Түркістандық кітапханашылар Бейжің кітапханасының тәжірибесімен танысып қайтты

Биыл Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылына орай Бейжің қаласында ауқымды іс-шаралар өткізілді. Осы бағытта Түркістан облысының мәдениет және туризм саласы өкілдері арнайы Қытай астанасына барған болатын. Соның ішінде облыстық кітапхана басшылығы Қытай Ұлттық кітапханасына арнайы барып, сондағы тәжірибемен танысты.

«Бұл кітапхананың кереметін айтып жеткізу мүмкін емес. Үш қабатта бір мезетте шамамен 500 мыңдай оқырман толып отыр. Бұл — бір. Ал екіншіден, мұнда шыбын ызыңы естілетіндей тыныштық орнаған. Үшінші ерекшелігі – оқырманға қызметті пайдалану үшін өте қолайлы жағдай жасалған. Барлығы да — автоматты жүйеде. Кітапханадағы әдебиетті таңдап алып, оқырман билетімен кітапты өздері алып кетеді екен. Ол үшін кітап алу терминалдары өте көп орналасқан. Сонымен қатар ұлттық киімімізге қытайлықтар таңданыспен қарап, қайдан келгенімізді сұрап жатты. Қазақстанды біле бермейді. Алайда Димаш пен Головкин арқылы таниды екен. Қытай елі оқитын ұлт екеніне көзіміз жетті. Жалпы оқитын ұлтқа айналу — кезек күттірмейтін мәселе. Кітап оқу керек!» — дейді Жанат Шардарбекова.

Кітапхананы Чинг әулеті (1644-1912 жылдары) 1909-1912 жылдар арасында Бейжің қала орталығына салған. 2004 жылы цифрлық бастама басталып, ондағы мұрағат интернет ортасына көшірілді. Бүгінде қор жыл сайын артып отыр. 2016 жылдың мәліметіне сүйенсек, мұнда 115 тілде материал бар. Ең байырғы тарихи туынды – осыдан 3 мың жыл бұрын тасбақа қабығына жазылған жазу.

Азияның ең үлкен кітапханасы саналатын Қытай Ұлттық кітапханасында 35 миллионнан астам кітап, қолжазба және тарихи коллекция бар. Жыл сайын 5 миллионнан астам оқырман келеді. Әлемнің санаулы руханият ордасы 140 мың шаршы метрлік алаңға салынған. Классикалық туындылар жиналған ғимарат пен оқу залдары бір-бірінен бөлек. Келушілерге ашық бөлімі футуристік сәулет стилімен назар аударады. Ғимараттың ішкі дизайны да қабат-қабат оқу залдары түрінде жобаланған.

Ғасырлар бойы тарихшылар үшін де, саяхатшылар үшін де жұмбақ ел болып келген Қытайға саяхаттың қайталанбас әсерлерге толы болатыны түсінікті. Ал Қытай кітапханалары қызықты архитектураға толы ақпараттық, интеллектуалдық және мәдени орталықтарымен, кең әрі жарық оқу залдарымен, оқырмандардың қорларға ашық түрде қол жеткізетіндігімен тіптен ерекше екен. Шыны әйнектен жасалып, жарық та ашық кеңістікке толы, соңғы технологиялық үлгідегі құрылғылармен жабдықталған кітапханаларының ғимараттарын «ашық кітап» деуге болар.  Заманауи автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйелер, көтергіштер, электр қуатын қамтамасыз ету, өрт сөндіру, қорлардың сақталу жүйесі, заманға сай жиһаздар және өзге де көптеген ерекшеліктер бірден көзге түседі. Кітапханалардың барлығынан байқалатыны — өздерінде өңделген ақпараттық ресурстардың мол таңдауының, әлемдік ақпараттық агенттіктердің мәліметтер базасына қол жеткізу мүмкіндігінің болуы. 
Қытайдың Ұлттық кітап­ханасының тарихы сонау Цин әулетінің (1644-1911 жылдар) соңғы императоры Пу И 1909 жылы қыркүйекте құрған күннен бастау алады екен. Бүгінде оның көлемі 250 шаршы метрді алып жатыр. Ол Вашингтондағы конгресс кітапханасы мен Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасынан кейін әлемде үшінші орынға ие. Ал кітапхана коллекциясы жөнінен әлемде бесінші орынға шығып отыр. Қытай Ұлттық кітапханасының жалпы қоры 9,4 миллион басылымнан тұрса, жыл сайын 600-700 мың басылымға толығып отырады. Олардың ішінде Шан династиясы заманындағы (б.з.д. 16-11-ші ғасырларда) аңдар­дың сүйегіне және тасбақа қабыршағына жазылған ежелгі жазбалар да бар. Арнайы қоры 1 миллион­нан астам сирек кездесетін кітаптар, ежелгі атластар, әйгілі адамдардың қолжазбалары, тарихи құжаттардан тұрады.

Ұлттық сандық кітапхана болып есептелетін Қытай ұлттық кітапханасын стратегиялық маңыз­ға ие ұлттық мәдени инженерия деуге болады. Әлем бойын­ша қытай тіліндегі ең ауқымды цифрлы ақпарат кешені мен қызмет көрсету кешеніне айналуды мақсат тұтатын бұл нысанның тек Қытай еліне ғана емес, бүкіл дүние жүзіне цифр­лы ресурстар бойынша қызмет көрсете алатыны таңдандырды.  

Бүгінгі күннің даму талабына сай болу мақсатында Қытай кі­тап­ханасы дәстүрлі қызмет көрсету мен цифрлы қызмет көрсе­туді өзара үйлестіріп, іздеу, оқу, сұрау, жинау, интернетте қыз­мет көрсету жұмыстарын ұштас­тырған. Оқырмандардың білгісі кел­ген ақпаратын жедел түрде тауып алуы үшін толықтай компью­термен жабдықталып, сұрал­ған кітаптың қай сөреде тұрға­нын көрсетіп беретін зерделі жаб­дықтар орнатылған. Сондай-ақ оқырмандардың электронды басылымдарды оқуына мүмкіндік жасау мақсатымен, қолға ұстайтын электронды оқу жабдықтары әзірленген. Көру қабілеті шектеулі жандарға арнаулы қызмет көрсету аумағы бар. Ұлттық кітапхананың ұялы телефон қызмет платформасы оқырмандардың ұялы телефондарына қажетті ақпаратты жеткізіп және қабылдап тұрады. 

Қытайдың астаналық кітап­ханасы Андингмен қақпасының оңтүстік-батысында, конфуци шіркеуінің батысында орналасқан. Бұл кітапхананың негізі 1913 жылы астаналық көпшілікке арналған кітапхана ретінде қаланған. Оған дейін ол әйгілі Император академиясы (Guozijian) болатын.

Аталған кітапхананың тарихы ұзақ әрі күрделі. 1924 жылы астаналық көпшілік кітап­хана мен Митрополит кітапха­на­сының бір бөлігі Импера­торлық академиясының Туай аллея­сының жанындағы Xuanwumen қақпасының жанына ауыстырылды. Бұрынғы кезде кітапханалар қарапайым халық үшін маңызды болып есептелмеген. Сол себепті де бастапқыда кітап қоры аса жи­нақталмаған. Алайда, бірнеше рет орнын және атын ауыстыруының арқасында оның қоры да ұлғая түскен. Бірнеше онжылдықты артқа тастап кітапхана коллекциясы 110 мың томға жеткен.

Тәжірибе алмасу барысында бұл кітапханада отбасылық және балаларға арналған зал бар екенін байқадым. Ол залдарға балалар ата-аналарымен бірге бара алады. Балалар интернетті бір сағат қана пайдаланады. Интернетте көп оты­рудың зияндылығы ескерілген бо­луы керек. Сонымен қатар 24 орынды 3D кино залы жұмыс істейді. 

«Тәжірибе алмасу барысында біздің кітапханаларға радиожиілікті сәйкестендіру технологиясын белсенді түрде енгізу қажеттігін түсіндім. RFID-технологиясын қолдану оқырмандарға қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтермек. Қазақстанда RFID-технологиясы отандық бағдарламалық өнім негізінде енгізіліп жатыр. Бұл жүйе оқырмандарға кітапханашының көмегінсіз өз бетінше кітап алып, оны тапсыруға мүмкіндік береді. Міне, осындай жаңашылдықтарды енгізе отырып, біздің кітапханалар да заманауи талаптарға жауап беретініне сенім мол» — дейді Түркістан облысынан барған кітапханашылар.

Айта кетейік, ҚХР астанасында өткен халықаралық туристік көрмеде өңірдің тарихы, мәдениеті және туристік потенциалы таныстырылды.

2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған сапарының нәтижесінде «2024 жыл – Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы» болып жарияланған-ды. Осыған орай, Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылының ресми ашылуы болды. Халықаралық жиынға Қазақстанның делегациясы келіп қатысты. Құрамында Премьер-Министрдің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ әкімдіктердің, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері мен 150-ден астам мәдениет қайраткерлері бар.

Еліміздің 17 облысы стендерінде өз өңірлерінің тарихын, мәдениетін және туристік әлеуетін кеңінен таныстырды. Түркістан облысының делегациясы жоғары дайындықпен жасаған ақпарат алаңы қытайлықтар мен іс-шара қатысушыларының назарын аудартты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің арнайы макеті, «Жер ана» инсталяциясы, қазақтың алып батырлары көптің таңдайын қақтырды. Келушілеріге қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдар, облыстың туризм бағытын қамтыған үнпарақтар, брендтік өнімдерді ұсынды. Атап айтқанда, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы, «Karavansaray» кешені, «Turan tour» туристік операторы, облыстық қолөнершілер ассосациясы белсене атсалысуда. Бұл іс-шаралар Қазақстанның әр аймағының туризмімен таныту, туристер алмасу, тәжірибемен бөлісу тұрғысынан өте маңызды.

Халықаралық туристік көрме аясында «Туризм және инвестицияны дамыту» атауымен форум және екі панельдік сессиясы өтті. Сондай-ақ екі елдің туристік операторларының байланыс орнатып, Түркістанға туристерді тарту бойынша В2В кездесулер ұйымдастырылды. Онда меморандумдарға қол қойылып, ақпарат алмасты. Саланы бірлесіп ілгерілету жайында да келіссөздер жүргізді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin