Түркістандық жасөспірім теннисшілер шеберлік сабағын алды

Түркістан қаласындағы теннис орталығында Қазақстан теннисінің үміт күттіретін жас өкілі, 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлемнің 9-шы ракеткасы, түркістандық Заңғар Нұрланұлының қатысуымен шеберлік сабағы ұйымдастырылды.

Іс-шараға Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров арнайы қатысып, жас спортшыларға ізгі тілегін білдіріп, олардың алдағы жарыстарда биік нәтижелерге жететініне сенім білдірді.

Шеберлік сабағы барысында жас теннисші қатысушыларға ойын техникасының негізгі қыр-сырын үйретіп, кәсіби машықтарын бөлісті. Ашық форматта өткен кездесуде жасөспірімдер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, спорттық мансапқа қатысты нақты әрі пайдалы кеңестер алды.

Іс-шара тек спорттық шеберлікті шыңдаумен шектелмей, тәртіп пен жауапкершілік мәселелерін де қамтыды. Кездесу барысында «Заң мен тәртіп» қағидатының маңыздылығы атап өтіліп, табысты спортшы болу үшін қажырлы еңбекпен қатар жоғары мәдениет пен ішкі тәртіптің қажет екені айтылды.

Мұндай мазмұнды кездесулер жас спортшылардың кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, олардың спортқа деген қызығушылығын күшейтіп, патриоттық рухын қалыптастыруға ықпал етеді.

Шара соңында қатысушылар «Таза Қазақстан» бастамасы аясында теннис орталығы аумағына ағаш отырғызып, экологиялық акцияға белсене қатысты. Бұл игі іс жас буынның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, шараның тәрбиелік мәнін одан әрі тереңдете түсті.

Атап өтерлігі, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров талантты жас теннисші, 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлемнің 9-шы ракеткасы, Аустралия және АҚШ-тың ашық чемпионаттарының жасөспірімдер арасындағы жартылай финалисі, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Заңғар Нұрланұлын қабылдады. Кездесуде облыс әкімі жас спортшының жетістіктерін жоғары бағалап, жылы лебізін білдірді.

– Аустралия, АҚШ және өзге де елдердегі сайыстардағы жетістіктеріңізге қуанып отырамыз. Түркістан жұртшылығы ғана емес, бүкіл қазақ елі өзіңізді мақтан тұтады. Біз талантты бауырымызды қолдауға әрқашан дайынбыз. Алдағы сайыстарға сәттілік тілеймін. Үлкен дулыға турнирлерінде топ жарып, Надаль, Федерер сынды жұлдызға айналуыңызға тілектеспіз. Түркістан – тарихи әрі қасиетті өңір. Дүние жүзінде екінші Түркістан жоқ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен Түркістанды дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Инфрақұрылым дамып, ғимараттар, спорт нысандары салынды. Осы спорт кешендерінен өздеріңіздей мықты спортшылар шығады деген ойдамыз, – деген Нұралхан Көшеров спортшы мен оның әкесі әрі менеджері Нұрлан Момбековке құрмет көрсетті.

Заңғар Нұрланұлы алдағы жоспарлары туралы баяндады. Аустралиядағы додада алған жарақатын емдеп, бір ай тыныққан сайыпқыран жаттығуын қайта бастап, халықаралық жарыстарға қатысуды көздеп отыр.

– Мақсатым – еліміздің атын шығарып, Туымызды желбірету. Шетелде жүріп, сіздердің, жанкүйерлеріміздің қолдауын сезініп жүрмін. Алғысымды білдіремін, – деген Заңғар облыс әкіміне өзінің қолтаңбасы қойылған теннис ракеткасын тарту етті.

Теннисшінің әкесі әрі көмекші-менеджері Нұрлан Момбеков: «Заңғарды жан-жақты дамытып, шеберлігін шыңдау үшін 6 жылдан бері Еуропада тұрып жатырмыз. Баламыз «Түркістан теннис клубы» мемлекеттік мекемесіне тіркелген. Бүгінде әлемдік деңгейдегі сайыстарға қатысып, ел намысын абыроймен қорғап келеді. Рыбакинамен дос, кеңестерін тыңдап, бір-бірін қолдап жүреді. Сыртта жүрсек те, туған өлкеміздің, Түркістан өңірінің жаңалықтарын бақылап, тілектес болып отырамыз. Жақсы жұмыстар жүріп, үлкен өзгерістер болып жатыр. Қасиетті қалаға тағы да бір келіп, рухани серпілуді жөн көрдік. Қолдауларыңызға рахмет. Біздің алдымызда үлкен мақсаттар мен атқарылатын жұмыстар көп. Ересектер додасына өту, Олимпиада ойындары және өзге де додаларда еліміздің намысын қорғауға күш саламыз», — дей келе, қазақ спорты дами беретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында әлемдегі үздік 10 теннисші қатарына енген тұңғыш қазақ спортшысы. Халықаралық турнирлердің жеңімпазы әрі жүлдегері саналады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You