Түркістан облысы: Өңір басшысының қабылдауына жазылған азамат Қоссейіт ауылдық округіне мектеп құрылысын жүргізуді сұрады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданының тұрғындарымен кездесті. Жаңа форматта басталған кездесудің басым бөлігі тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап беруге арналды. Халықпен кездесуден соң өңір басшысы жеке қабылдау өткізді. Мәселені қалай шешу керектігін айтып, жолдары мен жүйесін түсіндірді. Тұрғындардың жекелеген сұрақтарына жауап берді.

Қабылдауға жазылған азамат Қоссейіт ауылдық округіне мектеп құрылысын жүргізуді сұрады. Жалпы мұнда 2 жалпы орта мектебі бар. Оған қоса жаңа 300 орындықты жайлы мектеп ғимаратын салу үшін арнайы жер телімі қарастырылған. Бүгінде тиісті басқармаға ұсыныс енгізілген.

Еске салайық, Шардара ауданы бойынша 33 мектеп (33 мемлекеттік),  19515 оқушы бар. 41 балабақшада (17 мемлекеттік, 23 жеке меншік, 1 шағын орталық) 4636 бүлдіршін тәрбиеленуде.

Мектептердің информатика кабинеттері 3837 компьютермен жабдықталған, нәтижесінде 1 компьютерді пайдаланатын оқушы саны 5,47 бірлікке жетті. Аудан мектептерінің телефонмен байланысы және интернет желісін пайдалану 31 мектептің барлығында орнатылған.

Өткен жылы «Шардара мектеп-лицейіне» облыстық бюджеттен 254,9 млн теңге қаржы қаралып, ғимарат күрделі жөндеуден өтті.30 мектепке 83,7 млн теңге қаржы қаралып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауданда 2 мектептің құрылысын жүргізу қолға алынды. Жобаға сәйкес, 1500 оқушы заман талабына сай мектеппен қамтылады (Шардара қаласындағы 4-ші мөлтекауданына 1200 орындық, Өтеғұл мөлтекауданына 300 орындық). Аталған мектептерге жер телімдерінің мемлекеттік актілері және тиісті техникалық шартары алынып рәсімделді.

Биыл қаңтар айының соңында ауданға сапары барысында өңір басшысы Дархан Сатыбалды Шардара қаласы, 4-шағынауданда жаңадан салынып жатқан 1200 орындық жайлы мектептің құрылысын бақылаған-ды. Нысанның конкурстық құны – 6 млрд. 57 млн. 223 мың теңге. Тапсырыс беруші мекеме – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Жалпы аумағы 3,74 гектарды құрайды. Мектеп құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Оған дейін де аяқталуы мүмкін.

Сол тұста ғимараттың жер бедерін тегістеу, нысан аумағын уақытша қоршау, іргетас шұңқырын қазу жұмыстары, іргетас бетондарын құю және іргетас шұңқырын көму жұмыстары толық аяқталып, 1 қабатттың колонналары 80% орындалған болатын.

Бүгінде мектептің құрылыс жұмыстарына 70 жұмысшы мен онға жуық техника жұмылдырылған. Бас мердігер мекеме – «Integra Construction» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Құрылыс алаңына арнайы барған облыс әкімі мердігерлерге сақтық шараларын сақтауды, жұмыстарын сапалы, әрі уақытылы аяқтауын тапсырды.

– Мектептің құрылысы өте сапалы әрі жоспарға сай салынуы тиіс. Балаларымыздың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалуы қажет, – деген еді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынады. Дәлірегі, облыста екі жылда 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп, 1500 орындық 4 мектеп және 2000 орындық 2 мектеп бой көтермек. 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы биыл қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Оның 29-ының құрылысы былтыр басталды, 2024 жылы аяқталады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынатын бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін береді.

Аталған ауқымды құрылысқа байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі алгоритм әзірленді. Алгоритмге сәйкес облыс көлемінде арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері, басқарма басшылары, депутаттар, білім саласы және инфрақұрылымға қатысты мекеме өкілдері енгізілді. Жұмысшы топтың отырысы айына кемінде 1 рет өткізіліп, өзекті мәселелер талқыланып жатыр. Әрбір білім ұясының құрылысы қатаң бақылауға алынады. Инфрақұрылымы, инженерлік жүйелері, жері, суы мен газы, электр жүйесі, жалпы әрбір өзекті мәселесін шешу жолдары жоспарланып, нақты жұмыс жүріп жатыр.

Оқушылардың саны зерделеніп, қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Сонымен бірге мектептердің жобасы, қолданылатын құрылыс материалдары мен жиһаздары бойынша да ортақ стандарт қабылданған. Ол мердігерлерге ұсынылды.

Қазіргі таңда 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту үшін «Қазақтелеком» АҚ мен «Транстелеком» АҚ операторларымен техникалық шарттары алынды. Жоспарлы жұмыс 2024 жылғы 1 тамызға дейін толық іске асырылады. Ал 2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің құрылысын іске асыру жоспарына сәйкес, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету 2025 жылғы 1 тамызға жоспарланған.

Тиісті ұсыныстар беріліп, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті ұстап тұруға, яғни, қосымша ашылатын штат бірліктеріне айлық жалақы, коммуналдық қызмет төлемдері үшін қажетті жобамен 2,9 млрд. теңге қаржыға қолдау білдірілді. Аталған қаржы биыл қыркүйек айында бөлінбек.

Сондай-ақ «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде.

Жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде Binom School мектептер желісінің тәжірибесі ескеріледі.

Жалпы, биыл «Жайлы мектеп» жобасының ең басты кезеңі болып тұр.

«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында биыл Қазақстанда 208 мектеп салынып бітіп, пайдалануға берілуі тиіс. Жобаның операторы Samruk-Kazyna Construction мәліметінше, 2023-2025 жылдар жобаның ең негізгі кезеңі саналады. Бұл кезеңде, яғни 2024 жылы 208 мектеп; 2025 жылы 151 мектеп пайдалануға берілмек. 

Сәйкесінше, 2023-2025 жылдары республика бойынша жаңа форматтағы 369 заманауи мектеп салынып, 740 мыңға жуық оқушы орны ашылады.

Бұдан бөлек, 10 мектеп жергілікті атқарушы органдардың тапсырысы бойынша, оның ішінде 1 мектеп мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, ал 9 мектеп дайын нысанды сатып алу тетігі арқылы салынады.

2023-2025 жылдары республика бойынша: 

Түркістан облысы – 63 мектеп

Алматы облысы – 53 мектеп

Астана қаласы – 24 мектеп

Алматы қаласы – 22 мектеп

Қызылорда облысы – 21 мектеп

Маңғыстау облысы – 21 мектеп

Ақмола облысы – 18 мектеп

Ақтөбе облысы – 18 мектеп

Қарағанды облысы – 18 мектеп

Шымкент қаласы – 18 мектеп

БҚО – 18 мектеп

Атырау облысы – 12 мектеп

Жамбыл облысы – 12 мектеп

Абай облысы – 11мектеп

ШҚО – 10 мектеп ашылады. 

2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын әзірлеуді және жүзеге асыруды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір қазақстандық оқушының білім алуы мен жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдай жасалуы керектігін атап өтті.

Ұлттық жоба апатты мектептерді, үш ауысымда оқытуды және оқушылар орнының тапшылығын жоюға бағытталған.

Жоба аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа бағыттағы 369 заманауи мектеп салу жоспарлануда.

Қалаларда 205, ауылдарда 164 білім беру нысаны салынады.

217 ғимараттың құрылысын 2024 жылы, тағы 152 ғимаратты 2025 жылы аяқтау жоспарланған.

Жалпы жобаны жүзеге асыруға 2,4 триллион теңге бөлінеді.

Келесі өтініш иесі Шардара аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері жұмыстан қудалауына шағымданды. Содан соң тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұрады. Егізқұм ауылының тұрғыны жер мәселесін көтерді. Шаруаларға арналған несие мәселесі бойынша да сауал қойылды.

Балық шаруашылығына арналған жерлерге конкурс ойнатуды сұрады. Көксу ауылындағы Сырдария емханасына жедел көмек көрсету қызметін ашу мәселесі мен ауыл шаруашылығына төмендетілген 2,5% несие бөлу мәселесі көтерілді. Келесі азамат ауыл шаруашылығына арналған несие мәселесін қозғады. Сондай-ақ қабылдауға келген азаматтар жеке өтінішін айтты.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қабылдау барысында тұрғындардың сұрағына заң аясында тұщымды жауап беріп, көтерілген мәселелердің ертерек шешімін табу бойынша тиісті мамандар мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin