![]()
Шымкентте Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мүгедектігі бар азаматтарға арналған 150 орындық заманауи оңалту орталығы пайдалануға берілді. Бозарық шағынауданында бой көтерген әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Құрылысы 2024 жылдың желтоқсанында басталған кешен белгіленген мерзімнен бұрын аяқталды. Жалпы аумағы 5,3 гектарды құрайтын нысан ғимараттарының ауданы шамамен 22 мың шаршы метр. Мұнда медициналық, оңалту, спорттық, әлеуметтік және тұрғын инфрақұрылымды қамтитын бес блок қарастырылған.
Орталық I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационарлық форматта арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған. Қала әкімі жаңа нысанның ашылуы Президент тапсырмасын жүзеге асырудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте мүгедектігі бар азаматтар кешенді көмек алып, қолайлы жағдайда оңалтудан өте алатын заманауи орталық ашылды. Мұнда денсаулықты қалпына келтіруге, әлеуметтік бейімделуге және белсенді өмірге оралуға барлық мүмкіндік жасалған», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Кешен құрамына үш қабатты оңалту корпусы, емдік-сауықтыру бассейні, спорт және акт залдары, екі қабатты стационар, асхана, шеберханалар мен басқа да қажетті бөлмелер кіреді. Оңалту корпусында дәрігерлер кабинеттерімен қатар физиотерапия, механотерапия, массаж, сумен емдеу, логопедиялық және психологиялық көмек көрсетуге арналған арнайы бөлімдер жабдықталған.
Азаматтардың әлеуметтік және еңбекке бейімделуіне де басымдық берілген. Осы мақсатта тігін, қыш және слесарлық шеберханалар, шығармашылық бөлмелері мен кітапхана ашылған. Ал дене шынықтыру және сауығу үшін барлық жағдай қарастырылған. Бассейн бір мезгілде 46 адамға дейін, спорт залы 25 адамға дейін қабылдай алады.
150 орындық акт залында мүгедектігі бар азаматтарға арналған 40 арнайы орын бар. Уақытша тұруға арналған стационарда бір және екі орынды бөлмелер қарастырылған. Оның ішінде мүгедектер арбасын пайдаланатын азаматтарға бейімделген бөлмелер де бар.
Орталық отандық және шетелдік өндірістің заманауи медициналық жабдықтарымен, арнайы техникалармен қамтамасыз етілген. Қажетті рәсімдер толық аяқталғаннан кейін мекеме қызмет алушыларды қабылдай бастайды.
Жаңа орталықтың іске қосылуы қаладағы оңалту және арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, мүгедектігі бар азаматтардың денсаулығын нығайтуына, қоғамға бейімделуіне және белсенді өмірге оралуына кең мүмкіндік береді.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
