![]()
Шымкентте есірткі қылмысының алдын алу, заңсыз айналымына тосқауыл қою және есірткі заттарының таралу арналарына қарсы күрес бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте айтылды.
Шымкент қаласының Полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету аясында есірткі қылмыстарын анықтау, олардың жолын кесу және заңсыз таралуына жол бермеу бойынша жүйелі шаралар жүргізіп келеді. Биылғы жылдың жеті айында қалада есірткіге қатысты 296 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Оның 53-і есірткі өткізуге, 12-сі аса ірі мөлшерде сақтауға, 19-ы есірткі өсімдіктерін егіп-өсіруге байланысты болса, 197 факті есірткіге қатысты қылмыстық теріс қылық ретінде тіркелген.
Қазіргі кезде есірткінің интернет кеңістігі арқылы таралуына да айрықша назар аударылуда. Жыл басынан бері заңсыз есірткі саудасына қатысы бар 1225 интернет-сайт, әлеуметтік желідегі парақша және мессенджерлік арна анықталып, бұғаттауға жолданған. Сонымен бірге қылмыстық әрекеттерде пайдаланылған 576 банк шоты анықталып, оларға шектеу қойылды.
Есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіруге қарсы «Қарасора-2026» республикалық арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы маусым айының басынан бері жүргізілуде. Оның аясында жеке үйлерді аралау, аумақтарды тексеру және әуеден бақылау арқылы заңсыз егіс пен сақтау фактілері анықталуда. Шара барысында қала орталығындағы жеке тұрғын үйден 300 келіден астам есірткі өсімдігі тәркіленді. Тамыз айында Тұран шағынауданында синтетикалық есірткі өсімдігін жасанды жағдайда өсіруге арналған «фитозертхана» анықталып, есірткі өсімдігі мен екі қару тәркіленді.
Жалпы жыл басынан бері қалада есірткі өсімдіктерін үй жағдайында өсірудің 19 фактісі анықталған. Сонымен қатар синтетикалық есірткіні интернет арқылы таратуға қарсы жедел-іздестіру жұмыстары күшейтілді. Нәтижесінде онлайн саудаға қатысты 49 дерек тіркеліп, «закладчик» әдісімен айналысқан 40 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, қабылданып жатқан кешенді шаралар есірткінің заңсыз айналымын қысқартуға, оның таралу арналарына тосқауыл қоюға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Профилактикалық жұмыстармен қатар, интернет кеңістігіндегі заңсыз әрекеттерді анықтау мен жолын кесу жұмыстары да тұрақты жалғасуда.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
