![]()
Шымкентте есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреспен қатар, нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Негізгі басымдық – жастар арасында есірткінің зияны туралы түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте айтылды.
Жыл басынан бері мемлекеттік органдармен бірлесіп, есірткі мен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған 788 іс-шара ұйымдастырылып, оларға 114 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде жастардың есірткіге қарсы көзқарасын қалыптастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және құқықтық жауапкершілікті түсіндіруге арналған кездесулер мен ақпараттық науқандар бар.
Сонымен қатар қала аумағында есірткі заттары мен заңсыз интернет-ресурстарды насихаттайтын граффити-жазуларға қарсы жұмыстар күшейтілді. Бүгінде мыңнан астам осындай сурет пен жазу анықталып, жойылды. Маусым айында тұрғындардың назарын есірткінің зиянына аударып, қоғамдық белсенділікті арттыру мақсатында «Шымкент – есірткісіз қала» атты кең ауқымды акция өткізілді.
Профилактикалық жұмыстардың маңызды бағыты – білім беру ұйымдарындағы түсіндіру шаралары. Өткен оқу жылында мектептер мен басқа да білім беру мекемелерінде 516 кездесу, дәріс және тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Сонымен қатар 120 ата-аналар жиналысында есірткінің алдын алу, балалардың қауіпсіздігі және құқықтық жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.
Жаңа оқу жылында бұл жұмыстарды жалғастыру көзделіп отыр. Оқушылар, студенттер және ата-аналар үшін профилактикалық кездесулер, ақпараттық дәрістер мен түсіндіру шаралары тұрақты түрде өткізіледі. Құқық қорғау органдары өкілдері жасөспірімдерге есірткінің денсаулыққа, болашаққа және қоғамға келтіретін зиянын түсіндіріп, күмәнді ұсыныстардан сақтану жолдарын таныстырады.
Нашақорлықпен күрестің тиімділігі тек құқық бұзушылықты анықтаумен өлшенбейді. Оның алдын алу, жастарға дұрыс бағыт көрсету және отбасы мен білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыру да маңызды. Осы ретте Шымкентте жүргізіліп жатқан кешенді профилактикалық жұмыстар қоғамның есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыруға бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
