Түркістан облысы: Жоғары оқу орнын үздік аяқтаған түлектер Бәйдібек, Түлкібас, Ордабасы, Сауран, Сайрам аудандары мен Кентау қаласындағы төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз қабылданды

Жоғары оқу орнын үздік аяқтаған түлектер аудандардағы төменгі лауазымға конкурстан өтпей тағайындалады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтқан болатын.

«Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетуді тапсырған болатын. Осыған байланысты заңға өзгерістер енгізілді. Біріншіден, мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған түлектеріміз аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалатын болады», — дейді Дархан Жазықбаев.

Оның айтуынша, бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

«Бұл заң қабылданды. Биыл бітіретін түлектеріміз осы қағидамен жұмысқа орналасады», — дейді Дархан Жазықбаев.

♦️ Жаңашылдықтың басты мақсаты – мемлекеттік қызметке орналасудағы кедергілерді жою. Бұл өз кезегінде аудандар мен ауылдарда жас мамандардың қажеттілігін азайтуға, сондай-ақ, мемлекеттік қызметке тұру процестерін жеңілдетуге септігін тигізеді.

♦️ Екінші жаңашылдық уәкілетті органның келісімі бойынша конкурстық іріктеусіз жоғары лауазымдарға тікелей тағайындау мүмкіндігі. Бұл өз кезегінде тікелей басшылардың өз қызметкерлері үшін жауапкершілігін күшейтпек.

♦️ Үшіншіден, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындалмақ.

♦️ Төртіншіден, екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі. Ал төменгі бос лауазым болмағанда – қызметтен шығарылады. Бұл аппаратты тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді.

Айта өтейік, Президенттік жастар кадр резервіне бастамашыл мамандарды іріктеу жүйелі жүргізіліп жатыр. Бүгінде бұл қатардағы 400 адамның 292-сі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді. Биыл өңірлік кадр резервтерін жасақтау басталды. Сонымен қатар отандық жоғары оқу орындарын үздік тәмамдаған 172 түлек ауылдық жерлердегі әкімдіктерге ешқандай конкурссыз қабылданды. Бұл әдіс жастардың өңірлерге оралып, ұжымның білікті жаңа буынын қалыптастыруға септігін тигізді. Мемлекеттік қызмет саласында 847 мүмкіндігі шектеулі адам еңбек етеді. Мемлекеттік қызмет саласындағы әйелдердің үлесіне тоқтала кетейік. Мамандардың 55%-тен астамы – қыз-келіншектер. Ал олардың 39%-і басшылық қызметке тағайындалған. Сонымен қатар Әдеп жөніндегі уәкілдердің 38%-і – әйелдер.

Мемлекеттік грантпен жоғарғы оқу орындарын үздік аяқтаған түлектер (GPA 3.33-тен жоғары) оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде аудандық, ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз қабылдана алады.

Бүгінде республикада 140-тан астам түлек аудандық, ауылдық деңгейдегі төменгі және басшылық емес лауазымдарға конкурстық іріктеусіз қабылданса, оның 8-і Түркістан облысына тиесілі.

Олар Түркістан облысының Бәйдібек, Түлкібас, Ордабасы, Сауран, Сайрам аудандары мен Кентау қаласындағы төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қабылданған.

Осы орайда, жоғарғы оқу орнын GPA 3.33-тен жоғары балмен үздік аяқтаған түлектерді мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтарды пайдалана отырып мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге шақырған болар едік.

Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жаңа тәсілдер әзірлеген болатын. Сәйкесінше, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №177-VII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Атап айтқанда, заңның мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру, біліктілік талаптары, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе қайтадан кіретін азаматтарды іріктеу, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурс және мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалауға қатысты баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Аталған өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстық рәсімдерді өткізбестен тағайындалу құқығы бар тұлғалардың шеңбері кеңейтіліп, мемлекеттік қызметке кіру шарттары біршама жеңілдетілді.

Қазіргі таңда мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшелерінің келісуі бойынша конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындала алады.

Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдардағы жекелеген басшылық емес лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау мүмкіндігі қарастырылды.

Сонымен бірге «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен облыстық бюджеттен қаржыландырылатын облыстың атқарушы органдардың басшысы лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр.

Бұл өз кезегінде бірінші басшылардың өз қызметшілері үшін жауапкершілігін арттыруда.

Тағы бір өзгеріс, енді мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен, яғни ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің немесе оның аумақтық департаменттерінің келісімімен бекітілуде.

Айта кету керек, бұған дейін мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен бекітіліп келген болатын.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалауға қатысты енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған немесе мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан кезде мемлекеттік қызметші атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығарылады.

Бұл аппаратты тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді. Қазіргі таңда агенттікпен мемлекеттік қызметке іріктеу мен оны өткеруді толық цифрландыру арқылы «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталында іске асырылатын мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритімі әзірленді, онда конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.

«Е-қызметте» барлық маңызды ақпараттық жүйелермен интеграция жасалған. Ол мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатады. Өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алу, оның соттылығы немесе өзге бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын тексеру, біліктілік талаптарына сай келуін қарау – мұның бәрін автоматты түрде жүйе өзі жасауда.

Мемлекеттік қызметтегі кадрлық процестерді одан әрі цифрландыру мақсатында биыл «Е-қызмет» жүйесінің 14 модулі жаңартылады. Оның ішінде «Тәртіптік бақылау», «Бағалау», «Іс-сапарлар», «Тағылымдама», «Оқыту» модульдері бар. Бұл жұмыс 2023 жылы аяқталып, жаңартылған жүйе осы жылдың басынан барлық мемлекеттік органдарға қосылуда.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен мемлекеттік қызметті жетілдіру жөнінде заң жобасын әзірленді.

Онда:

Біріншіден Президент шешімімен саяси қызметшілерді «сенім жоғалтуына» байланысты жұмыстан шығару мүмкіндігі енгізіледі. Мұндай себеппен шығарылған қызметші мемлекеттік қызметке үш жыл бойы қайтып келе алмайтын болды.

Екіншіден, өзге өңірге ротацияланған қызметшіге үй жалдауға төлем енгізілді. Бұл қызметшілерді өңірлерге ротациялануға ынталандыруда.

Үшіншіден, мемлекеттік органдарға нақты бір жобаны атқару үшін уақытша шарт (контракт) бойынша жұмыскерді алуға мүмкіндік берілді. Мұндай жұмыскерлер мемлекеттік лауазымдарды атқармайды және белгіленген уақытқа ғана алынатын болады. Бұл жаңашылдық Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасына сай енгізілуде.

Төртіншіден, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты режимінің сақталуы реттелетін болды. Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізілуде.

Бесіншіден, мемлекеттік органдардағы басқарушы және атқарушы лауазымдар саны реттеледі. Қазіргі кезде кейбір мемлекеттік органдарда бір не екі қызметшіден құрылған бөлімшелер бар.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «Жастар кадрлық резерві – мемлекеттің резерві». Жастар кадрлық резерві қазіргі таңда өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Жыл өткен сайын қабілетті, дарынды жастардың бұл жобаға қатысуға қызығушылығы артуда.

Бүгінде Өңірлік жастар кадр резервіне іріктеудің үшінші кезеңі аяқталып, осы жылдың тамыз айында мәре қорытындысы белгілі болады. Жеңімпаздар қатарынан білікті де білімді мамандарды көреміз деген үміттеміз.

Жалпы, әрбір мемлекеттік қызметші мемлекетшіл болуы керек. Ол үшін тек білімді және құзыретті болу жеткіліксіз. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Бұл жерде мінез деп адамның ішкі рухын, адамдардың игілігі үшін елге қызмет етсем деген жүрек қалауын айтып отыр емес пе?! Елге қызмет ету – абыройлы міндет. Осы қағиданы әрбір мемлекеттік қызметші қаперінде ұстауы керек.

Түйіндей айтқанда, негізгі міндет – халыққа әділ, адал, ашық қызмет көрсететін кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin