![]()
Кентау қаласына қарасты ауылдық елді мекендерде бұқаралық спортты дамыту, балалардың белсенді демалысына жағдай жасау және спорттық инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының дене шынықтырумен жүйелі айналысуына мүмкіндік беріп, жас ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған.
Атап айтқанда, биыл жергілікті бюджет есебінен Қарнақ ауылында бір балалар ойын алаңының, Құсшы ата елді мекенінде шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа нысандар ауыл балаларының спортпен шұғылданып, таза ауада белсенді демалуына қолайлы орта қалыптастырады.
Сонымен қатар спорттық және ойын алаңдарының айналасын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бұл ретте нысандардың қолайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де көңіл бөлінуде.
Ауылдардағы спорттық инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары бұған дейін де кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Мәселен, Қарнақ ауылында тұрғындардың өз қаражаты есебінен бұрын бес балалар ойын алаңы салынған. Ал 2025–2026 жылдары жергілікті бюджет есебінен осы ауылда үш ойын алаңы бой көтеріп, Құсшы ата елді мекенінде бір балалар ойын алаңы мен футбол стадионының элементтері орнатылды.
Бұл жұмыстар қала орталығында да қарқынды жалғасуда. Биыл Кентауда көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жаңарту және тұрғындарға қолайлы спорттық-ойын кеңістігін қалыптастыруға басымдық берілді. Атап айтқанда, екі жылға жоспарланған кешенді жоба аясында 33 тұрғын үй ауласын абаттандыру көзделген. Оның ішінде биыл облыстық бюджеттен бөлінген 500 миллион теңге есебінен сегіз ауланы жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Аула аумақтарында шағын футбол және балалар ойын алаңдары, спорттық элементтер, жаттығу құрылғылары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы, демалыс орындары мен көгалдандыру жұмыстары да қамтылған. Сонымен қатар қала шетіндегі аумақтарда жергілікті бюджет есебінен тағы 12 ойын алаңшасын салу жоспарланған. Бұл бастамалар балалардың қауіпсіз ортада ойнап, жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін инфрақұрылымды кеңейтуге бағытталған.
Жалпы, бүгінде Кентау қаласында 82 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында екі стадион, бес спорт кешені, 42 спорт залы және 32 ашық спорт алаңы бар. Тұрғындар үшін жүзу бассейні де қолжетімді. Сонымен бірге қалада заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны екі миллиард теңгені құрайды. Жаңа нысанда балалар мен жастардың спорттың әр түрімен айналысуына арналған әмбебап залдар, күрес, бокс және басқа да спорт бағыттарына қажетті жағдай қарастырылған. Құрылыс нысанын 2027 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Спорттық инфрақұрылымның дамуы жергілікті спортшылардың жетістіктерімен де сабақтас. 2026 жылдың басынан бері кентаулық 203 спортшы түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлдеге қол жеткізген. Оның ішінде 100 спортшы облыстық біріншіліктерде, 92-сі халықаралық турнирлерде топ жарса, тоғыз спортшы Қазақстан чемпионаттарында жүлдегер атанған. Сондай-ақ қала спортшылары Азия және әлем чемпионаттарында ел намысын қорғап, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Алдағы жылы Қарнақ ауылында тағы екі балалар ойын алаңын салу жоспарланып отыр. Мұндай жұмыстар өзге де ауылдық елді мекендерде жалғасын табады. Ауылдар мен қала аумағында спорттық инфрақұрылымды көбейту – бұқаралық спортты дамытудың маңызды тетігі. Қолжетімді спорт нысандары тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етіп қана қоймай, өскелең ұрпақтың спортқа қызығушылығын арттырып, болашақ чемпиондардың қалыптасуына негіз қалайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
