![]()
Түркістан облыстық Мәдениет басқармасына қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония өнер шеберлерінің кезекті Ш.Қалдаяқовтың 95 жылдығына және Өнер ордасының жылдық қорытындысына арналған «Ән аға-жан аға» атты гала-концерті өтті.
Фойеде «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі Шәмші әндерін әуеніне қосып көрерменді қарсы алды. Сондай-ақ әнсүйер қауым Шәмшінің өзі қолданған бұйымдарын арнайы әзірленген музейден тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Фуршет дастарханынан Шәмші ауылынан келген құрт, ірімшіктен ауыз тиіп, поно-тақтайшалары арқылы Шәмші Қалдаяқовтың ел аузында жүрген әндерінің шығу тарихынан хабардар болды.
Айтпақшы, сіз «Сыған серенадасы» кімге арналғанын білесіз бе? Бірде Шәмші ақын Төлеген Айбергеновтің үйінде қонақта болып, «Сыған серенадасын» орындап береді. Орындап отырып, бұл әннің орындаушысы әлі дүниеге келген жоқ деген екен. Кейін ақынның қызы өз құлағымен естіген осы әңгімесін Тоқтар Серіковке жеткізеді. Расында да, араға 30 жыл салып, эстрада жанрында халыққа кең тараған «Сыған серенадасын» саз әлемінің саңлақтары Тоқтар құтты орнына қондырды. Шоқтығы биік туындының тарихы жайлы да ел арасында екі пікір қалыптасқан. «Сыған серенадасын» театр сахнасына әкелген драматург Исраил Сапарбай «Шәмші шынында да Изольдаға ғашық болған, кейін ол тобырымен Тәжікстанға көшіп кеткенде, қимастықтан осы ән дүниеге келген» деседі. Ал, вальс королінің жан-жары бұл пікірді жоққа шығарған. Шәмші тек сыған халқының музыкасына қызыққан көрінеді.
«Дүнген қызы» әні қалай шыққан? Дүнген қызы жайлы да осындай алып қашпа әңгіме көп. Алайда, ол ешқандай дүнген қызына ғашық болмаған. Тек олармен көрші тұрып, сол ұлттың тұрмыс-тіршілігі, болмыс-бітімін жақсы таныған. Көпшілік Шәмшінің өмірінің соңғы жылдарын Жамбыл өңірінде өткізгенін жақсы біледі. Жалпы, Шәмшінің Әулиеата жеріне деген махаббаты ерекше болған. Осы елдің жаймашуақ халқына арнап, қаншама әндер шығарған. Бір ғана «Дүнген қызы» емес, «Сағынышым менің», «Фосфорлы Жамбыл», «Әсемсің әніңдей», тіпті, «Отырардағы той» мен «Теріскейді» де осы елде жүріп жазған.
«Ақ бантик» әнінің шығу тарихы туралы да білгенімізді айта кетейік. Сырлы лирикаға толы бұл әннің тарихы ондағы әрбір сөзбен тікелей байланысты. Тіпті композитор мен ақынның ортақ шешімімен туындаған дүние десек болады. Бірде Шәмші мен Мұхтар Шахановты өнердегі ортақ достары Қаражан Әбіләзимов өз үйлену тойына шақырады. «Тойға әннен артық сый бола ма?!» – деп, қос автор «Ақ бантик» әнін жазып, тарту етеді. Әнді «Ақ бантик» деп атағандары әлгі достарының жары мектепті енді бітірген, үлбіреп тұраған балауса қыз екен. Сөйтіп, бір қызға арналған ән өміршең мұраға айналды.
Иә, 40 жылдан астам шығармашылық қызметінде сазгер 300-ге жуық музыкалық туынды жазды. Композитор 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын алды. Ал 1991 жылы оған «Қазақстан Республикасының Халық әртісі» құрметті атағы берілді.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен кеште филармония өнер шеберлерінің орындауында Шәмшінің таңдаулы әндері шырқалды. Ән падишасының өмірі мен шығармашылығына арналған бейне роликтер LED экран арқылы көрерменге көрсетілді.
Концерттің шымылдығын Филармонияның дәстүрлі әншілері «Отырардағы той» әнімен ашты. Өнерпаздарды 23 жылдық тарихы бар «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестр, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі, «Тұмар» этно фольклорлық ансамблі сүйемелдеді. Сонымен қатар кеште «Фараб», «Ғасыр» би ансамбльдері өнер көрсетті.
Кеште «ҚР Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Наркенже Серікбаева, Хадиша Сейітова, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Айдар Тұрғанбек, халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Сарын» тобы және филармонияның өзге де талантты өнер майталмандары өнер көрсетті.
Айта кетсек, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнер ұжымы жылды сәтті қорытындылап, келер жылы ауқымды концерттік жобаларын көрерменге ұсынатын болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
