![]()
Шымкенттегі Қабанбай батыр көшесінде орналасқан үш 12 қабатты тұрғын үйді қала тұрғындары «Үш батыр» деп атап кеткен. Өткен ғасырдың 80-жылдарының басында бой көтерген бұл үйлерде жылдар бойы жоғарғы қабат тұрғындарын алаңдатқан мәселе – су қысымының төмендігі еді. Кей кездері қысымның жеткіліксіздігінен ауызсу пәтерлерге тұрақты жете бермеген.
Тұрғындардың тұрмысына қолайсыздық туғызған мәселені шешу мақсатында «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС тарапынан үшінші көтерілімдегі жаңа сорғы станциясы орнатылды. Заманауи қондырғы су қысымын қажетті деңгейде ұстап, биік қабаттарға судың үздіксіз әрі тұрақты берілуіне мүмкіндік берді.
Сорғы станциясының жұмысы автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Мұнда 20 басқару шкафы орнатылып, жабдықтардың жұмысын тиімді бақылауға жағдай жасалған. Автоматтандыру қолмен басқару қажеттілігін азайтып қана қоймай, адам факторынан туындайтын қателердің алдын алуға және жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Жаңғыртылған инфрақұрылымның нәтижесінде «Үш батыр» үйлеріндегі су қысымы тұрақтанып, жоғарғы қабат тұрғындары үшін ауызсудың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілді. Бұл – көзге бірден байқала бермейтін инженерлік инфрақұрылымның сапасы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететінін көрсететін нақты мысал.
Қалада коммуналдық жүйелерді жаңғырту жұмыстарының басты мақсаты да тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сенімділігін арттырып, әсіресе, көпқабатты үйлердегі инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету болып табылады. «Үш батырдағы» мәселенің шешілуі — осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі. Нәтижесінде тұрғындарға тұрақты су берілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
