:5 болып тең аяқталып, жеңімпаз «алтын салым» арқылы анықталды. Шешуші сәтте ордабасылық шабандоздар басымдық танытып, нәтижесінде облыс чемпионы атанды. Келес ауданы екінші орынға ие болса, Түлкібас құрамасы қола жүлдені қанағат тұтты. Жетісай командасы жарысты төртінші орынмен қорытындылады.

Айта кетейік, облыстық чемпионаттың басты мақсаты – алдағы Қазақстан Республикасы чемпионатына үздік ойыншыларды іріктеу. Ел біріншілігі тамыз айында Алматы облысында өтеді деп жоспарлануда. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы алғыс хаттармен, медальдар және кубоктармен марапатталды.

Орайы келгенде айта өтейік, бұдан бөлек 15-19 сәуір аралығында Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде даңқты боксшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған XXXII халықаралық турнирі өтті. Биылғы дәстүрлі жарыстың ерекшелігі, Ә.Нұрмахановтың 90 жылдығына арналып отыр.

Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов және бапкердің жары Күлпаш апа қатысып, жарысқа жиналған спортшыларға сәттілік тіледі.

Халықаралық додаға Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Кувейт, Қырғызстан мемлекеттері мен Қазақстанның барлық өңірлерінен 150-ге жуық былғары қолғап шебері жиналды. Қатысушылар 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, шаршы алаңда өзара мықтыны анықтады. Турнирде түркістандық боксшылар да жоғары нәтиже көрсетті. Айта кетейік, мұндай ауқымды халықаралық жарыстар өңірде бокстың дамуына серпін беріп қана қоймай, жастарды спортқа баулуда маңызды рөл атқарады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You