![]()
19 қазанда елімізде Құтқарушылар күні аталып өтеді. Осыған орай Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында азаматтық қорғау саласы қызметкерлеріне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсім алдында арнайы құтқару техникасы мен заманауи жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Қала әкімі көрмеге қойылған техникалармен танысып, олардың төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ оқыс оқиғалардың салдарын жою бағытындағы мүмкіндіктеріне назар аударды. Заманауи құрал-жабдықтар құтқарушылардың жұмыс тиімділігін арттырып, адам өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады.
Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған жиында қала әкімі құтқарушыларды төл мерекесімен құттықтап, олардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегіне жоғары баға берді. Ол құтқарушы мамандығы үлкен жауапкершілікті, темірдей тәртіпті, жоғары кәсібилікті және кез келген жағдайда адам өмірін арашалауға дайын болуды талап ететінін атап өтті. Қызмет барысында жеке басының қауіпсіздігіне қарамастан, өзгелердің өмірі мен денсаулығын қорғауды басты міндет санайтын мамандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін жеткізді. Сонымен қатар бірқатар қызметкерге қала әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.
Іс-шара барысында қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Тілеуберді Мәдиев Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен қызметкерлері, құрылыс, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының мамандары түрлі медальдармен және Алғыс хаттармен марапатталды. Бірқатар қызметкерге кезекті арнайы атақтар беріліп, олардың кәсіби қызметіне көрсетілген құрметтің белгісі ретінде салтанатты түрде табысталды.
Айта кету керек, қала аумағының кеңеюі мен халық санының артуына байланысты төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту және инфрақұрылымын дамыту маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Қазіргі таңда Шымкентте жаңа өрт сөндіру деполарының құрылысы жүргізіліп, төтенше жағдайлар қызметі, жедел медициналық жәрдем және полиция бөлімшелерін біріктіретін заманауи көпфункционалды сервистік орталықтар ашылуда. Сонымен қатар арнайы техникалар паркі кезең-кезеңімен жаңартылып келеді.
Мұндай жүйелі жұмыстар төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға бағытталған. Қалада қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіру, құтқару қызметінің әлеуетін күшейту және мамандардың тиімді жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасау алдағы уақытта да жалғасын табады.
Мерекелік іс-шара соңы құтқарушыларға арналған концерттік бағдарламамен түйінделді.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
