ШЫМКЕНТ: БИЫЛ “ҚАМҚОР” БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА 400 АЗАМАТ БАСПАНАҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ

Биылғы жылға Қамқор өңірлік бағдарламасына жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңге және «Отбасы банк» АҚ-нан 3 млрд теңге, жалпы сомасы 8 млрд теңге бөлініп, ағымдағы жылы 400 азаматты ипотекалық бағытта несиелендіру көзделуде. Бұл бойынша Шымкент қалалық әкімдігінде өткен баспасөз брифингінде тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Исламов мәлімдеді.

Несиенің ең жоғары мөлшерлемесі 20 млн. теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме-6%, бастапқы жарна 10%, несиенің максималды мерзімі 25 жылға дейін. Тұрғын үйді бастапқы нарықтан ғана алу мүмкіндігі қаралған.

Бұл бағдарлама ең алдымен тұрғын үй кезегіне тіркеле алмайтын сала мамандарына арналған. Оған дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатыса алады. Сонымен қатар биылғы жылдан бастап бұл санаттар тізбесін Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері толықтырып отыр.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде бүгінгі таңда 51015 азамат тіркелген. Олардың ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 1915, көпбалалы отбасылар – 13982, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 702, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 17381, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар 22 адамды құрайды.

2023 жылы жалпы саны 1 687 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделіп, 1407 азамат арендалық тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 888 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 122 пәтер жетім балаларға, 131 пәтер көпбалалы отбасыларға, 160 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына пайдалануға берілді. Қалған 280 пәтердің 96-сы биыл беріліп, 184 пәтерде алдағы уақытта қоныс тойы тойланады деп күтілуде.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin