Түркістан облысы: Отырар ауданында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының қатысуымен жиын өтті

Отырар ауданында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Балғабаев Ерболат Темірболатұлының төрағалығымен Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жиын өтті. Жиынды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.

Басқосуда ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және тұрғын үй саласы мен қоғамдық-саяси ахуал туралы аудан әкімінің орынбасарлары Қыдырбай Сейітқұл мен Айдос Құлмаханов баяндады.

Жиын барысында департамент басшысы мемлекеттік қызметшілер өз ісін адал әрі жауапкершілікпен атқаруы тиістігін жеткізді. Сонымен қатар туризм, мәдениет салаларындағы жұмысты жандандыру бағытында өз ұсыныстарын білдірді. Мемлекеттік қызметшілерге жасанды интелектті меңгеруге, тиімді, нәтижелі жұмыс жүргізуге дағдалану бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.

Жалпы, мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру, мемлекеттік органдардың өз функцияларын сапалы орындауы, халыққа қызмет көрсетудің тиімділігі, заңдылықты қамтамасыз ету мемлекеттік қызметшілердің кәсіби шеберлігіне байланысты екенін айтып, әр көрсетілген мәліметтің шынайылығын қамту қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, қаржылық пирамида, құмар ойындардан, «Вейп» секілді уытты заттардан сала мамандарының аулақ болу қажеттігін ескертті.

Жиында ауданның құрметті азаматы Мырзахмет Темірбеков, ішкі істер саласының ардагері Жұмахан Әбдіқадіров, ауыл биі Шайырбек Айжарықов ұрпақ тәрбиесі, татулық, адамгершілік, мемлекеттік органдардың ашықтық қағидатын ұстануы секілді мәселелер бойынша пікірлерімен бөлісті.

Жиын соңында аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы күн тәртібіндегі көтерілген өзекті мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар жалғасын табатынын айтып, ауданға арнайы келген департамент басшысына аудан халқының атынан алғысын айтты.

Бұдан бөлек бүгін Отырар ауданында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен және әкімдігінің қолдауымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Қоғам вейпке қарсы – жастардың таңдауы — салауатты өмір» атты аймақтық жас ақындар айтысы өтті.

Шараның басты мақсаты – Мемлекет Басшысының «Заң мен тәртіп» қағидасын ел арасында кеңінен түсіндіре отырып, қоғамда, әсіресе жастар арасында вейпке деген мүлде төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.

«Ұлыларың Отаны» саналған киелі Отырар ауданындағы жас ақындар айтысын облыстық және республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, ақын Дәурен Ақсақалов жүргізіп, Түркістан өңірінің аудан-қалаларынан келген жас ақындармен таныстырды.

Шараның ашылу салтанатында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев пен аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы сөз сөйлеп, жастардың болашағына қауіп төндіретін зиянды әдеттермен күресу – қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Бүгінгі жиынның мәні де, мазмұны да ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында өткізіліп отырған ақындар айтысы – салауатты өмір салтын насихаттаудың, ұлттық рух пен тәрбие берудің озық үлгісі. Қазақ – сөзге тоқтаған, сөз арқылы тәрбие берген, ел мен ердің қадірін жырымен жырлаған халық. Бүгінгі айтыс өнеріне деген көпшіліктің ыстық ықыласы соның дәлелі. Сахна төрінде сөз сайысына түсіп жатқан жастарымыз тек өнерімен емес, ойлы пікірлерімен, парасатты пайымымен зиянды әдеттерге қарсы тұрып, салауатты өмір салтын таңдауға үндеп келеді. Бүгінде елімізде жастар арасында электронды темекі, яғни вейпке әуестік белең алып бара жатқаны жасырын емес. Бұл – денсаулыққа үлкен зиян келтіретін, болашақ ұрпақтың өмір сапасына тікелей әсер ететін өте өзекті мәселе. Сондықтан біз тек тыйыммен емес, тәрбиемен, үгіт-насихатпен, рухани құралдармен күресуіміз қажет. Соның жарқын көрінісі – осы айтыс алаңы. Ендеше, сөз арқылы санаға сәуле құйған ақындарымызға шынайы алғысымды білдіре отырып, шалқар шабыт пен жеңіс тілеймін», — деді.

Айтыста арқалы жас ақындар Отырар ауданының жетістіктері мен тарихи тұлғаларын жырларына арқау етіп, жастар арасында белең алып бара жатқан жат қылықтардың қоғамға, ел болашағына зияны туралы сөз қозғады.

Шара соңында сөз өнерін дәріптеп жүрген ақындар департамент басшысының және аудан әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталып, сый-сияпаттар табысталды.

Ақын дегеннен шығады, биыл халқымыздың біртуар ақыны – Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы айтулы мерекеге, яғни, 10 тамыз — Хакім Абайдың туған күніне орай Отырар кітапханасында Абай апталығының ашылу салтанаты өтті.

Шараны аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов алғы сөзбен ашып, Абайдың әр өлеңі – өмір сабағы болса, қара сөздері – терең ойдың, рухани ізденістің, адам болмысына бағытталған ғибраттың қайнар көзі екендігін атап өтті.

Сондай-ақ кітапхана оқырмандары ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқыса, аудан өнерпаздары табиғат пен сезім үндестік тапқан «Желсіз түнде жарық ай» және «Көзімнің қарасы» әндерін орындады.

Ұлт мәдениеті мен әдебиетінің алтын қазынасы болған Абай шығармаларын дәріптеу одан ары жалғасын таба бермек.

Бұл игі шара ақын мұрасын зерделеп, насихаттауға тамаша мүмкіндік және жастарға берер тәлімі зор болмақ. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының бай мұрасы мен қара сөздері жас ұрпақтың ұлттық дүниетанымын кеңейтіп, әдебиетке деген құштарлығын арттырары сөзсіз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You