![]()
Түркістан қаласында тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында «Отырар» секторында кезекті әлеуметтік азық-түлік жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге Сайрам, Созақ, Келес аудандары мен Кентау қаласының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері өз өнімдерін ұсынды. Сонымен қатар, «Түркістан» ӘКК АҚ-ның тұрақтандыру қоры арқылы жалпы көлемі 50 тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері саудаға шығарылды.
Сауда сөрелерінде ет және сүт өнімдері, жұмыртқа, жаңа піскен көкөністер мен жеміс-жидектер, сондай-ақ күнделікті тұтынуға қажетті өзге де тауарлар ұсынылды. Өнімдер делдалсыз, тікелей өндірушілерден жеткізілгендіктен, олардың бағасы нарықтағыдан 20–30 пайызға төмен болды.
Әлеуметтік жәрмеңке тұрғындарға сапалы өнімді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берсе, жергілікті шаруалар үшін өз өнімдерін делдалсыз тікелей тұтынушыларға ұсынуға тиімді жағдай жасады. Мұндай жәрмеңкелер азық-түлік бағасын тұрақтандыруға және отандық тауар өндірушілерді қолдауға оң ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі екенін бірнеше рет атап өтті. Осыған сәйкес елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін өңірлік тұрақтандыру қорларының жұмысы күшейтіліп, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты ұйымдастырылуда. Үкіметтің мәліметінше, бүгінде республика бойынша әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарына мемлекеттік баға мониторингі жүргізіліп, тұрақтандыру қорлары мен «айналым схемасы» арқылы нарықтағы бағаны тұрақтандыру тетіктері кеңінен қолданылып келеді.
Түркістан облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Өңірде жергілікті өндірушілерді қолдау және тұрғындарды сапалы өніммен қамту мақсатында әлеуметтік жәрмеңкелер тұрақты өткізіліп, тұрақтандыру қоры арқылы азық-түлік қоры толықтырылуда. Түркістан қаласында ұйымдастырылған кезекті жәрмеңке де осы саясаттың нақты көрінісі болды. Делдалсыз ұйымдастырылған сауда алаңдары бір жағынан тұрғындардың азық-түлік шығынын азайтса, екінші жағынан жергілікті шаруалардың өнімін тікелей өткізуіне мүмкіндік береді. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, инфляцияны тежеуге және Президент айқындаған халықтың әл-ауқатын арттыру бағытын өңірлік деңгейде тиімді іске асыруға ықпал ететін маңызды тетік.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
