Кентауда тарихи-мәдени мұра мен ұлттық өнерді ұлықтаған интеллектуалдық ойын ұйымдастырылды

Loading

Кентау қаласында тіл үйренушілердің таным көкжиегін кеңейтіп, тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттауға бағытталған «English is a World Language» атты интеллектуалдық ойын ұйымдастырылды. Қалалық тілдерді оқыту және дамыту орталығы өткізген сайысқа ағылшын тілін меңгеріп жүрген қатысушылар жиналып, білімдері мен шығармашылық қабілеттерін ортаға салды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қатысушылардың ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын жетілдірумен қатар, Қазақстанның тарихы, көрікті жерлері мен халқымыздың ұлы тұлғалары туралы білімдерін тереңдету, ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттыру болды. Интеллектуалдық ойынның мазмұны тіл үйренуді тарихи таныммен және шығармашылық өнермен ұштастыруға негізделді.

Байқау өзара мазмұндық байланысы бар төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы «Introduction» кезеңінде қатысушылар өздерін ағылшын тілінде таныстырып, сөйлеу мәдениеті мен тілдік сауаттылығын көрсетті. Ал «Inventors» кезеңінде Қазақстанның тарихи орындары мен көрікті жерлеріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, туған елдің тарихы мен мәдени мұрасы жөніндегі білімдерін ортаға салды.

«Great People» кезеңі қазақ халқының әйгілі тұлғаларын танып-білуге арналды. Қатысушылар ел тарихында өзіндік із қалдырған ұлы адамдар туралы мәліметтер ұсынып, олардың өмірі мен еңбегіне қатысты танымдарын танытты. Бұл кезең ұлттық тарихты, тұлғалар мұрасын және олардың кейінгі ұрпақ үшін маңызын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

Ал «Free Theme» атты қорытынды кезеңде қатысушылар шығармашылық қырынан танылды. Олар өз таңдаулары бойынша ән айтып, би билеп, өлең оқып, сахналық көріністер ұсынды. Осылайша, интеллектуалдық сайыс білім мен өнерді тоғыстырған мазмұнды мәдени алаңға айналды.

Байқау қорытындысы бойынша «Жұлдыз» балабақшасының өкілі  Қарашаш Жұмаханқызы Дүйсенбек бірінші орынды иеленді. Екінші орын «Даму бала» оқу-үйірме орталығынан қатысқан  Нилуфар Ташполатқызы Мамедова мен «Ер Төстік» балабақшасының өкілі  Дидар Қайратқызы Абиловаға бұйырды. Үшінші орынды Шаштөбе жалпы білім беретін мектебінің өкілі Гузал Абдигаппарова  мен «Ер Төстік» балабақшасының өкілі  Балнұр Әлімбекқызы Тоғұмбетова иеленді. Ал сайысқа белсенді қатысқаны үшін Кентау политехникалық колледжінің өкілі  Елена Дмитриевна Ахмеджанова арнайы марапатқа ие болды.

Қатысушылардың өнері мен білімін саралаған қазылар алқасының құрамында қалалық тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры Ақмарал Утепбаева, орталық әдіскері Малика Назарова және ағылшын тілі оқытушысы Зилола Садирханова болды.

Мазмұнды сайыс қатысушылардың білімін шыңдап қана қоймай, туған елдің тарихы мен мәдениетін тереңірек тануға, ұлттық тұлғалардың мұрасын құрметтеуге және өнер арқылы өз қабілеттерін танытуға жол ашты. Мұндай танымдық-шығармашылық бастамалар тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттаудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырып, өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытуға ықпал етеді.

Кентауда ұйымдастырылған мұндай интеллектуалдық-шығармашылық сайыстар тіл үйренуді ұлттық тарих пен мәдени мұраны танумен сабақтастырады. Қатысушылардың білімін, өнері мен ізденісін ұштастырған байқау туған жердің тарихи орындарын, елге еңбегі сіңген тұлғаларды жас ұрпаққа танытудың тиімді алаңына айналды. Осындай бастамалар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға, мәдени мұраға құрметін арттыруға және Кентаудың рухани-мәдени өмірін жандандыруға үлес қосады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You