Түркістан облысының қала-аудандарында «Таза Қазақстан» шеңберінде жаппай сенбілік өтті

Мәселен, Кентау қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасы қаладағы Жастар саябағында өтіп, оған қала әкімі Жандос Тасов, бөлім және мекеме басшылары, мемлекеттік қызметкерлер, жастар мен белсенді тұрғындар қатысты.

Сенбілік барысында саябақ аумағы күл-қоқыстан тазартылып, қураған шөптер орылды, ағаштар мен жасыл желектердің айналасы ретке келтірілді. Қатысушылар қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған игі іске белсене атсалысты.

Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы сенбілікке белсенді қатысқан барша тұрғындарға алғысын білдіріп, туған қаланың тазалығы мен көркеюі әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, тазалық шараларына тұрақты түрде қатысуға шақырды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар Кентау қаласында жүйелі түрде жалғасып, қала аумағын абаттандыру мен көгалдандыру бағытындағы іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты жүргізіледі.

Қазығұрт ауданында да Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігін арттыру.

Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес сенбілік жұмыстары барлық ауылдық округтерде бір мезетте өткізіліп, оған мемлекеттік мекеме қызметкерлері, білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласының мамандары, жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер мен ауыл тұрғындары белсенді қатысты. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов сенбілік жұмыстарының барысын аралап көріп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, тазалық пен тәртіп мәдениетін қалыптастыру әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, мұндай шаралар тұрақты түрде жалғасуы қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ тұрғындарды туған жердің тазалығына бейжай қарамай, қоршаған ортаны қорғауға белсенді атсалысуға шақырды.

Сенбілік барысында аудан аумағындағы көшелер, саябақтар, әлеуметтік нысандардың аумақтары мен арық-атыз жүйелері тазартылды. Қураған ағаштар мен бұталар кесіліп, ретке келтірілді. Сонымен қатар абаттандыру және көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды. Тазалық шарасы барысында жиналған тұрмыстық және құрылыс қалдықтары арнайы коммуналдық техникалардың көмегімен шығарылып, белгіленген полигондарға жеткізілді.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауданның тазалығын сақтау мен қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылады.

Сондай-ақ Ордабасы ауданында да санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және елді мекендердің көркін жақсарту мақсатында кезекті ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы жазғы демалыс аймағында өткен тазалық жұмыстарына 250-ден астам мекеме қызметкері қатысып, аумақты қоқыстан тазарту жұмыстарын атқарды.

Сонымен қатар ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде де сенбіліктер өткізіліп, көшелер, қоғамдық орындар, саябақтар, жол жиектері мен арық-атыз жүйелері тазартылды. Тазалық шараларына 10 арнайы техника жұмылдырылып, аудан аумағынан 120 тонна тұрмыстық қалдықтар шығарылды.

Аудан аумағында тазалық пен санитарлық талаптарды сақтау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсартуға басымдық берілген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You