ШЫМКЕНТ: БИЫЛ 900 ПӘТЕР ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ЖАСТАРҒА АРЕНДАЛЫҚ НЕГІЗДЕ БЕРІЛЕДІ

Бұл туралы Шымкент қалалық әкімдігінде өткен баспасөз брифингінде тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Исламов мәлімдеді.

Азат Исламовтың сөзінше, 2024 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында: 364 пәтер құрылысы жүргізілуде, аталған көрсеткішті нарықтан сатып алу арқылы 1000 пәтерге жеткізу жоспарлануда. Тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының аяқталуы және пәтерлердің коммуналдық тұрғын үй қорына өткізілуіне қарай кезектегі азаматтарға, соның ішінде тұрғын үй кезегі келген 449 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына, 351 пәтер көпбалалы отбасыларға, 200 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін болады.
Бұдан бөлек жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 900 жалдамалы пәтер берілмек.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде бүгінгі таңда 51015 азамат тіркелген. Олардың ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 1915, көпбалалы отбасылар – 13982, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 702, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 17381, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар 22 адамды құрайды.

2023 жылы жалпы саны 1 687 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделіп, 1407 азамат арендалық тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 888 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 122 пәтер жетім балаларға, 131 пәтер көпбалалы отбасыларға, 160 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына пайдалануға берілді. Қалған 280 пәтердің 96-сы биыл беріліп, 184 пәтерде алдағы уақытта қоныс тойы тойланады деп күтілуде.

Бұдан бөлек 150 отбасы «Қамқор» өңірлік бағдарламасы арқылы несиелендірілді. Биыл бұл бағдарлама арқылы 400-ден кем емес отбасыны несиелендіру көзделген.

2024 жылға 200 млн теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланған. Бағдарлама бойынша осы жылдың 22 қаңтарынан бастап құжат қабылдау басталып, бүгінгі таңда 215 азаматқа 197,7 млн. теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді. 2023 жылы осындай сертификат 148 азаматқа берілген.

Шымкент қаласы бойынша 2024 жылы 2430 отбасының тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленіп, субсидиялануда. Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына тұрғын үй кезегінде тұрған І және ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды асыраушы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар санатындағы азаматтар қатыса алады.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin