Түркістан облысының әкімі Әлем чемпионына «темір тұлпардың» кілтін тапсырды

Жуырда Сербияның Нови-Сад қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Әлем чемпионатында әйелдер бәсекесінде Қазақстанның спортшысы Шұғыла Өмірбек әлем чемпионы атанған болатын. 55 келіде сынға түскен түркістандық балуан қыз финалда Түркия спортшысы Туба Демирді 12:8 есебімен жеңді. Әлем чемпионын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.

– Сіздерді тарихи жеңіспен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тек Шұғыланың жеңісі емес, бүкіл еліміздің және Түркістан өңірінің зор жетістігі. Үлкен ерлік және үздіксіз еңбек пен дайындықтың нәтижесі. Сонымен бірге бұл нәтижелер – өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту, дарынды спортшыларды қолдау бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың жемісі. Болашағы жарқын спортшыларды қолдау – біздің басты міндетіміз. Бапкерлерімізге де алғысымды білдіремін. Енді жеңісті жол Олимпиада төрінде жалғасады деп сенеміз. Сәттілік тілейміз, – деген Нұралхан Көшеров Шұғыла Өмірбекті алғыс хатпен марапаттап, автокөліктің кілтін тапсырды.

Чемпионның жеке бапкері Нұржігіт Ерімбетовке де құрмет көрсетіліп, алғыс хат пен қаржылай сыйлық табыс етілсе, Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт мектебінің директоры Дәурен Тәңірбергенов алғыс хатпен марапатталды. Шұғыла мен бапкері қолдау көрсеткен облыс басшылығына ризашылықтарын білдіріп, ендігі меже – Олимпиада ойындары екенін жеткізді. Сол бағытта жаттығуды күшейтіп, шеберлікті шыңдайтындарын атап өтті.

Айта кетейік, Түркістан облысында күрес түрлері, оның ішінде әйелдер күресі қарқынды дамып келеді. Облыстың бұрымды балуандары Азия чемпионаттарында 17 медаль еншілесе, әлем чемпионаттарында 5 медаль олжалаған.

Тақырыпқа орай тағы бір маңызды ақпаратты тілге тиек етсек. 27-30 қазан күндері Түркістан төріндегі «Olympic Center» спорт кешенінде ересектер арасында төл спортымыз – қазақ күресінен Азия чемпионаты өтуде. Түркі дүниесінің рухани ордасына айналған қасиетті Түркістан қаласында ұйымдастырылып отырған сарықұрлық біріншілігінде ерлер мен әйелдер 16 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемге шығып, өзара мықтыны анықтайды.

Байрақты бәсекенің салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.

– Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда ересектер арасындағы қазақ күресінен Азия чемпионаты басталды. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістанның ерекше мәртебесі туралы Заң қабылданды. Соның нәтижесінде өңірді жан-жақты дамыту жұмыстары күшейді. Әсіресе спорт саласына ерекше көңіл бөлініп, жаңа нысандар бой көтерді. Қалада халықаралық жарыстар жиі өтуде. Бүгінгі чемпионат – соның жарқын көрінісі. Қазақ күресі – халқымыздың ұлттық рухы мен батырлық болмысының айнасы. Бүгін Азияның ең мықты балуандары осы киелі топырақта бас қосып, өз өнерін көрсетуде, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Сондай-ақ Qazaq Kuresi қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосынов пен UWW ұйымының бас төрешісі Эдмар Абдулаев құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға жеңіс пен сәттілік тіледі. Биылғы құрлықтық чемпионатқа Азияның 12 мемлекетінен – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Үндістан, Жапония, Иран, Моңғолия, Пәкістан, Непал, Филиппин, Бангладеш және Қазақстаннан 150-ге жуық балуан қатысып жатыр.

Бұл додада ел намысын қазақ күресінің таңдаулы шеберлері қорғайды. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 16 балуан (8 ер, 8 әйел) сынға түседі. Бұл қазақ күресінен өтіп жатқан Азия чемпионатын Qazaq Kuresi қауымдастығы мен Түркістан облысының әкімдігі ұйымдастырып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін облыс орталығында «Turan Barysy», Әлем кубогы, Азия кубогы сияқты ірі халықаралық турнирлер өткізілді. Бүгінде өңірдегі 30 спорт ұйымында қазақ күресі бөлімшелері жұмыс істейді. Аталған мекемелерде 140 білікті бапкер 3 мыңнан аса спортшыны шыңдап жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You