![]()
Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі қала аумағында құрылыс саласының заң талаптарына сәйкес жүргізілуін тұрақты бақылауда ұстап келеді.
Жыл басынан бері жүргізілген мониторинг нәтижесінде 25 заңсыз құрылыс нысаны анықталды. Аталған нысандар бойынша тиісті құжаттар Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына жолданып, заң талаптарын бұзған нысан иелеріне әкімшілік айыппұлдар салынды.
Мамандар қала аумағында заңсыз құрылыс жүргізудің алдын алу және сәулеттік талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдеу қажеттігі ескертіледі.
Бұдан бөлек Түркістан қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жол белгілері мен жол таңбаларын жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі таңда Бекзат Саттарханов даңғылы мен Есімхан көшесі, сондай-ақ №9, №11 және №28 көшелерде жол сызықтарын сызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол бойындағы бағыттаушы сызықтар, жаяу жүргіншілер өткелдері, аялдама аймақтары мен қиылыстардағы қауіпсіздік белгілері жаңартылып, олардың көріну деңгейі едәуір жақсартылуда.
“Сонымен қатар, жол таңбаларын жаңарту жұмыстарымен қатар асфальт жабындарын қалпына келтіру және күтіп-ұстау шаралары да атқарылуда. Жол инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен қала аумағының өзге де көшелерінде жалғасатын болады”, — дейді жауаптылар.
Қалалардың тұрақты дамуы ең алдымен заң талаптарының сақталуына және қауіпсіз әрі қолайлы инфрақұрылымның қалыптасуына байланысты. Сондықтан Қазақстанда құрылыс саласын цифрландыру мен заңсыз құрылысқа тосқауыл қою, сәулеттік талаптарды күшейту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала құрылысы кезінде заң үстемдігін қамтамасыз ету, сапасыз және заңсыз құрылысқа жол бермеу, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын бірінші орынға қою қажет екенін бірнеше рет атап өткен. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістанда заңсыз құрылыс нысандарына бақылаудың күшеюі, жол белгілері мен таңбаларының жаңартылуы және көлік инфрақұрылымының кезең-кезеңімен жетілдірілуі – заманауи әрі қауіпсіз қала қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі. Мұндай шаралар сәулеттік тәртіпті нығайтып қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, тұрғындар мен туристер үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға да ықпал етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
