Түркістанда жаңа спорт кешендері ел игілігіне беріледі

Loading

Түркістанда бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Жақын күндері қаладағы екі жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп, балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына жаңа мүмкіндік ашылады. Осыған орай Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының аяқталу барысымен және кешендердің пайдалануға дайындығымен танысты.

Қала басшысы алдымен Баянауыл шағынауданындағы Қобыз көшесінде орналасқан ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт кешенінде болды. Мұнда балалардың спортпен еркін әрі жүйелі айналысуына қажетті жағдай қарастырылған. Нысанда заманауи жаттығу залы, үстел теннисіне арналған орындар және бейімделген спорттық инфрақұрылым бар. Бұл кешен ерекше балалардың дене белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың әлеуетін ашып, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретін маңызды орталыққа айналмақ.

Бұдан кейін қала әкімі Теріскей көшесіндегі жаңа спорт кешенінің дайындығын тексерді. Мұнда күрес және бокс залдары, футбол мен әмбебап ойын алаңдары, заманауи жаттығу залы қарастырылған. Кешен спорттың бірнеше түрін дамытуға мүмкіндік беріп, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.

Нысандарды аралау барысында жауапты сала басшыларына құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау тапсырылды. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігі, санитарлық талаптардың сақталуы және спорттық құрал-жабдықтардың толық жарақтандырылуы назарға алынды.

«Спорт кешендерінің саны ғана емес, олардың шын мәнінде балалар мен жастарға қажет, күн сайын есігі ашық, өмір қайнап тұратын орынға айналғаны маңызды. Құрылыс барысында нысанның сыртқы көрінісінен бұрын, оның ертең халыққа қалай қызмет ететініне мән беруіміз керек. Сондықтан қауіпсіздік пен сапаға, әрбір детальға мұқият қарауды тапсырдым», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Қала әкімі жастардың спортпен айналысуына жасалған әрбір жағдайды Түркістанның болашағына салынған нақты инвестиция ретінде бағалады. Себебі спорт инфрақұрылымының дамуы салауатты ұрпақ қалыптастырумен қатар, балалар мен жасөспірімдердің қабілетін шыңдап, болашақ чемпиондардың тәрбиеленуіне жол ашады.

Бүгінде Түркістан қаласында тұрғындарға қызмет көрсететін 265 спорт нысаны бар. Оның ішінде 2 спорт сарайы, 3 стадион, 5 спорт кешені, 6 жүзу бассейні және 18 теннис корты жұмыс істеп тұр. Жаңа екі кешеннің іске қосылуы қаладағы спорт инфрақұрылымын одан әрі кеңейтіп, тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолжетімділікті арттыра түспек.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You