Түркістан облысы: Отырар ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Ақтөбе, Балтакөл, Қарғалы және Маяқұм ауылдық округтері бойынша 139 жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты

Бұл жөнінде Отырар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжановтың Балтакөл және Маяқұм ауылдарының тұрғындарымен кездесуінде айтылды.

Бүгін Отырар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов Балтакөл және Маяқұм ауыл округтеріне арнайы барып, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасап, алдағы уақытта ауылдарды дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарды атап өтті.

2023 жылы өңірде өндірілген өнім көлемі 114 миллиард 687 миллион 757 мың теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 117,1 пайызға артық орындалған. Ал, ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі де артқан.

Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» тапсырмасы аясында 669 азамат тұрақты жұмыс орындарына жолданған болса, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында аудан көлемінде 4 кооператив құрылып, Ақтөбе, Балтакөл, Қарғалы және Маяқұм ауылдық округтері бойынша 139 жоба мемлекет тарапынан қолдау тауып, 769,9 миллион теңгеге қаржыландырылған.

Осы тұста «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының Отырар ауданы бойынша орындалуы туралы жан-жақты тоқталып өтсек.

2023 жылы бағдарлама аясында Отырар ауданы бойынша несие алуға 4 ауыл округінен ниет білдірушілерден 191 адамның құжаттары жинақталып, «Ырыс» МҚҰ-на өткізілген екен. Оның ішінде нақты айтқанда, 139 – (Балтакөл — 45, Қарғалы — 44, Маяқұм — 32, Ақтөбе — 18) құжат несие комитетінде мақұлданып, 769,9 миллион теңгеге қаржыландырылып, бүгінгі таңда 1288 мал басы сатып алынды.

Кооперативтер бойынша айтсақ, әлгінде атап көрсеткен төрт кооператив мыналар:

  1. «Алға-Бам» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тары-талқан өңдеу цехын іске қоспақшы. 20,0 миллион теңгеге қаржыландырылып, қажетті құрал-жабдықтарын алды.
  2. «Ырыс-Ел» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сүт бағытындағы мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. 27,6 миллион теңге қаржы алып, 2 дана ауыл шаруашылығы техникасын алды.
  3. «Ақтөбе-Аманаты» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі де сүт бағытындағы мал басын көбейтуге білек сыбана кіріскен. 22,0 миллион теңге қаржы алып, сүт тасымалдайтын көлік (молоковоз) алу үшін келісімшарт әзірленуде екен.
  4. «Әл-Фараби 2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ет және сүт өнімдерін қайта өңдеуге бет бұрған. Қажетті құжаттарын жинақтап, «Ырыс» МҚҰ-на өткізді.

Ал өз кәсібін ашуға бағытталған 6-шы бағыт бойынша 8 жоба қолдау тауып, 48,5 миллион теңге қаржы алды. Олар:

  1. Ақтөбе ауылдық округінде 6,0 миллион теңгеге наубайхана ашылды.
  2. Маяқұм ауылдық округі бойынша екі жоба бар. Алғашқысы — Техникалық қызмет көрсету орталығы (СТО) – 3,5 миллион теңге. Екіншісі – жаңбырлату технологиясы — 5,1 миллион теңге.
  3. Қарғалы ауылдық округінде үш жоба мақұлданған:
  4. Ағаш өңдеу — 8,0 миллион теңге.
  5. Токарь — 8,0 миллион теңге.
  6. Наубайхана — 6,3 миллион теңге.
  7. Балтакөл ауылдық округінде бір жоба бар. Наубайхана — 5,6 миллион теңге.
  8. Отырар ауылдық округінде де бір жоба қолдау тапқан. Атаулы әлеуметтік көмек алушы азамат 6,0 миллион теңге алып, техникалық қызмет көрсету орталығын (СТО) ашқан.

Бұдан бөлек балық шаруашылығы бойынша Қоғам ауылдық округінде 1 жоба қолдау тауып, 8,5 миллион теңгеге қол жеткізді.

«2024 жылға жобаға қатысу үшін Аққұм, Көксарай, Отырар, Талапты ауыл округтерін ұсынып отырмыз. Қазіргі таңда 4 ауыл округінен жобаға қатысуға 201 адам ниет білдіруде» — дейді Отырар ауданы әкмінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейітжанов.

Таңдалған ауыл округтерінде жоспарланып отырған бағыттары:

Аққұм ауыл округі – Балық шаруашылығы;

Көксарай ауыл округі – Мал шаруашылығы (ет өңдеу);

Отырар ауыл округі – Мал шаруашылығы (сүт өңдеу);

Талапты ауыл округі —  Құс шаруашылығы және балық шаруашылығы;

Естеріңізге сала кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып жатыр. Оның басты мақсаты − еліміздің барлық өңірлерінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Ауыл тұрғындарына микрокредиттер жылдық 2,5%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен беріледі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бағдарлама аясында 12,2 миллиард теңгеге 75,5 мың шағын несие беріліп, 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Түркістан облысына келетін болсақ, өткен жылды мұнда 3 256 миллиард теңгеге 19,8 жоба қаржыландырылды, 3 413 жұмыс орны ашылды. Кооперативтер негізінде жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға басымдық берілді.

Мәселен, Қарнақ ауылындағы «Тәжитдин ата» АӨК бройлер етін өндіру жобасын алсақ. Оның құны — 71,6 миллион теңге, «Ауыл аманаты» бойынша оған 27,6 миллион теңге бөлінген. Жоба жыл сайын 50 тонна құс етін шығара отырып, ауданы 15 сотықтан аспайтын шағын кеңістікті барынша пайдаланады. Бұл шаруашылық жерді үнемді пайдаланудың үлгісі болды. Айта кетейік, «Тәжитдин атада» өнім өндіру және сату тізбегі сауатты құрылған, ал құс етінің килограмы 1 500 теңгеден көтерме бағамен сатылады.

Өңір үшін тағы бір маңызды бастама − Талапты елді мекеніндегі «Ran» ЖК балық өсіру жобасы. Оның құны − 12 миллион теңге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 7 миллион теңге қаржыландырылды. Жоба жетекшісі өз бақшасында төрт бассейн салып, оған сазан шабақтарын жібергенін айтты. Шабақтар белгілі бір жасқа жеткенде сатылады және өңірде балық өнімдеріне сұраныс артады. Жобаның болжамды қуаты жылына 20 тонна өнім, алдағы жылдары тағы 15 бассейн салу және осылайша кәсіпорынды кеңейту жоспарланған.

Балтакөл ауылындағы наубайхананың басшысы Біржан Жүнісовтің айтуынша, онда күніне 300-350 дана нан сатылады. Кәсіпкердің айтуынша, ол «Ауыл аманаты» туралы естігенде жұмыссыз болған және оған жергілікті атқарушы орган құжаттарды рәсімдеп қана қоймай, бизнес-жоспар жасауға да көмектескен. Нәтижесінде ауыл тұрғыны өзінің шағын ісін ұйымдастыру үшін 8 миллион теңге несие алды, негізгі қарызды төлеу күзде басталады. Ол несиені мерзімінен бұрын жабуды және тағы одан да ірі соманы алуды жоспарлап отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасының жаңа ережесі фермерлерге кәсібін кеңейтуге 29 миллион теңге алуға мүмкіндік береді.

Дегенмен, наубайхана Балтакөлдегі «Ауыл аманатының» жалғыз жобасы емес, алақандай ауылда «Алға-БАМ» тары өңдейтін зауыты да бар. Өйткені ауыл тары өсірумен танымал болғанымен, оны өңдеу үлкен жобаны қажет ететін. Қазір «Алға-БАМ» зауыты тәулігіне 5500 келіге жуық тары өңдейді. Зауытта сусымалы өнімдерді құюға және буып-түюге арналған станок, өндірістік желі, диірмен секілді барлық қажетті құрал-жабдықтар бар. Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржыландырылған несие қаражатының көлемі 20 миллион теңгені құрады.

Айта кету керек, бағдарлама арқылы жүзеге асқан барлық жобалар тұрғындардың табысын арттырып қана қоймай, жалпы өңірге оң әсер етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға септігін тигізеді.

Ал Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуныша, 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру басталды. Бағдарлама жылдық 2,5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге шағын несие беруді көздейді, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін шағын несие мерзімі – 7 жылға дейін. Шағын несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы – 9,2 миллион теңге), ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы – 29,5 миллион теңге).

Айта кету керек, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өңірлерде сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде әрекет етеді, олар бағдарлама қатысушыларының неғұрлым жеңілдетілген шағын несиелерге қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бағдарламаны іске асыру аясында 2023 жылы 17 мың шағын несие беру үшін 100 миллиард теңге бөлінді.

Қаражаттың негізгі бөлігі – 70%-ға жуығы Жамбыл (24,1 миллиард теңге), Түркістан (19,8 миллиард теңге), Ақтөбе (16 миллиард теңге) және Алматы (8,3 миллиард теңге), облыстары үшін қарастырылған. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың басым бөлігі – осы облыстарда, сондай-ақ олардың ішінде еңбекке жарамды адамдар қатарынан бола тұра, бірде-бірі жұмыспен қамтылмаған отбасылар байқалады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрінің сөзінше, бүгінгі таңда 82,4 миллиард теңге сомасына 13,2 мың шағын несие берілді. Бұл ретте 4 облыста қаражаттың игерілмеуі байқалады. Ақтөбе облысында 11,1 миллиард теңге (69,5%), Ұлытау облысында 1,6 миллиард теңге (46,1%), Алматы облысында 2,8 миллиард теңге (33,3%), Жамбыл облысында 3 миллиард теңге (12,6%) игерілмеген.

«Жалпы шағын несиелеу бағдарламасы ауыл тұрғындарының негізінен мал шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытынын көрсетті. Мәселен, мал шаруашылығы саласына берілген шағын несиелердің жалпы көлемінен 79%-ы, өсімдік шаруашылығына 4,1%-ы және ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлеріне 16,9%-ы бағытталды», — дейді Ербол Тасжүреков.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында салаларға несие беру бойынша сараланған тәсілді қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі бөлінген қаражаттың жалпы сомасының 50%-ынан аспайтын мөлшерде мал шаруашылығы саласына жіберуге шектеу қойды.

Сонымен қатар министрлік «АӨК-дегі ЭСТО» ЖШС-мен бірлесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша шағын несиелеудің ақпараттық жүйесін әзірледі, ол несие алуға электрондық өтінім беруге мүмкіндік береді, бұл ауыл тұрғындары үшін бағдарламаның қолжетімділігін арттырады. Қазіргі уақытта бұл жүйе Жамбыл облысында іске қосылған, сондай-ақ жақын арада Ақтөбе және Алматы облыстарында іске қосылатын болады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің мәлімдеуінше, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру аясында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6,2 миллиард теңге сомасына 299 кооператив қаржыландырылды.

«Жалпы ЖҚШ-ты кооперативтерге біріктіру ауыл шаруашылығы техникасын бірлесіп пайдалану түрі, сондай-ақ кооперативтер арқылы өнім өндіруді және оны өткізуді ұлғайту мүмкіндігі бойынша өзіндік артықшылықтарға ие, бұл болашақта өндірілген өнімді сауда базарларының, қала дүкендерінің сөрелеріне шығаруға мүмкіндік береді», — деді Ербол Тасжүреков.

Осыған байланысты бағдарлама аясында кооперативтер құруды ынталандыру үшін несиелеудің ең жоғары сомасы 8 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылған кооперативтерге несие беру көзделген (2024 жылы – 29,5 миллион теңге).

Ауыл шаруашылығы вице-министрінің сөзінше, бүгінде ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қалған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тең негізде мемлекеттік қолдаудың барлық қолда бар шарасы қолжетімді. Осылайша, кооперацияны ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялау кезінде басымдылық пен жоғары нормативтер көзделген, мұнда ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығының жекелеген түрлері бойынша құны жергілікті бюджет қаражаты есебінен 35-50%-ға дейін ұлғаяды.

Салық кодексінде ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін салықтың бес түрі (корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, мүлік салығы, көлік құралдары салығы) бойынша 70% жеңілдік беретін арнайы салық режимі көзделген.

Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту аясында облыс әкімдіктері өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру, кооперативтерге базарларда, жәрмеңкелерде орын бөлу үшін жағдайлар жасау, кооперативтермен жұмыс істеу бойынша өңірдің ірі зәкірлік кәсіпорындарын тарту кезінде кооперацияның әлеуетін іске қоса алады.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл тұрғындары арасында бағдарлама бойынша жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ түсіндіру жұмыстарына ауылдық округтердің барлық әкімі жұмылдырылған. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтында, әлеуметтік желілерде шағын несиелеу шарттары жарияланды, ауыл тұрғындарының табысты тәжірибесі туралы бейнероликтер жарияланды», — дейді Ербол Тасжүреков.

Вице-министр кейбір табысты бизнес-жобалардың мысалдарына қысқаша тоқталып өтті. Мысалы, Түркістан облысында Балтакөл ауылындағы Біржан Жүнісов наубайханасының жобасы жүзеге асырылуда, онда күн сайын 300-ден астам нан сатылады. Жобаны жүзеге асырғанға дейін кәсіпкер жұмыссыз болған. Ауыл тұрғыны 8 миллион теңге несие алды. Жоба сәтті жүзеге асырылуда және кәсіпкер несиені мерзімінен бұрын өтеуді және бизнесті кеңейтуге 29 миллион теңгеге дейін қайта алуды жоспарлап отыр, оған бағдарламаның шарттары мүмкіндік береді.

Қызылорда облысында алғашқылардың бірі болып Бидайкөл ауылындағы «Барлыбай және К» кооперативінің томат пастасын өндіру цехы шағын несие алды. Мұнда басшы Қанат Мұсаев несиеге 27,6 миллион теңге алып, томат пастасы мен консервіленген өнімдерді өндіру желісін сатып алды. Цехтың қуаты – тәулігіне 2 тонна өнім. Бүгінгі таңда 25 мың банка өнім – томат пастасы, аджика, салаттар сынама ретінде дайындалды. Кәсіпкер сапа сертификатын алды. Сондай-ақ жобаны іске асыруға кооператив мүшелері ретінде тұқыммен, көшетпен, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етілген ауыл тұрғындары тартылады. Олардың өнімдері томат пастасын өндіру цехына қабылданады.

Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін Сараптамалық топ құрылды. Осы Сараптамалық топ нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бөлігінде, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдаған ұсыныстар берді:

  • Бюджет кодексіне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға қаражатты тікелей аудару үшін (ұсыныс Ұлттық экономика министрлігіне жолданды);
  • уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу кезінде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне қосымша балл беру үшін Жер кодексіне (бұл мәселе пысықталуда);
  • ӘКК-нің ауыл шаруашылығы кооперацияларының жарғылық капиталдарына қатысуы үшін «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға (бұл ұсыныс Ұлттық экономика министрлігіне жіберілді);
  • ӘКК-ні бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүргізу жолымен сенім білдірілген агент ретінде айқындау үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға.

Оған қоса «Ауыл аманаты» бағдарламасын жетілдіру бөлігінде ұсыныстар берілді, оның ішінде:

  • мал шаруашылығында, өсімдік шаруашылығында және қызмет көрсету саласында, әсіресе тауашалық салаларда (бал, гүлдер, құс, ұсақ тауарлы фермаларда артықшылығы бар ІҚМ және ұсақ мал фермаларында және т.б. отбасылық фермалар) үлгілік жобаларды әзірлеу;
  • өнімді өткізуді, қайта өңдеуді және оны өткізуді қамтамасыз ету мақсатында бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобаларды кластерлік модельге немесе кооперацияға интеграциялау;
  • кооперативтерді құру кезінде сату кооперативтеріне баса назар аудару қажет;
  • ірі агробизнес пен жобаға қатысушылар арасындағы кооперация және т.б.

Бұдан басқа облыс әкімдері Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келісім бойынша бағдарламаның негізгі көрсеткіштерін бекітті.

Экономикалық көрсеткіштердің мониторингі Ауыл шаруашылығы министрлігіне бекітілді, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан мониторинг жүргізілетін әлеуметтік көрсеткіштер ескерілді. Бағдарламаны іске асыруға 2024 жылы 100 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.

«Қаражат жетіспеген жағдайда облыс әкімдіктерінің жергілікті бюджет қаражатынан шағын несиелеуге қосымша қаражат бөлу мүмкіндігі бар, бұл “Ауыл Аманаты” бағдарламасы аясында ауыл мен шағын қалалардың тұрғындарын несиелеумен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», — дейді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

Шынын айту керек, «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ерекше қызығушылық танытқан өңірдің бірі – Түркістан облысы. Қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеп, кәсіп ашуына мүмкіндік беретін бағдарламаға биыл бірқатар өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, несие алуға ауылдық елдімекендермен қатар, шағын қалалар қосылды. Бағдарлама қаражатының 50 пайыздан аспайтын бөлігі мал, құс, балық сатып алуға беріледі. Биыл бұл мақсатта республикалық бюджеттен 13,2 миллиард теңге қарастырылмақ. Нәтижесінде 62 ауылдық округінде жаңадан 62 кооператив құру жоспарланып отыр. 2640 жоба қаржыландырылып, 4500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Осы мақсатта Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері, микроқаржы ұйым жетекшілерінің басшыларымен ақпан айында жиын өткізген-ді. Облыс әкімі әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған игі жобаны егжей-тегжейлі талдап, су үнемдеу технологияларын қолдануды арттыру, дақылдарды өсіру және өндірістерді ашуға болатын қолайлы аймақты анықтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Пилоттық жобада жинақталған тәжірибені ескере отырып, биылғы бағдарламаға енгізілген өзгерістердің бірі — жобаға қатысушыларға тұрақты жұмыс орындарын құру мінеттеледі. Сондай-ақ бөлінген қаражатқа техника сатып алып, жабдықтармен қамтылуы тиіс. Бөлінген қаржыға жеңіл автокөлік сатып алуға болмайды. Және ауыл шаруашылығы жануарларын жақын туыстарынан сатып алуға тиым салынады.

– «Ауыл аманатының» нәтижесін ел көріп отыр. Жаңа жобалаларды үйлестіруде бағыттарға басты назар аудару керек. Әр ауданның өз брендін қалыптастыруға назар аударыңыздар. Мысалы, Бәйдібек, Сайрам аудандары десе, ел мал шаруашылығын еске түсіреді. Шардара десек, балық өндіру дамыған аймақ екенін білеміз. Сол секілді бұрын Сарыағаш десе, ел жүзімді алқаптарды айтатын. Сонықтан әр аймақтың өзіндік ерекшелігін қарастыра келе, сол бағытқа бет бұру. Жаппай бәрі мал өсіріп, не қызанақ егіп, қалған салалар құр қалмау керек, – дейді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында өткен жылдан бері 19,8 миллиард теңгеге 3200-ден астам жоба қаржыландырылды. 16 ауданның 64 ауылдық округінде жаңадан 75 кооператив құрылып, 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысына пилоттық жобаға қатысатын 32 ауылдық округте тұратын мыңдаған адам қатысты. Сондай-ақ 16,4 гектар алаңға 328 жылыжай құрылысы қаржыландырылды. Жоба аясында 21 трактор, 2 комбайн алынып, 19 қайта өңдеу орындары ашылды.

– Етті бағыттағы ірі қара малдың саны 5 714 басқа, сүтті бағытта 22 400 басқа, жылқы саны 2 500 басқа, ұсақ мал 14 286 басқа артты. Ауыл тұрғындары мал бордақылап, балық өсіруді қолға алды. Енді бірі шағын кәсіпкерлікті дамытуда. Бағдарламаның игілігі жөнінде халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізілді. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Жан-жақты зерделенген жобада ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі — 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығын дамыту, мал, құс, балық шаруашылықтарын дамыту, кооперативтерді техникамен жабдықтау және өз кәсібін ашу.

Сондай-ақ, аудан бойынша 35 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған болса, қалған Бестам, Сырдария, Ақкөл елді мекендерін ауыз су жүйесімен қамту үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.

Қос ауылда өткен кездесу барысында жергілікті тұрғындар тарапынан ауыз су, жер мәселесі, денсаулық сақтау мәселелері төңірегінде сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Жиында Жансұлтан Әділжанұлы барша сұрақтарға нақты жауап беріп, ұсыныстар бойынша жол картасы әзірленетінін айтып, мекеме, ұйым басшыларына заң аясында шешуге тапсырмалар берді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin