Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев «Келес ауданы әкімі аппараты» мен дербес бөлімдер жайғасатын ғимарат құрылысы және Біртілек ауылдық округінің Димитров елді мекеніндегі ішкі газ жүйесін қысымдау жұмыстарымен танысты.
Мердігермен кездесуде атқарылатын жұмыстардың барысын көріп, құрылыс нысандарының кемшілік тұстарын айтып, оларды жоюға жұмыс жасау тапсырылды және тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
«Әрдайым мердігерлердің құрылыс нысандарындағы жұмыстарын сапалы жасауға көңіл бөлу қажет. Бұл күндері халыққа көзбояушылық қажет емес. Осы ретте ауданымызда жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының сапалы болуына әр мекеменің бірінші басшыларының назарында болуы керек деп есептеймін. Сондай-ақ мердігер мекеменің құрылысшыларының саны да сапасы да талапқа сай болуы қадағалауда болады. Бұл жұмыстардың барлығы халық игілігі үшін іске асып жатыр. Себебі халыққа қызмет ететін мамандарға қолайлы жағдай жасай отырып, оларға талапты да күшейтеміз», — деді Ақментай Есбаев.
Бүгінгі күні түйіткілді мәселенің күн тәртібінен түспеген Біртілек ауылдық округіндегі Амангелді, Димитров және Керегетас елді мекендерінің ішкі газ жүйесін қысымдау жұмыстары жүргізілуде.
Жұмысшылармен кездескен аудан әкімі өз сөзінде: «Өздеріңізге мәлім Сарыағаш ауданындағы Таскескен АГТС құрылысы бастапқыда жасалған жоба аясында аяқталғанымен, халыққа газ таратушы мекеме «ИнтерГаз» мекемесінің талаптарына сай келмегендіктен нысан іске қосылмай келді. Бүгінгі таңда қойылған талаптар көрші аудан тарапынан ретке келтіріліп, қосылу жоспарлануда. Ендігі кезекте біз ішкі жүйемізді реттеуіміз керек. Олар газ беріп біз қабылдай алмасақ – бізге сын. Сондықтан талапқа сай, сапалы жұмыс атқаруымыз керек», — деді.
«ANYQ.KZ» — ақпарат