![]()
Шымкентте қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бірқатар ірі жоба қатар жүзеге асырылуда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында жол құрылысы, спорт және туризм салаларындағы нысандардың жұмысымен танысып, құрылыс қарқыны мен орындалу сапасын тексерді.
Алдымен қала әкімі Тіленшин көшесіндегі автожол өткелінің құрылыс барысын көрді. Қазіргі таңда нысанның негізгі құрылымдарын бетондау жұмыстары аяқталған. Ендігі кезеңде өткелге іргелес жол инфрақұрылымын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Алтынсарин көшесін қайта құру және Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысының барысы қаралды. Қала әкімі мердігерлерге техника мен жұмысшылар санын көбейтіп, құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды. Ол нысандардың белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуы қажеттігін атап өтті.
Аралау барысында «Металлург» саябағындағы шахматшылар үйінің құрылысына да назар аударылды. Тұрғындардың ұсынысы негізінде демеушілер қаржысына салынып жатқан нысанды жақын арада пайдалануға беру жоспарланған. Ғимаратта жыл бойы жайлы жағдай жасау үшін жылы еден, салқындату жүйесі және қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Қала әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, нысанды ашылуға толық дайындауды тапсырды.
Бұдан бөлек, Әл-Фараби ауданындағы «Денсаулық» спорт кешенін қайта құру жобасы таныстырылды. Мұнда футбол және шағын футбол алаңдары, теннис корты, баскетбол және волейбол алаңдары, йогаға арналған арнайы аймақ салынып, аумақ толық абаттандырылады. Жаңартылған кешен тұрғындардың тұрақты спортпен айналысуына мүмкіндік беретін көпфункционалды кеңістікке айналмақ.
Қала әкімінің аралауы туризм саласындағы жобамен жалғасты. Бадам су қоймасының жағалауында орналасқан «O’MIR Shymkent» туристік кешенінің алғашқы кезеңі іске қосылды. Жалпы аумағы 74 гектар болатын жобаға шамамен 9 млрд теңге инвестиция тартылуда. Бірінші кезеңде 10 глэмпинг пен 10 капсулалы үй пайдалануға берілді. Алдағы уақытта кешенде мейрамхана, Сақ моншасы, спорт алаңы, амфитеатр, ат спорты және шарап өндірісіне арналған аймақтар орналасады.
Бұл жобалар Шымкенттің көлік және әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартумен қатар, тұрғындардың белсенді әрі жайлы демалысына жағдай жасауға және қаланың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Инвестициялық бастамалардың жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлікті дамытуға және мегаполистің тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
