
Бәйдібекте жаңа спорт кешені пайдалануға берілді
Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы Ақбастау елді мекенінде жаңа спорт кешені ел игілігіне берілді. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев қатысып, ауыл тұрғындарын замануи спорт нысанының ашылуымен құттықтады. ҚР Президентінің салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында ауданда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Нысанның құрылысын «Trendim KZ» ЖШС 2024 жылдың тамыз айында бастаған. 1 гектар аумақта орналасқан ғимараттың ауданы 939 шаршы метрді құрайды. Мұнда воллейбол, баскетбол, кіші футбол, күрес, дзюдомен айналысуға барлық жағдай қарастылған. Бұл кешен ауыл жастарының бас қосып, кәсіби спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бүгінде Бәйдібек ауданында 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 3 дене шынықтыру—сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 спорт алаңы бар. Аудан спортшылары биыл түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір намысын абыроймен қорғап келеді. Атап айтқанда, спортшылар тоғызқұмалақ, волейбол және еркін күрес түрлерінен жүлделі орындарға ие болды.
Созақ ауылында заманауи спорт кешені ашылды
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Созақ ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған заманауи үлгідегі «Созақ» спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналған игі шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Салтанатты шарада аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы сөз сөйлеп, ауыл жұртшылығын жаңа спорт нысанының ашылуымен және ел үшін қастерлі Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт кешенінен еліміздің көк Туын әлемдік ареналарда абыроймен желбірететін дарынды спортшылар өсіп шығарына сенім білдірді.
Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар жаңа спорт кешенін аралап, ішкі құрылымы мен көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты.
Айта кетейік, спорт кешенінің жалпы жер аумағы 1,5 гектарды құрайды. Ғимараттың жалпы көлемі – 1356 шаршы метр. Екі қабатты нысанда футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, бокс, күрес және жаттығу залдары орналасқан. Бұған қоса медициналық кабинет, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, қызметкерлерге арналған жеке кабинеттер қарастырылған. Кешен аумағы толық қоршалып, ғимараттың сыртқы фасады заманауи үлгіде қапталған.
Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының, әсіресе, жастардың спортпен жүйелі айналысуына және бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді.
Отырар ауданында жаңа спорт кешенінің тұсауы кесілді
Тәуелсіздік күніне орай Отырар ауданының Шәмші Қалдаяқов ауылында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған заманауи жабық спорт кешені пайдалануға берілді. Кешеннің ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Ұзақов, меценат Әбдімәжит Сыздықбеков, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбай бұл спорт кешені ауыл балалары мен жастарына ғана емес, барлық тұрғындарға арналған маңызды нысан екенін атап өтті.
Іс-шара барысында Отырар аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту – партия жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ меценат ауыл спортының дамуына қолдау көрсету болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашатынын айтып, ел игілігі жолындағы бастамалардың сәтті жүзеге асуына тілектестігін жеткізді. Ауыл ақсақалы Әбсаттар Сатыбалдиев жаңа нысанның ашылуына атсалысқан ел азаматтарына алғысын айтып, ақ батасын берді.
Жаңа кешеннің жалпы аумағы 1474,6 мың шаршы метрді құрайды. Ғимаратта әмбебап спорт зал, мамандандырылған жекпе-жек залдары, спорттық секциялар мен балаларға арналған оқу-жаттығу бөлмелері, футбол, бокс және күрес алаңдары бар.
Сарыағаш ауданында заманауи спорт алаңшасының лентасы қиылды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Сарыағаш ауданында тағы бір әлеуметтік нысан іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту және жастарға арналған спорттық нысандардың қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Құркелес ауылдық округінде заманауи спорт алаңшасы ел игілігіне пайдалануға берілді.
Нысанның ашылу рәсіміне Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, аудан депутаттары, ауыл әкімі және жергілікті тұрғындар қатысты.
Аудан әкімі көпшілікті мерекемен құттықтап, жаңа нысан ауыл тұрғындары үшін қызмет ететінін жеткізді.
– Бұл – мемлекетіміздің жас ұрпақты қолдауға, олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған жүйелі саясатының жарқын мысалы. Спорт алаңшасы балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа қызығушылығын арттыруға үлкен серпін береді. Біз осы алаңдардан болашақ чемпиондардың шығатынына сенімдіміз, – деді Арман Абдуллаев.
Құркелес елді мекенінде салынған жаңа спорт алаңы аудандық бюджет есебінен жүзеге асырылды. Аталған нысанда кіші футболға арналған арнайы алаңша, workout аймағы, сондай-ақ ойын алаңшасы орнатылған. Жобаның құрылысын «Сәулет 2012» ЖШС жүргізді.
Кентау қаласында заманауи спорт кешенінің құрылысы басталды
Ал Кентау қаласында заманауи спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бүгінде нысанда іргетас құю, темір бағаналардың қаңқасын орнату және кірпіш қалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Замануи спорт кешені 2 қабатты. Мұнда үлкен әмбебап спорт залы, күрес және бокс залдары, шығыс жекпе-жектеріне арналған және көркем гимнастика залы, киім ауыстыратын бөлмелер, жуынатын және санитарлық және қызметкерлерге арналған бөлмелер қарастырылған. Кешен толық пайдалануға берілгеннен кейін 1000-ға жуық спортшы жаттыға алады деп жоспарлануда.
Қала әкімі Жандос Тасов құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Қала әкімі нысанның алғашқы кірпішін өзі қалап, құрылысшыларға жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.
Түркістан шаһарында ойын және спорт алаңшаларының инфрақұрылымы кеңейіп, жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр
Түркістан қаласында қазіргі таңда 250-ге жуық ойын және спорт алаңшасы тұрғындарға қызмет көрсетуде. Қала аумағында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз жағдайда ойнауына, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Биыл 40 ойын алаңшасына жаңарту жұмыстары жүргізіліп, олардың жабдықтары толықтай жаңартылды және қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілді. Сонымен қатар, тұрғындар сұранысы мен қала қажеттіліктеріне сәйкес жаңа нысандар салу жұмыстары да қарқын алған.
Осы жылы Түркістан қаласында 9 жаңа ойын және спорт алаңшасы салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Жергілікті тұрғындардың ұсыныстары негізінде Қазыбек би, Алтай, М.Әбенова, А.Жангелдин, Мұғалжар, Ш.Уәлиханов, Р.Дастанова көшелерінде жаңа балалар ойын алаңшалары бой көтерді. Ал Хақназар хан және Ш.Ниязов көшелерінде заманауи футбол алаңшалары қолданысқа берілді.
Барлық нысандардың құрылыс жұмыстары ақпан айында басталып, бүгінде толық аяқталды. Әр алаңша сапа стандарттарына сай жабдықталып, аумағы абаттандырылды және көгалдандырылды. Қауіпсіздік пен қолайлылықты қамтамасыз ету үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым талапқа сай ұйымдастырылған.
Алдағы даму жоспарына сәйкес, 2026 жылға дейін Түркістан қаласының 10 аумағында қосымша ойын және спорт алаңшалары салынып, пайдалануға берілмек.
Түркістан қаласы әкімдігі тұрғындарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға шақырады. Егер ойын немесе спорт алаңшаларында бүліну, бұзақылық немесе ақаулар байқалған жағдайда, 109 байланыс нөміріне хабарласу ұсынылады.
P.S. Бүгінде облыс бойынша 76 спорт ұйымы жұмыс істейді. Онда 59 спорт түрі дамытылып, 2485 жаттықтырушы еңбек етіп, 50500 спортшы тұрақты түрде дайындалып келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
