![]()
Қазақстанның бірқатар өңірінде мүгедектігі бар азаматтар мен балаларға біржолғы әлеуметтік көмек беру көзделген. Төлемдер жергілікті мәслихаттардың шешімдеріне сәйкес тағайындалып, олардың мөлшері мен алушылар санаты өңірге қарай ерекшеленеді. Кейбір аймақтарда қаражат қазан айында аударылса, енді бірінде Республика күніне орай төленеді.
Астана қаласында әлеуметтік көмек мүгедектік тобына қарай белгіленген. I топтағы азаматтарға 20 АЕК (86 500 теңге), II топтағы адамдар мен 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 10 АЕК (43 250 теңге), ал III топтағы азаматтарға 5 АЕК (21 625 теңге) төленеді. Көмек елордада тіркелген азаматтарға өтінішсіз тағайындалады. Дегенмен, бір күнтізбелік жылда бір ғана негіз бойынша төлем берілетіндіктен, биыл басқа негізбен көмек алған азаматтарға бұл төлем қайта тағайындалмайды.
Ақмола облысында I, II, III топтағы азаматтар мен мүгедектігі бар балаларға 3 АЕК (12 975 теңге) көлемінде көмек қарастырылған. 2026 жылғы 25 қыркүйектегі мәлімет бойынша, төлем 25 103 адамға берілуі тиіс. Бұл мақсатқа аудандық және қалалық бюджеттерден 325,7 млн теңге бөлінген. Өңірдің бірқатар елді мекенінде қаражат аударылған, қалған төлемдерді қазан айында аяқтау жоспарланған.
Абай облысында I және II топтағы кәмелетке толған азаматтар мен мүгедектігі бар балаларға 5 АЕК (21 625 теңге) төленеді. Қаражат аудару басталған, жұмысты 20 қазанға дейін аяқтау көзделген.
Ақтөбе облысында әлеуметтік көмек Республика күніне орай беріледі. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын мүгедектігі бар азаматтарға 13 АЕК (56 225 теңге), ал мүгедектігі бар балаларға 26 АЕК (112 450 теңге) төлеу жоспарланған.
Атырау облысында Республика күніне орай 18 жастан асқан I, II және III топтағы 22 996 азаматқа 20 АЕК (86 500 теңгеден) беріледі. Төлем алу үшін өтініш талап етілмейді, қаражат азаматтардың есепшоттарына аударылады. Өңірде бұл қолдау 2021 жылдан бері көрсетіліп келеді. Ал мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға биыл мамыр айында біржолғы көмек берілген.
Батыс Қазақстан облысында 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға Республика күніне орай 20 мың теңгеден төлеу қарастырылған.
Жетісу облысында 2024 жылдан бері Республика күніне орай 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға біржолғы материалдық көмек көрсетіліп келеді. Төлем мөлшері 6 АЕК (25 950 теңге) болып белгіленген. Қаражат ата-анасына немесе баланың өзге заңды өкіліне беріледі.
Қызылорда облысында мүгедектігі бар азаматтардың барлық санатына 3 АЕК (12 975 теңге) көлемінде біржолғы көмек беру көзделген. Сонымен қатар, 14 қазанда мүгедектігі бар адамдар арасында спартакиада өткізу, ал 3 желтоқсанда Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне арналған іс-шара ұйымдастыру жоспарланған.
Павлодар облысында қолдау бірнеше санат бойынша көрсетіледі. Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға 25 АЕК (108 125 теңге), I және II топтағы азаматтарға 5 АЕК (21 625 теңге) төленеді. Қазақстанның жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар студенттерге 60 АЕК (259 500 теңге), ал колледж студенттеріне 30 АЕК (129 750 теңге) көлемінде көмек беру қарастырылған.
Түркістан облысында үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 3 182 балаға көмек көрсету жоспарланған. Бұдан бөлек, аудан-қалалардағы «Тең қоғам» орталықтарында арнайы және қайырымдылық іс-шаралары өткізіледі.
Шымкент қаласында 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға Республика күніне орай 5 АЕК (21 625 теңге) көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек беру көзделген. 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, қалада осы санатқа жататын 8 238 бала тіркелген. Төлемге жергілікті бюджеттен 178,1 млн теңге бағыттау жоспарланған.
Қалада ата-ана қамқорлығынсыз қалған 720 балаға да 20 АЕК (86 500 теңгеден) төленеді. Бұл мақсатқа 62,3 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар, 80 жастан асқан жалғызбасты 101 зейнеткерге ай сайын 2 АЕК (8 650 теңгеден) әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Оларды қолдауға 7 млн теңге бөлінген.
Ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде ақталған 33 адамға 65 АЕК (281 125 теңгеден) төлеу жоспарланған. Бұл үшін 9,2 млн теңге қарастырылған.
Ұлытау облысында 18 жастан асқан I, II және III топтағы азаматтарға 20 мың теңгеден біржолғы көмек беріледі. Қаражат банк шоттарына өтінішсіз аударылып, төлемдерді 15 қазанға дейін аяқтау көзделген. Ал Жаңа жыл қарсаңында 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ 7–18 жас аралығындағы I, II және III топтағы балаларға 40 мың теңгеден төлеу жоспарланған.
Сонымен бірге Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күніне орай арнайы біржолғы төлем қарастырылмаған.
Осылайша, өңірлерде әлеуметтік қолдау шаралары әртүрлі мерзімде және әр санатқа қарай жүзеге асырылады. Төлемнің нақты мөлшері мен оны алу тәртібін азаматтар өз өңіріндегі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау органдарынан нақтылай алады.
