Түркістан: Мақтаарал ауданы Өргебас ауылының тұрғындары Маңғыстау облысына бір вагон шөп жіберді

Өткен жылы топан судан зардап шеккен Мақтаарал ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Өргебас ауылының тұрғындары Маңғыстау облысына 1 вагон шөпті аттандырды.


Жіберілген гумманитарлық көмек Маңғыстаудың Жаңаөзен ауданындағы шөп жетіспеушіліген қиналып жатқан шаруаларға тегін үлестірілетін болады.

Ауылдың қариясы, ауданның құрметті азаматы Ережеп Қанаевтың бастамасымен Өргебас ауылының тұрғындары 1,6 миллион теңгеден астам қаржылай қор жинақтады. Аталған қаржыға 1100-ден астам нығыздалған шөп сатып алып, көмек ретінде Маңғыстау облысына аттандырды.

Бұдан бөлек, ауылдың 30-дан астам тепсе темір үзетін жігіттері Сарыағаш ауданындағы Құрмет Талапқазы бастаған еріктілер тобына қосылды. Өргебас ауылынан барған арнайы жасақтың миссиясы — батысқа аттанып жатқан басқа да вагондарды толтырып жіберу үшін шөп оруға көмектесу.

«Былтыр Мақтаарал ауданына қарасты 5 ауылды топан су басқанда ең алғашқылардың бірі болып Маңғыстау, Атырау облыстарынан көмек келген болатын. Мал қайғысы — жан қайғысы демекші, батыстағы ағайындарымыздың төрт түлігі аштан қырылып жатқанда біз үйде жайбырақат қарап жата алмайды екенбіз. Міне, 30 жігітті бастап құрал-саймандарымызбен, су-тамағымызбен шөп оруға келдік» — деді ауыл тұрғыны Берікбай Донаев.

Айта кетейік, Өргебас ауылының тұрғындары бұған дейін де қатты дауылдан жапа шеккен Түркістан облысы Отырар ауданына 1 миллион теңгеден астам қаржылай көмек берген болатын. 

ANYQ.KZ-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.