“Shymkent Plazaда» ковидке қарсы вакцинациялау жүргізілуде. Бұл туралы Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы хабарлайды.
“Shymkent Plaza» сауда орталығында ковидке қарсы вакцинациялау жүргізілуде. Бұл туралы Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлім етті.
Мұндағы жылжымалы егу пунктінде темір жол ауруханасының мамандары орталық қызметкерлері мен ерікті түрде келген қала тұрғындарына ковидке қарсы екпе салып беріп жатыр.
Медицина мамандары сауда орталығында күнделікті кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Айта кетейік, қоғамдық орындар мен арнайы мекемелерде ұйымдастырылған егу пунктеріне кез келген қала тұрғыны келіп, ерікті түрде вакцина салдыртса болады.
Екпеден бұрын азамат міндетті түрде сауалнама толтырып, дәрігердің тексеруінен өтеді. Қарсы көрсетілімдері болмаса, ковидке қарсы вакцина салдыртуына болады.
Сондай-ақ, өткен тәулікте қалада 7 122 адамға вакцина салынды: I компонент – 5 918, II компонент – 1 204 адам. Егу науқаны басталғалы барлығы 89 957 адам вакцинацияланды. Оның ішінде 10 312 адам вакцинаның екі компонентін алды.
Шымкент қаласы эпидемиологиялық жағдай бойынша бүгінде «сары аймақта» орналасқан. Қалада екпе егу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Вакциналау бекеттерінің саны да артып отыр. Сол себепті тұрғындарды тезірек екпе салдыруға шақырамыз.
«ANYQ.KZ» — ақпарат