Сауран ауданында «ТЕРРОРИЗМ – XXI ҒАСЫР ДЕРТІ» тақырыбында ақпараттық кездесу өткізілді

Loading

Сауран ауданы әкімдігінің «Руханият және талдау орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «ТЕРРОРИЗМ – XXI ҒАСЫР ДЕРТІ» тақырыбында ақпараттық кездесу өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – терроризмнің қоғамға тигізетін зардаптарын түсіндіру, азаматтардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыру, жастар арасында радикалды идеологиялардың таралуының алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту.

Шара барысында Түркістан облысы дін істер басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Дүйсебай Нұргелді Құрмашұлы сөз сөйлеп, терроризм мен экстремизмнің қоғамға тигізетін кері әсері, радикалды идеологиялардың қауіптілігі және олардың алдын алу жолдары туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, азаматтарды діни сауаттылықты арттыруға, ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға және дәстүрлі құндылықтарды берік ұстануға шақырды. Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екені атап өтілді.

Естеріңізде болса, жуырда ғана Сауранда аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың қатысуымен «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында кездесу өткен болатын. Кездесудің мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, халқымыздың салт-дәстүрлері мен діннің өзара сабақтастығын түсіндіру, жастардың діни сауаттылығын арттыру және рухани тәрбиені нығайтуға арналды.

Іс-шара барысында ауданның бас имамы Еркін Полатов дін мен дәстүрдің егіз ұғым екенін атап өтіп, ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрлеріміздің ислам дінінің құндылықтарымен үндесетінін кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ, ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және жат діни ағымдардың алдын алу мәселелері төңірегінде мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті.

Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандары мен имамдар тарапынан жан-жақты жауаптар алды. Еркін пікір алмасу форматында өткен жиында рухани құндылықтарды сақтау, ұлттық болмысты дәріптеу және қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.

Мұндай тағылымды кездесулер жастардың дұрыс бағыт-бағдар алуына, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға және рухани санасының қалыптасуына оң ықпал етері анық.

Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси жағдайда терроризм мен діни экстремизмнің қауіп-қатері жаңа сипатқа ие болғанын айтып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін бірнеше мәрте атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қауіптің алдын алудың ең тиімді жолы – күштік шаралар ғана емес, азаматтардың құқықтық, діни және медиасауаттылығын арттыру, жастарды жат идеологиялардың ықпалынан қорғау. Сондықтан қоғамда радикалды көзқарасқа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі.

Осы ұстаным негізінде елімізде экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жүйесі жүзеге асырылып келеді. Онда тек құқық қорғау тетіктерін жетілдіру ғана емес, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, дін саласындағы сауаттылықты арттыру, интернет кеңістігіндегі деструктивті идеологияның таралуына тосқауыл қою және жастармен жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізу негізгі міндеттердің қатарына енгізілген. Себебі қазіргі таңда радикалды топтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді белсенді пайдаланып, әсіресе өмірлік тәжірибесі аз жастарды өз ықпалына тартуға әрекет жасайды.

Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне де ерекше мән беріп келеді. Оның пікірінше, дәстүрлі ислам құндылықтары мен қазақ халқының салт-дәстүрі бір-біріне қайшы келмейді, қайта өзара сабақтасып, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтады. Сондықтан «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбындағы кездесулер жастардың діни білімін толықтырумен қатар, олардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін күшейтіп, жат ағымдардың жалған ұрандарына қарсы рухани иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді.

Сауран ауданында өткізілген мұндай ақпараттық кездесулердің басты құндылығы – қауіптің салдарымен емес, оның себептерімен күресуге бағытталуында. Өйткені терроризмге қарсы ең мықты қорғаныс – заңды құрметтейтін, сыни ойлай алатын, діни мәселеде сауатты әрі ұлттық құндылықтарға берік азаматтарды тәрбиелеу. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары құқық қорғау органдарының қызметін толықтырып қана қоймай, қоғамның қауіпсіздік мәдениетін нығайтады.

Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – Қазақстанның ең үлкен стратегиялық артықшылықтарының бірі. Оны сақтау — әрбір азаматтың жауапкершілігі. Сондықтан жастардың дүниетанымын дұрыс қалыптастыруға, діни және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған осындай бастамалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң және Тәртіп» қағидатын, сондай-ақ Әділетті Қазақстанды құру жолындағы қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық бірлікті нығайтудың маңызды тетігі болып қала береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You