Түркістан облысы: Созақ ауданында сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен лездемелік жиын өтті. Жиында аудан көлемінде әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерді зерделеп, жұмыс барысын бақылауына алды.

Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту, көгалдандыру, ішкі көшелерге төселетін асфальт жабындысы мен орнатылатын көше жарықшамдары, салынатын құрылыс нысандары сынды жобаларға жан-жақты тоқталып, салаға жауапты орынбасарлары мен бөлім басшыларына жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.

Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірқатар тындырымды тірлік бар. Мәселен, өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Шолаққорған, Созақ, Құмкент, Жартытөбе ауылдық округтері қатысқан. Аталған ауылдық округтерден ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жеңілдетілген несиемен қамтылып 88 миллион 850 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.

«Ауыл аманаты» жобасына 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 миллиард 169 миллион 410 мың теңгеге несие алды.

Ал 2024 жылдың 3 айындағы деректерге үңілсек, 2024 жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері ұсынылып, қатысып отыр.

Негізгі капиталға 678,1 миллион теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 100% орындалды (жоспар: 677,8 миллион теңге).

Тамақ өндірісіне 205,8 миллион теңге инвестиция тартылып, 101,2% орындалды (жоспар: 203,3 миллион)

Егістік жер көлемі 14 390 гектарға игеріліп, 100,6% орындалды (жоспар: 14 300 гектар).

Жерге тамшылатып суару әдісі 5,2 гектарға енгізіліп, 104%-ға орындалды (жоспар: 5 гектар).

30 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары алынып, жоспар 100% орындалды.

Жаңбырлатып суару әдісі 164 гектар жерге ендіріліп, 100% орындалды (жоспар: 164 гектар).

4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, меже (100%) орындалды.

8 дана жоғары отбасылық құс фермасы 500 бастан ашылып, 33%-ға орындалды (жоспар: 24 ферма).

Сонымен қатар, 2023 жылы 13 127 тонна ет, 16 429 тонна сүт, 2 470 мың дана жұмыртқа өндірілді. Сондай-ақ, жыл қорытындысына сәйкес Созақ ауданында мүйізді ірі қара 36 129 бас, қой 245 338 бас, ешкі 23 540 бас, жылқы 30 115 бас, түйе 15 072 бас, құс 25 037 басты құрады.

Ал жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысы төселді. 2023 жылы Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде елді мекеннің жолдары 100% асфальт жолмен қамтылды.

Бұл ретте 2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерді тілге тиек етсек. 2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 16,4 шақырымды құрайтын 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 19,7 шақырымдық 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.

Көшелерді жарықтандыру бойынша да көзге көрінетін тірлік байқалады. 2023 жылы аудандық бюджет есебінен 10 елді мекеннің (Шолаққорған, Жартытөбе, Созақ, Сызған, Қаратау, Қарақұр, Жуантөбе, Құмкент, Қыземшек, Таукент) көшелері жарықтандырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. 2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерді сараласақ, 2024 жылы жыл басында аудандық бюджет есебінен елді мекендерді жарықтандыруға 10 ауылдық округке (27 көшеге) (Шолаққорған, Жартытөбе, Құмкент, Сызған, Созақ, Қарағұр, Қаратау, Жуантөбе, Шу, Таукент) көше жарықшамдары орнатылды.

Енді құрылыс саласы бойынша не істеліп жатқандығын айта өтейік. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы (2022 жылдан өтпелі) құрылысы басталып, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары (сыртқы инженерлік желілері)  аяқталып, қабылданды.

Қаратау ауылындағы жабық кіші футбол алаңының 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.

2023 жылы Шолаққорған ауылынан заманауи спорттық сауықтыру кешені құрылысы басталды.  Нысан 2024 жылға өтпелі.

 «Тасты ауылындағы 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы» 2023 жылы 4 желтоқсанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданды.

Биыл құрылыс жұмыстарын бастауға бірнеше жобаларға қаржы қарастырылды. Атап айтар болсақ:

«Түркістан облысы Созақ ауданының Құмкент ауыл округі Жылыбұлақ каналын салу» жобасы.

«Қаратау елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» басталды .

«Қарақұр елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» жобаның құны – 303,2 миллион теңге. 2023 жылға 1,0 миллион теңге қаралып, игерілді. Нысан 2025 жылға өтпелі.              

«Жуантөбе елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы». Нысан                          2025 жылға өтпелі.

 Шолаққорған ауылындағы «Астана» мөлтекауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізуге оң сарапта қорытындысы алынды. Нәтижесінде жер кезегінде тұрған 435 адам тұрғын үйге жер телімдерін беруге мүмкіндік болады.

Ал 2024 жылдың 3 айындағы мәліметтерді сөйлетсек, Шолаққорған ауылындағы заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда.

«Қарақұр ауылдық округі аппараты әкімшілік ғимаратының құрылысы» нысаны 2023 жылдан өтпелі болып іске асырылуда. Нысанды биыл аяқтау жоспарлануда және Қарақұр ауылында кіші жабық футбол алаңының құрылысы басталуда. Бұл нысан да биыл аяқталады.

— Биыл аудан көлемінде әр сала бойынша атқарылатын жұмыстар жетерлік. Ендігі кезете жұмысты барынша үйлестіріп, сапалы әрі уақытылы атқаруды талап етемін. Босаңсуға уақыт жоқ. Бұл мәселе сала орынбасарлары мен барлық бөлім басшыларына қатысты, — деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы жүктелген тапсырмаларды тым баяулатып, жұмысына салғырттық танытқан басшылардың тиісті шарасын беруді тапсырды. Жүктелген тапсырмалардың оындалу мерзімі нақтыланып, арнайы хаттамаға енгізілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin