Түркістан облысы: Отырар ауданында әскери борыштарын өтеуге тиісті жастарды салтанатты жағдайда әскер қатарына шығарып салу рәсімі өтті

Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы тағатсыздана тосып, армандаған тәуелсіздікке қол жеткізілген 1991 жылдан кейінгі 1992-1993 жылдар еліміздің тарихында алтын әріппен жазылатындай ерекше елеулі оқиғаларға толы болды. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның Қарулы күштері құрылып, бұл күн бұрынғы Кеңес Одағының әскері мен әскери күні деп мерекеленетін 23 ақпанның орнын алмастырды.

Иә, тәуелсіз елімізге тірек болу, оның шекарасы мен тыныштығын кірпік қақпай күзету елжанды әрбір азаматтың қастерлі де қасиетті борышы. Елімізде әр жыл сайын көктемде және күзде осындай қасиетті азаматтық борыштарын өтеуге тиісті жастарды салтанатты жағдайда әскер қатарына шығарып салу рәсімі өтіп жатады.

Дәл осындай игілікті іс-шара бүгін аудандық Мәдениет сарайының кең залында ортаға ту әкелініп, мемлекеттік әнұранның асқақ әуені шырқалынған жағдайда аталып өтті. Шарда аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, тәрбие-идеологиялық және әскери жұмыстар басқармасының бастығы, подполковник Жандос Күлдербаевтар құттықтау сөз айтып, әскер қатарына аттанғалы отырған ел тірегі жастарға ақ жол, сәтті сапар тіледі.

Жиында еліміздің Қарулы күштерінің қатарын отырарлық жастармен толықтыруда елеулі еңбек сіңіріп жүрген Айдос Құлмаханұлы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің Алғыс хатымен марапатталса, аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың атынан әкімнің орынбасары бір топ лайықты азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.

Ер жігіттерді әскер қатарына шығарып салу жиынында сондай-ақ ауған соғысының ардагері, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры Жангелді Махашов сөз алып, ізгі ниетті жылы лебізін білдіріп, ауған соғысының белсенді қатысушысы, генерал-лейтенант, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевтың Алғыс хаттарын тапсырды.

«Қазақтың жігіттері», «Қазақстан», «Сарбаздар маршы» секілді қанды қыздырып, намыс пен жігерді жанитын асқақ үнді патриоттық әндер шырқалған басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев болашақ сарбаздарға мағыналы да мәнді сөздері арқылы сәттілік тіледі. Салтанатты жиында «Айбынды жастар жаңа Қазақстанның тірегі» атты тақырып аясында арнайы бейнебаян көрсетіліп, автоматты шашып, шапшаңдықпен қайта жинап, құрастырудан көріністер көрсетілді. Сөйтіп мағыналы жиын ойдағыдай қорытындыланды.

Реті келгенде еске салар жайт, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2022 жылғы наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» 2022 жылғы 4 наурыздағы Жарлығына сәйкес, 1 қыркүйектен бастап елімізде күзгі әскерге шақыру кезеңі басталды.

«Облыстық, қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жергілікті атқарушы органдар әкімдері орынбасарларының басшылығымен жұмысқа кірісіп кетті. Әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Төрт ай ішінде Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатары 18-27 жас аралығындағы 18 мыңға жуық жаңа буынмен толықпақ. Оның ішінде 8 мыңға жуық жас Қарулы күштердің қатарына қосылып, 6 мыңнан астам бозбала Ұлттық ұланға, 3 мыңнан астам адам Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 300-дей жас Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелеріне және 100-ге жуық азамат Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылады», — делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінде.

Сонымен қатар, әскерге шақыру SMS-хабарламалар немесе үйіне және жұмыс орындарына дербес шақырту қағаздарын жіберу арқылы жүзеге асырылады. Бұл шараларды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып, оның іске асуын қамтамасыз етеді. Облыс, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары әскерге шақыру комиссияларын басқарады. 7 қыркүйектен бастап жаңа құрамалар жинау пункттерінен әскери бөлімдерге жіберілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.