
Кентау қаласында Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Өнегелі өмір – өшпес мұра» атты облыстық байқаудың іріктеу кезеңі өтті. Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткен байқаудың басты мақсаты ұлт руханиятының жанашыры, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қоғамдық-мәдени қызметін кеңінен насихаттау, кітапхана оқырмандарының тарихи тұлғаларға деген қызығушылығын арттыру және шығармашылық белсенділігін дамыту болып табылады.
Байқаудың ашылу салтанатында Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы мен Өзбекәлі Жәнібековтің қарындасы, ҚР Білім беру ісінің құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласы әжелер алқасының төрайымы Айғаным Абанқызы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау екі кезең бойынша өткізілді. І кезеңде қатысушылар «Өзбекәлі мен үшін кім?..» тақырыбында бейнеролик ұсынып, сынға түссе, ІІ кезеңде «Өзбекәлі Жәнібек – ұлт руханиятының жанашыры» тақырыбында презентация жасап, ғылыми-зерттеу жұмысын қазылар алқасы алдында қорғады. Нәтижесінде бас жүлде қалалық №1 кітапхана-филиалының оқырманы Аймерей Бақытжанға бұйырды. Тағылымды шара барысында Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт руханияты жолындағы өлшеусіз еңбегі насихатталып, жас ұрпақтың тарихи тұлғаларға деген құрметі мен танымы арта түсті.
Еске салайық, Өзбекәлі Жәнібеков – мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымның кандидаты. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Қазіргі Түркістан облысының Келес ауданында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі (1952-1955 жылдары), Келес ауданы комсомол комитетінің 1-хатшысы (1955-1956 жылдары), Шымкент облысының комсомол комитетінің хатшысы (1956-1961 жылдары), Қазақстан ЛКЖО ОК-нің 1-хатшысы (1961-1970 жылдары), Қазақстан компартиясы Торғай облысы комитетінің хатшысы (1970-1975 жылдары), Қазақстан компартиясы ОК-нің шет елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі (1975-1977 жылдары), Қазақстан Мәдениет министрінің орынбасары (1977-1988 жылдары); Мәдениет министрі (1987-1988 жылдары), Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы (1988-1991) қызметтерін атқарды. Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына үлес қосты.
Әр заманда елдің тарихы мен мәдениетін жаңғыртатын, ұлттың бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізе білетін алып тұлғалар болады. Солардың бірі әрі бірегейі – көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі этнограф Өзбекәлі Жәнібеков.
Ол атақ-абыройды қуған жоқ. Кеңестік идеологияға қарамастан, Алаш зиялыларының ақталуына атсалысты. Елдің Наурыз мейрамымен қайта қауышуына үлес қосты. Тайқазанды қайтарып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болды. Музей ашты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.
Оның балалық шағы қиындыққа толы болды. Әкесінен ерте айырылды. Соған қарамастан, барлық қиындыққа төтеп беріп, соғыстан кейінгі ауыр жағдайға мойыған жоқ. Жастайынан қара жұмысқа араласты. Отын шапты, шөп жинады, су тасыды, мал бақты. Аурушаң анасына барынша көмектесуге тырысты. 9 жасында анасынан айырылды. Жетімдіктің қамытын ерте киіп, тағдырдан әбден теперіш көрді. Соған қарамастан, білімін шыңдап, Абай атындағы Қазақ педагогика институтына түседі. Бірақ жоқшылықтың салдары сезілді. Ауылынан Алматыға шыққанда жолына ақша таппай қиналды. Ал қалаға барғаннан кейін күндіз сабақ оқып, кешке қара жұмыс істеді. Вагондардан жүк түсірген кездері аз емес.
Институтты үздік бітірген Өзбекәлі Жәнібеков алдымен оңтүстікке оралып, мектепке ұстаздық етіп, тарих пәнінен сабақ берді. Білімді әрі білікті ұстаз бірден көзге түседі. Оқу ісінің меңгерушісі болды. Қоғамдық шараларға белсене атсалысып жүрді. Сөйтіп, аудандық комсомол ұйымының жетекшісі қызметіне дейін көтеріледі.
Өзбекәлі Жәнібеков Келес ауданында қызметте жүргенде болашақ жары Халиханмен көңіл қосып, шаңырақ көтереді. Екі ұлы және бір қызы дүниеге келеді. Өзбекәлі балаларын қазақылыққа барынша баулып өсірген. Халыққа да жақын болды. Ел арасында оны «Өзаға» деп атайтын.
Өзбекәлі Жәнібеков мәдениет министрлігіне келген бойда қазақтың сәулет ескерткіштеріне көп мән бере бастады. Оның тұсында 400-ге жуық археологиялық нысанды қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де бар.
Өзбекәлі Жәнібеков құлпытастардағы араб тіліндегі жазуларды да қазақ тіліне аударуға атсалысты. Ол кезде кесененің сән-салтанаты болған атақты Тайқазанның орны бос тұрған. Оны 1935 жылы Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербор) қаласында өткен Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға апарған. Бірақ кері қайтарған жоқ еді. Араға 54 жыл салып, 1989 жылдың 18 қыркүйегінде Тайқазан тарихи отанына қайта оралды. Бұның бәрі – Өзбекәлі Жәнібековтің жанқиярлық еңбегінің арқасында болды. Ал оның тағы бір тапқырлық қырын Арыстан баб кесенесінің жұма мешітін қалпына келтіруге кіріскенде Мәскеу рұқсат бермейді. Содан Өзбекәлі Жәнібеков айлаға көшіп, Отырардың суландыру жүйесінің экспозициясын жасаймыз деп, кезінде құлатылған мешітті қалпына келтірді.
Оның бастамасымен Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатымен «Арқас» қоғамы құрылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
