Түркістан облысы: Сайрам ауданында еркін күрестен жасөспірім қыздар арасында республикалық турнир өтті

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай еркін күрестен 2010–2012, 2013–2015, 2016–2018 жылдары туған жасөспірім қыздар арасында “Ақсу жекпе-жек спорт клубы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ашық біріншілігі жоғары деңгейде өтті.

Республикалық деңгейде ұйымдастырылған жарысқа Жетісу, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Шымкент, Тараз қалаларынан келген 200-ге жуық жас спортшы қатысып, бірнеше күн бойы әр салмақ дәрежесінде өзара тартысты белдесулер өткізді.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде алғашқы болып сөз алған «Ақсу жекпе-жек спорт клубы» КММ-нің басшысы Рашид Лапаев Тәуелсіздік күнінің ел тарихындағы маңызын атап өтіп, спорт – ұлт рухын көтеретін, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулитын маңызды сала екенін жеткізді. Ол жарысқа қатысушы барлық спортшыларға сәттілік тілеп, адал әрі тартысты белдесулер болуына тілектестік білдірді.

Сондай-ақ Шымкент қаласы әйелдер күресінің аға жаттықтырушысы Сәкен Рыстаев жасөспірім қыздар арасындағы еркін күрестің жылдан-жылға дамып келе жатқанын айтып, мұндай жарыстар болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалар спорт мектеп-интернатының әйелдер күресінен аға жаттықтырушысы Бақыт Шадиев өз сөзінде спорттағы тәртіп, табандылық пен еңбекқорлықтың маңызын тілге тиек етіп, жас балуандарды биік мақсаттарға ұмтылуға шақырды.

Салтанатты жиында «Ақсу жекпе-жек спорт клубы» КММ-нің оқу ісі жөніндегі орынбасары, бокстан әскерлер арасындағы әлем чемпионы Құттыбек Абзал сөз сөйлеп, ел Тәуелсіздігі – спорттағы жеңістердің берік негізі екенін атап өтті. Ол жас спортшыларға сенім білдіріп, Қазақстанның көк байрағын халықаралық ареналарда желбірететін болашақ дәл осы өрендердің қолында екенін айтты.

Жарыс ережеге сай жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, қатысушылар шеберлік, төзімділік пен жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және медальдармен марапатталды.

Айтпақшы, Алматыда өткен ересектер арасындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты да өз мәресіне жетті. Айтулы додада еліміздің 20 аймағынан жиналған таңдаулы балуандар белдесіп, мықтылар анықталды.

Әсіресе, әйелдер күресінде Түркістан облысының спортшылары жоғары шеберліктерін көрсетіп, жалпы 9 медальға қол жеткізді. Команда қоржынына 2 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль түсті.

Жеке нәтиже төмендегідей:

Алтын жүлде иегерлері:

Шұғыла Өмірбек – 55 кг, 1-орын;

Нилуфар Раймова – 57 кг, 1-орын.

Күміс жүлдегерлер:

Мадина Аман – 59 кг, 2-орын;

Шәмшиябану Тастанбек – 72 кг, 2-орын.

Қола жүлдегерлер:

Аяжан Марқашева – 53 кг, 3-орын;

Жасмин Искандарова – 62 кг, 3-орын.

Гүлдана Өсербай – 65 кг, 3-орын

Зейнеп Эламас – 72 кг, 3-орын

Балжан Таспамбетова – 76 кг, 3-орын

Тамаша нәтиженің арқасында Түркістан облысы жалпы командалық есепте 1-орынға ие болды.

Осы дүбірлі додада Түркістан облысының намысын абыроймен қорғаған Ади Серікұлы еркін күрестен 65 келі салмақта қарсыластарын бірінен соң бірін еңсеріп, Қазақстан чемпионы атанды. ⠀

Жетістікке жету жолында спортшыны жан-жақты дайындап, тактикалық және техникалық тұрғыдан шыңдаған бапкерлері Нұрдәулет Жусипалиев пен Қанат Тұрғараевтың еңбегі зор. Бұл жеңіс – өлкенің спорттық абыройын асқақтата түскен маңызды жетістік.

Түркістанда «Turkestan 16 & Under» республикалық турнирі жеңімпаздары анықталды

Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Түркістан теннис клубы» ұйымдастыруымен 2025 жылғы 29 қараша – 5 желтоқсан аралығында өткен “Turkestan 16 & Under” 16 жасқа дейінгі республикалық ашық турнир өз мәресіне жетті. Аталған бәсекеде еліміздің барлық облыстарынан 80-нен аса талантты теннисші бақ сынады.

Жекелей сындағы нәтижелер мынадай:

Ұлдар:

1-орын: Мади Абибулла («Түркістан теннис клубы»), жаттықтырушысы — Қайрат Көшеров;

2-орын: Нурумбет Адилет;

3-орын: Вилсим Даниэль.

Қыздар:

1-орын: Кенжетай Адия («Түркістан теннис клубы»);

2-орын: Турган Меруерт;

3-орын: Ижан Салима.

Жұптық сын қорытындысы мынадай:

Ұлдар жұбы:

1-орын: Абибулла Мади — Нурумбет Адилет;

2-орын: Вилсим Даниэль — Хегай Михаил;

3-орын: Турдиев Амир — Баймукашев Алишер.

Қыздар жұбы:

1-орын: Кенжетай Адия — Турган Меруерт;

2-орын: Есмаканова Мадина — Жумаханова Жамиля;

3-орын: Гардеева Александра — Мурат Айя.

Жас спортшылардың жетістігі — өңір спортындағы жүйелі жұмыс пен жаттықтырушы еңбегінің жемісі.

Өскеменде өткен “Алтай жұлдызы” турнирінде түркістандық жас жүзуші күміс жүлде еншіледі

2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында өткен “Алтай Жұлдызы” республикалық турнирі мәресіне жетті. Биылғы додаға еліміздің 12 өңірінен 200-ге жуық жас спортшы қатысып, жүзудің әр түрінен өзара мықтыларын анықтады.

Түркістан облысының жас спортшысы Камал Ерсаян 200 метр баттерфляй әдісі бойынша тамаша нәтижемен күміс жүлдеге 2-орынға ие болды.

Астанада өткен садақ ату чемпионатында түркістандық спортшылар бірнеше жүлде жеңіп алды

Астана қаласында ересектер және U-29 санаттары арасында жабық алаңда өткен ҚР чемпионатында Түркістан облысының садақ ату шеберлері жоғары нәтиже көрсетті.

Жекелей сын да Лян Виктория ересектер арасында жекелей жарыста күміс жүлде еншіледі.

Командалық нәтижелерге келсек, MIX (аралас жұп) жаттығуында Мирзаметов Бунёд — Лян Виктория Қазақстан чемпиондары атанды.

Қыздар командасында Лян Виктория, Якубжаджаева Жасмина, Бкетаева Лайло қола жүлде иеленді.

Ерлер командасында Сайфулла Хуршид, Оразбеков Құралбек, Қыдырәлі Бақытжан қола жүлде алды.

Ал Желтоқсанның 5-7 аралығында Түркістан қаласында клубтар арасындағы “QAZAQSTAN JUDO LEAGUE” жарысы алғаш рет өтті. Осы додада Түркістан облысының командасы командалық сайыста жеңімпаз атанып, өңір абыройын асқақтатты. Бұл облыс спорты үшін зор жетістік, ал жастар үшін үлкен мотивация. Осындай ауқымды жарыстар талантты жас спортшыларға өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашып, болашақ чемпиондардың қалыптасуына үлкен ықпал етеді.

Осы жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Түркістан облысы дзюдо федерациясына алғысытан басқа айтарымыз жоқ.

Бұдан бөлек 1-7 желтоқсан аралығында Түркістан облысының Отырар ауданында 2014 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында гандболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Додаға еліміздің әр өңірінен келген үздік жас қол добы шеберлері қатысып, өзара мықтыларды анықтады. Жарыс қорытындысында Түркістан облысының құрама командасы топ жарып, чемпион атанды.

Осындай ғаламат жетістік жолында білікті бапкерлер Мақсат Нарметов, Буният Акрамжанов, Анатолий Мамадовтен орасан еңбек сіңірді.

Командалық жалпы есеп:

  1. Түркістан облысы
  2. Қостанай
  3. Орал
  4. Ақтөбе
  5. Отырар
  6. Сайрам ауданы

Түркістандық жас спортшылардың бұл жеңісі өңірдегі бұқаралық спорттың дамуы мен жасөспірімдер арасындағы гандбол спортының деңгейі артып келе жатқанын тағы бір дәлелдеді.

3х3 баскетболдан ауыл командалары арасында ел чемпионаты өз мәресіне жетті

Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында 3х3 баскетболдан ұлдар мен қыздар арасындағы ауылдық командалар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Төрт жас санаты бойынша ұйымдастырылған дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 90-ға жуық команда мен 200-ден астам спортшы қатысып, өзара шеберліктерін көрсетті.

Чемпионатқа арнайы қатысқан ҚР баскетболдан мемлекеттік жаттықтырушысы Иван Гайна Түркістан облысында 3х3 баскетболының даму қарқыны жоғары екенін атап өтті. Ол сайыс барысындағы ауыл жастарының ойын өрнегін сараптап, олардың болашағынан зор үміт күттіретінін жеткізді.

U12 жас санатындағы ұлдар мен қыздар арасындағы тартысты бәсекеде жүлделер төмендегідей белгіленді:

Ұлдар: 1-орын – Сайрам, 2-орын – Созақ, 3-орын – Мақтаарал. Қыздар: 1-орын – Отырар, 2-орын – Сайрам, 3-орын – Далабазар.

U14 жас санатында:

Ұлдар: 1-орын – Байзақ, 2-орын — ОРБЖСМ 2013, 3-орын — Созақ U14. Қыздар: 1-орын — Далабазар U14, 2-орын — Түлкібас 2011, 3-орын — Түлкібас БЖСМ-2.

U16 жас санатында:

Ұлдар: 1-орын — ОРБЖСМ-3, 2-орын — Сайрам-2, 3-орын — Созақ U16. Қыздар: 1-орын Бәйтерек, 2-орын — Түлкібас БЖСМ-2, 3-орын — Сайрам U16.

U18 жас санатында:

Ұлдар: 1-орын — Сайрам U17, 2-орын — Ақсу, 3-орын — Байзақ U18. Қыздар: 1-орын — Түркістан, 2-орын — Отырар, 3-орын — Қарабұлақ U18.

Чемпионат өңірлік командалардың дайындығы мен ауыл спортындағы серпінді өсімді айқын көрсетті. Бәсекелестік деңгейі жоғары, ойындар тартысты өтіп, жас спортшылардың ойыны көрермендердің көңілінен шықты.

«AMANAT BARYSY» Төлеби ауданында тұңғыш рет өтті

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Төлеби ауданында ұлттық спортты дәріптеуге бағытталған маңызды шара – облыстық «AMANAT BARYSY» қазақ күресі турнирі алғаш рет ұйымдастырылды. Дода «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен Леңгір қаласындағы «Тағай» спорт кешенінде өтті. Додаға облыс аудандары мен қалаларынан 25 балуан қатысты.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының басшысы Алтынсары Үмбеталиев, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі Ғалымжан Худияров, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, сондай-ақ мәслихат депутаттары мен спорт жанкүйерлері қатысты.

Ашылу салтанатында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, турнирдің маңызын атап өтті.

«Бүгін алғаш рет ұйымдастырылып отырған облыстық “AMANAT BARYSY” қазақ күресі турнирі – ұлттық спортымызды дәріптейтін, жастарымыздың жігерін жанитын және отансүйгіштік сезімін арттыратын маңызды дода. Осы іс-шараны Төлеби ауданында өткізуге қолдау көрсеткен «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы на, аудандық мәслихат депутаттарына, ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін», – деді аудан әкімі.

Турнирге өңірдің ең мықты 25 балуаны қатысып, қазақ күресінің абыройын асқақтатуға өз үлесін қосты. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, спортшылар арасында тартысты бәсеке өрбіді.

«AMANAT BARYSY» турнирі жас спортшыларға рух беріп қана қоймай, ұлттық спорттың дамуына да серпін беретін маңызды дода ретінде бағаланды.

Турнирде балуандар жігіттік мінезін, шеберлік пен қайратын паш етті. Әр белдесу тартысты өтіп, жанкүйерлерге керемет эмоция сыйлады.

ЖЕҢІМПАЗДАР:

І орын — «AMANAT BARYSY» – Шамшидинов Қайсар (Шардара ауданы) – 500 000 теңге;

ІІ орын – Шорабек Ерсұлтан (Отырар ауданы) – 300 000 теңге;

ІІІ орын – Бекқұлұлы Әлфараби (Бәйдібек ауданы) – 200 000 теңге.

Әлем чемпионы Сәкен Бибосынов туған елге оралды

Дубай қаласында Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған бокстан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Дүбірлі сында Қайрат Сәтжанов бастаған ұлттық құрама 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленді.

Олар:

1-орын: Сәкен Бибосынов (54 келі).

1-орын: Оразбек Асылқұлов (57 келі).

1-орын: Абылайхан Жүсіпов (71 келі).

2-орын: Сабыржан Аққалыков (75 келі).

3-орын: Теміртас Жүсіпов (48 келі).

3-орын: Ертуған Зейнуллинов (63.5 келі).

Түркістан облысысының өрені Сәкен Бибосынов финалда қазақстандық боксшы ресейлік Вячеслав Рогозинді жеңіп, чемпион болды. Осылайша, екі дүркін әлем чемпионы атанып, есімін тарихқа алтын әріппен жазды. Айтулы додада Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғаған түркістандық былғары қолғап шебері Сәкен Бибосынов барлық қарсыласынан басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды.

Әлем чемпионы атанған спортшы мен оның жеке бапкері Мырзағали Айтжанов туған елге оралды. Чемпионды Түркістан жерінде «Түркістан бокс клубының» ұжымы зор қуанышпен қарсы алып, лайықты сый-құрмет көрсетті.

Қарсы алу рәсімінде жиналған жанкүйерлер мен спортсүйер қауым Сәкен Бибосыновтың тарихи жеңісін жоғары бағалап, алдағы уақытта Олимпиада ойындарының да тұғырынан көрінуіне тілектестік білдірді. Бұл жеңіс – тек Түркістан өңірі үшін ғана емес, күллі қазақ спорты үшін үлкен мақтаныш.

Кикбокстен әлем чемпионатында түркістандық спортшы жүлдегер атанды

Абу-Даби қаласында өткен кикбокстан әлем чемпионатында түркістандық спортшы Сарвар Сулайманов ел мерейін асырып, 54 келі салмақ дәрежесінде лоу-кик түрі бойынша қола жүлдеге қол жеткізді.

Биылғы дүбірлі дода өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, 85 мемлекеттен 1964 спортшы қатысып, тартысты бәсеке өрбіді. Осындай мықтылар жиналған аламанда Сарвардың үздік үштікке енуі – үлкен еңбек пен шыдамдылықтың жемісі. Түркістан облысының намысын қорғаған жас спортшының бұл жеңісі өңір спортындағы тағы бір маңызды жетістік ретінде тарихқа енді.

Шардара ауданында дзюдодан дәстүрлі V облыстық турнирдің ашылуы өтті

Шардара қаласындағы спорт кешенінде Ұлы Отан соғысының ардагері Мамадияр Шаймановты еске алуға арналған дзюдо күресінен 2011–2013 жылы туған жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі V облыстық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ашылу салтанатына аудан басшылығы, спорт ардагерлері, бапкерлер, спортшылар мен қонақтар қатысты.

Турнирдің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев жарысқа қатысушы жас балуандарға сәттілік тілеп, дзюдо спортының жасөспірімдер тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Салтанатты жиын аясында аудан спортының дамуына үлес қосқан бірқатар спортшылар «Шардара ауданына 60 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.

Айта кетейік, дәстүрлі турнирге облыстың әр өңірінен келген жас дзюдошылар қатысып, өзара бақ сынады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You