Түркістан облысы: Сарыағаш ауданында түйе шаруашылығын дамыту ісі жанданып келеді

Бүгінде Сарыағаш ауданының шаруалары ерекше шаруа түрі — түйе өсіруді қолға алып, қазіргі таңда жандандырып келеді.

Солардың бірі — Сарыағаш ауданының Құркелес ауылдық округі құрамындағы Ақ үй елді мекеніндегі жеке кәсіпкер Е.Алтаев. Жеке кәсіпкер алғашында 2 түйеден шаруа бастап, бүгінде түйе санын 25-ке жеткізіп отыр. Сонымен қатар, бастаған шаруаны отбасылық кәсіпке айналдырып, жұбайы түйе сауып, кәсіптерін дөнгелетіп отыр. Бүгінде түйе сауып, тәулігіне 20 литрден аса қымыран алып отыр.

Түйе түлігі негізінен жайылымда бағылып, күтімді, құнарлы азық пен құрылысы күрделі, жылы қора-жайды аса қажет етпейтіндіктен, басқа ауыл шаруашылығы малдарымен салыстырғанда, тиімді сала болып табылады.

Ежелгі көшпелі халықтың негізгі көлік қатынасы болған түйе жануарының адамға пайдасы орасан. Әсіресе, жүк тасуға таптырмас түлік. Шұбатының ағзаға емдік қасиеті болатыны да дәлелденген. Алайда бүгінде Ойсылқара түлігін өрістетуге мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінбей отырғаны түйекештерді толғандырып жүр. Қазір елімізде түйе шаруашылығымен санаулы өңір ғана айналысады. Соның ішінде түйе жануары Түркістан, Маң­ғыстау және Қызылорда облысының табиғатына бейім. Шөл және шөлейтті жерлерде апталап су ішпей, ащы шөп­термен қоректенетін түйелерге айтар­лықтай бап та керек емес.

Мемлекет басшысы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздің негізгі ресурсы ретінде ауыл шаруашылығын атап, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын, ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар екенін айтып өткен болатын. Осы орайда қала мен ауылды дамытудың берік негізі ретінде шағын және орта бизнес екені айқындалды. Бұл ретте, Қазақстанда, оның ішінде батыс өңірлерде ауыл шаруашылығының маңызды бір саласы түйе шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Қазақстанда түйе шаруашылығымен еліміздің батыс және оңтүстік өңірлеріндегі шаруашылықтар айналысады. Табысы шаш етектен түйе жануарының өсірудің маңызы зор. Бұл ретте, түйе етінің, жүні мен сүтінің өндірілуіне ерекше маңыз беріліп, қолдау көрсетілуде. 

Қазақ төрт түліктің төресі санаған түйені өсіруге шөлді және шөлейтті аймақтар қолайлы болғандықтан, еліміз бойынша өсірілетін түйе басының 82%-ы Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Түркістан облыстарында шоғырланған. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында —  82 171 бас, Қызылорда облысында — 53 203, Атырау облысында — 35 024, Түркістан облысында — 34 673, Ақтөбе облысында — 19 665, Алматы облысында — 8 581, Жамбыл облысында — 7 932, Батыс Қазақстан облысында — 2 300 бас түйе бар.

Әлемде түйе сүтін өндіру — перспективалы бағыттардың бірі. Қазақы түйе сүтінің сапасы мен майлылығы жоғары екенін тіпті шетелдік мамандардың өзі мойындады. Соңғы жылдары Қазақстанда да құрғақ түйе сүтін шығаратын шаруашылықтар пайда болды. 

Атап айтқанда, республика бойынша түйе сүтін өндірумен 200-ден астам шаруашылық айналысады. Ғылыми негізделген физиологиялық нормаларға сәйкес, шұбат пен қымыз өнімдерін қоса алғанда, жан басына шаққандағы тиімді нормасы 10 келіні құрайды. 2019 жылы елімізде 44,4 мың тонна шұбат пен қымыз өндірілген, яғни жан басына шаққанда 2,5 келіден ғана келеді. Бұл аталған саланы әлі де дамыту қажеттігін көрсетеді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 11 қыркүйегінде Қытай еліне ресми сапарында екі ел арасында экспортталатын сүт өнімдеріне және жүн шикізатына қойылатын ветеринариялық-санитариялық талаптар туралы хаттамаға қол қойылды. Осылайша, Қытай дайын өнімді экспорттаушылар тізіліміне тіркелді. Сол кезден бері Қазақстанда түйе сүтінен дайындалған ұнтақтың 24,84 тоннасы экспортқа шығарылып келді. Бірақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 короновирус пандемиясын жариялануына байланысты, Қытайға экспортталған өнім дүкен сөрелерінде тұрып қалды. Зауыттың құрылтайшы кәсіпорындары дайын ұнтақты сатып алмауына байланысты, өндірілген дайын түйе сүтінің 41,55 тонна ұнтағы экспортқа шығарылған жоқ.

Адам ағзасына тез сіңетін түйенің еті аса құнарлы, онда бірқатар пайдалы элементтер бар. Қазақстанда жылына 6,7 мың тонна түйе еті өндіріледі. Түйе сүтімен салыстырғанда, түйе етін өндіру экономикалық тиімділігі жағынан өте төмен, себебі, түйенің етін тұтынатындар саны аз. Сондықтан Қазақстанда түйе шаруашылығында негізінен сүт өндіру бағытына басымдық беріледі және түйе еті экспортқа шығарылмайды.  

Түйе малынан алынатын бағалы өнімнің бірі — оның жүні. Түйенің жүні мен түбіті шетелдік өнеркәсіптерде жоғары бағаланатыны белгілі, әсіресе, түйе жүнінен жасалған көрпелер жылуды жақсы сақтайтын болғандықтан, жоғары сұранысқа ие.

Қазақстандағы түйе шаруашылығы бойынша 12 кәсіпорынның 4-уінің биязы жүнді өңдеуге мүмкіндігі бар. Ал қалған кәсіпорындар кеңес заманынан қалған, жабдықтары мен технологиялары жаңғыртуды талап ететін етік қақтау фабрикалары (негізгі өнімдері: пима, ұлтарақ, киіз). Сондай-ақ былғары шикізатын өңдеумен 10 кәсіпорын айналысады. 

Елімізде негізінен биязы жүн өңделеді, қылшық жүнді өңдейтін заманауи технологиялар жоқ. Сондықтан, негізінен мысалы, иірімжіп, мата және кілем тәрізді қылшық жүннен жасалған тауарлар импортталады. Бұл ретте, шикізат сапасының нашар болуы да түйе жүнін өңдеуге өз әсерін тигізуде.

Осы ретте өңдеу өнеркәсібінің дамуының негізгі тежеуші факторларының бірі түйе басының ұсақ шаруа қожалықтарында шоғырлануы және ветеринарлық жағдайдың сақталмауынан сапалы шикізаттың жетіспеушілігі болып отыр. Сонымен қатар, мал басының 56%-ның жеке қолда болуына байланысты, ветеринарлық талаптардың орындалмауы, селекциялық-асыл тұқымдандыру жұмыстарына тиісті назар аударылмауы, теріні механикалық жолмен сыпыру тәсілінің жоқтығынан оның сапасының нашар болуы былғары шикізатының сапасының төмендеуіне әкеп соғады. 

Бұдан басқа, кәсіпорындардың шикізат сатып алу үшін айналым қаражатының болмауы да қолбайлау. Мәселен, қуаттылығы 80% болу үшін кәсіпорындардың шикізатты тұтыну көлемі 2,6 млрд теңгені құрауы тиіс.

Сонымен қатар кепілдікті қамтамасыз етуді талап ететін несиелерге қатысты, кепілдікті қамтамасыз етудің, яғни, қолданыстағы қаржылық бағдарламалардың икемді шарттарының болмауы өз әсерін тигізуде. Кепіл ретінде экспорттық келісімшарттар қарастырыла алмайды. 

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 23 шілдеде бекітілген «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» №317 бұйрығының аясында жүн дайындау пункттерін, жылжымалы қырқу пункттерін, қойларды электромеханикалық қырқуға арналған құралдарды субсидиялау көзделген. Бұдан басқа, аталған Инвестициялық субсидиялау қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізілуде. Бұл қағида бойынша тері мен жүнді бастапқы өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды құру және кеңейту қарастырылған. 

Сонымен қатар, мал еті, сүті, жүні және былғары шикізаты бойынша дайындау жүйесін ұйымдастыруда 2016 жылдан бастап дайындау ұйымдарына қосылған құн салығының сомасын субсидиялау бойынша бюджеттік бағдарлама іске асырылуда. Бұл бағдарлама ет, сүт, жүн және былғары шикізаты бойынша дайындау ұйымдарының қызметін реттеуге және заңдастыруға бағытталған, «бірінші ҚҚС» және дайындау ұйымдарының ашықтығы мен айқындығы мәселесін шешеді. 

Бұдан басқа, Ауыл шаруашылығы министрлігі өз құзыреті шеңберінде тері өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар қабылдады. Соның ішінде  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қолданыстағы «Бірлік» несиелеу бағдарламасына өзгерістер енгізді, қазіргі уақытта бағдарлама іске асырылуда.
Шөлге шыдамды, жайсыз климатқа бейім, күй талғамайтын қазақы түйелерді жетілдіру үшін оның тұқымын асылдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстанда асыл тұқымды түйелер саны биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 16,8 мың басты құрайды. Оның ішінде қазақ бактрианы — 6,7 мың бас, аруана тұқымдас түйелер — 10,1 мың бас. 

Ауыл шаруашылығында малдың азық қорын қамтамасыз ету бойынша,  Қазақстанда 184,5 млн га жайылым бар, оның ішінде 94,3 млн га жер пайдаланылады. Атап айтқанда, 73,4 млн га жерді ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер пайдаланса, 20,9 млн га — елді мекендердің жайылымдық жерлері болып саналады.

Қазіргі уақытта 90,2 млн га жайылымдық жер пайдаланылмайды, оның 75 млн га бос жерде, 17,8 млн га басқа санаттағы жайылымдарда орналасқан. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен шаруа қожалықтарының иелігінде 3,146 млн га жер бар. Жалпы, шартты алғанда, ауыл шаруашылығындағы мал басы үшін 26,3 млн га жайылымдық жер қажет, ал қолда бар жайылым қоры 47,1 млн га құрайды.

«Түйе шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары қандай?» деген мәселеге ойыссақ. Қазіргі кезде Ойсылқара түлігін өсірумен айналысатын шаруашылықтарды бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Сонымен қатар түйе шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің өндірген өнімдерін өткізу нарығы қамтамасыз етілген.         

Түйе шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдау мақсатында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары қарастырылған. Бұл қағидаларға сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге асыл тұқымды тұқымдық түйелер сатып алу үшін, сатып алынған мал басына 100 мың теңгеден, және түйе сүтін өндіру және өңдеу құнын арзандату мақсатында оның 1 келісі үшін 55 теңгеден субсидия төлеу қарастырылған. 

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізуде. Осы енгізіліп жатқан өзгерістерге сәйкес, аналық түйенің азығына жұмсалатын шығындар құнын арзандату үшін, жергілікті бюджеттен осы бағытқа қаражат бөлінген жағдайда, аналық басына 20 мың теңге көлемінде субсидия төлеу қарастырылды.

Сонымен қатар, инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығымен бекітілген Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары аясында  етті бағыттағы ауыл шаруашылығы малын өсіруге арналған техника мен жабдықтарды сатып алу (жылқы шаруашылығы, қой шаруашылығы, түйе шаруашылығы) жобасының паспорты қарастырылған. Инвестициялық салымдарды өтеу үлесі ауыл шаруашылығы техникасы құнының 25%-ын құрайды. Сонымен бірге, жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал өсіретін шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету (құдықтар, ұңғымалар) жобасының паспорты қарастырылған. Иинвестициялық салымдарды өтеу үлесі — 80%.

Бұдан басқа, түйе шаруашылығын дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге «КазАгро» холдингінің еншілес компаниялары арқылы жеңілдетілген несиелер беру бағдарламалары жүзеге асырылады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша фермерлерді қаржыландыруға бөлінген 100 млрд теңгенің қазіргі таңда 6,5 млрд теңгесі игерілді.  

Мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мал сатып алуға берілетін несиенің кепілдік саясатын өзгертті. Сонымен қатар, фермерлік шаруашылықтардың несие алу өтініштерін қарау мерзімі оңтайландырылды.

Айта кетейік, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы салаларын несиелендіру жұмыстарын жалғастыруда. Мұндай несие мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтауға және кәсіпкерліктің басқа да түрлеріне беріледі. Несиенің жылдық мөлшері — 6%, тиімді сыйақы мөлшері 6,7%-дан аспайды, мерзімі — 6,5 жылға дейін. 2 жылға дейін жеңілдік мерзімі бар, одан кейін негізгі қарыз қайтарылады. Сонымен қатар Қор кәсіпкерлерге ыңғайлы кепілдік саясатын ұсынады:  ауылдық жерлердегі несие алушы жылжитын және жылжымайтын мүлігін кепілдікке қоя алады. Несие беруді тездету үшін барлық жағдай қарастырылуда, осы мақсатта «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өтінімдерді қарастыру  мерзімі мен тиісті құжаттарды қабылдау уақытын қысқартады.

Бұдан басқа, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ «Еңбек» бағдарламасы бойынша несиелік өтінімдерді қарау мерзімін 11 күннен 4 күнге дейін қысқартты.

Елдегі бүкіл түйенің үштен екісі үш өңірге тиесілі.

Биылғы бірінші жартыжылдықта республикада 282,3 мың түйе болды, бұл бір жыл бұрынғыдан 4,4% көп.

Өңірлер бойынша ең көп түйе Маңғыстау облысында тіркелді: 89 мың, бір жылда 4,2% көбейген. Екінші және үшінші орында Қызылорда (63,7 мың түйе) және Түркістан (42,7 мың түйе) облыстары орналасқан. Осы үш өңірде республикадағы жалпы түйенің 69,2%-ы бар.

Түйелердің өлу көрсеткіші алты айда 16,3% төмендеп, 374 болды. Биыл мұндай оқиға тек 7 облыста тіркелген. Соның ішінде 65%-ы Маңғыстау облысына тиесілі.

Бұл ретте төл саны 1,5% көбейіп, 46,9 мыңға жетті. Әрбір 100 інгенге 34 төлден келеді, былтыр да көрсеткіш осындай болған.

 Биыл шаруашылықта 6,3 мың тонна түйе сойылды немесе союға сатылды (былтырғымен салыстырғанда 3,3% көп), сойып сатылғаны 3,3 мың тонна (3,1% көбейген) болды.

Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында тірідей және сойып сатылған түйе көп болды.

Еске салайық, Батыс Қазақстан облысының шаруалары түйе шаруашылығын субсидиялаудың жоқтығына шағымданған. Облыс қос өркешті мал өсіруден, шұбат пен түйе етін өндіруден алдыңғы орындарда. Республика бойынша бұл жануарлардың жалпы саны 270 мыңнан асатын болса, олардың басым бөлігі — Батыс Қазақстан облысында.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында бар болғаны 2,6 мың түйе бар, бұл былтырғыдан 1,6% аз.

 2023 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша, түйе және түйе тұқымдас басқа жануарларды өсіруде негізгі капиталға инвестиция 78,4 млн теңгені құрады, бұл былтырғыдан бірден 33,5% аз.

Салаға салынған инвестиция үш өңірде ғана байқалды. Инвестициялардың ең көп көлемі Түркістан облысына түсті: 70,3 млн теңге, бір жыл бұрын 600 мың теңге ғана болған. Маңғыстау облысында түйе шаруашылығына құйылған инвестиция 4,5 млн теңге, Алматыда 3,6 млн теңге болды.

Кәсіп дегеннен шығады, бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласының орталығынан ашылған тігін мектебінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, лентасын қиды.

— Бүгінде аудан тұрғындары түрлі кәсіп көзін тауып, дөңгелету арқылы ауданымызға өз үлестерін қосуда. Ондай жастарға ауданымыз атынан көмек-қолдаулар жасауға біз қашанда дайынбыз. Жеке кәсібін ашып қана қоймай, халық үшін, мемлекет үшін өзінің кәсібін дөңгелететін және де шәкірт тәрбиелейтін азаматтарымыз көбейсе, еліміз одан әрі қарыштап дами бермек – деп, аудан әкімі Арман Абдуллаев жеке кәсіпкердің бастаған кәсібіне сәттілік тіледі.

Айта кетсек, тігін мектебі 15-ке жуық кәсіби тігін машинасымен жабдықталған және тігін үйренемін деуші әрбір оқушыға жағдай толығымен жасалған. Сонымен қатар жеке кәсіпкер әрі тігін кәсібін жетігімен игерген Ж.Сапарова заманауи үлгіде, қазақи нақышта әйелдерге арналған киімдер тігіп, өз кәсібін брендке айналдырып келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.