Шымкент қаласының сәулеттік келбеті жаңаша көрікке еніп келеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, қаланың басты көшелерін бірыңғай стильде дамыту мақсатында 62 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылуда. Бұл бастама қала тұрғындарына эстетикалық жағымды орта құруға бағытталған және Шымкенттің заманауи қалалық бейнесін нығайтуға үлкен үлес қосады.
Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 46 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті қазірдің өзінде ретке келтіріліп жатыр. Қалған 16 тұрғын үй бойынша мердігер мекемелер анықталып, оларға қажетті келісімшарттарды жасау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Жұмыстардың жоғары сапада және уақытында аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында жауапты органдар үнемі қадағалап отырады.
Бұл маңызды жоба — қаладағы үш ауданның тұрғын үйлерін қамтиды. Атап айтқанда, Әл-Фараби ауданында — 32 көпқабатты тұрғын үй, Қаратау ауданында — 18 үй, ал Тұран ауданында — 12 үйдің қасбеті жаңартылатын болады.
Айта кетейік, Шымкент қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көп қабатты тұрғын үйлерді кұрделі жөндеу ҚР Үкіметінің Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қолданылады.
Тұрғын үй қорын модернизация бағдарламасының мақсаты – Шымкент қаласындағы авариялық тұрғын үй қорының өсуін болдырмау, тұрғын үй аумақтарын дамытуды және оларды абаттандыруды қамтамасыз ету. Сондай-ақ, азаматтардың өмір сүру ортасын жаңарту және қоғамдық кеңістікке қолайлы жағдай жасау.
Ескерте кетейік, модернизация бойынша күрделі жөндеу жұмыстары тұрғын үй иелерінің 70 пайыз келісімімен жергілікті атқарушы органдарына жазған өтінішіне сәйкес қайтарымды қаржы негізінде жүргізіледі.