Шымкент қаласының әкімі 40 отбасыға жаңа пәтерлерінің кілтін табыстады

Loading

Шымкентте тағы 40 отбасы көптен күткен қоныс тойын тойлады. Жаңа баспаналардың кілті табысталып, тұрғындар үшін өмірлеріндегі маңызды белеске айналған қуанышты сәттің куәсі болды. Салтанатты рәсімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жаңа қоныстанушыларды құттықтады.

Жаңа пәтер иелерінің арасында ұзақ жылдар бойы баспана кезегінде тұрған азаматтар бар. Олардың қатарында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, сондай-ақ бюджет саласының қызметкерлері бар. Яғни бұл – тұрғын үй мәселесін шешу аса маңызды әлеуметтік топтардың өкілдері.

Пәтерлер Асар-2 шағынауданындағы жаңа көпқабатты үйлерден берілді. Баспаналар «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген кредиттік бағдарламалары арқылы төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға рәсімделді. Жаңа тұрғын үйлер белгіленген құрылыс нормалары мен сапа талаптарына сәйкес салынған.

Баспаналы болу – әр отбасы үшін үлкен қуаныш қана емес, тұрақты өмірдің берік негізі. Осы ретте Шымкентте тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының әлеуметтік саясаттағы басымдықтарын іске асырумен сабақтасып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.

Әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй қолжетімділігін арттыру – қаланың әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Әрбір берілген пәтер – нақты бір отбасының тұрмысын жақсартатын, болашаққа деген сенімін нығайтатын нақты қолдау. Жаңа қоныстанушылар үшін ендігі міндет – жаңа шаңырақта береке мен бақытты ғұмыр кешу.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You