![]()
Түркістан облысында 2026 жылдың алғашқы алты айында мемлекеттік бюджетке 517,5 миллиард теңге көлемінде салық түсті. Нәтижесінде жоспар 101,7 пайызға орындалып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бюджет кірісі 56,8 миллиард теңгеге артып отыр. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Сәуле Шырынбекова мәлімдеді.
«Түркістан облысында салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру жұмыстарының нәтижесінде 6 миллиард теңгеден астам қосымша кіріс көзі анықталып, бюджетке түсті. Оның ішінде, камералдық бақылау арқылы – 2 миллиард теңге, жер қойнауын пайдаланушыларды әкімшілендіру есебінен – 500 миллион теңге, кедендік және ҚҚС әкімшілендіру бағытында – 2,9 миллиард теңге, өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру нәтижесінде 1,7 миллиард теңге қосымша түсім түсті. Көлеңкелі экономикамен күрес және заң бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Жыл басынан бері кедендік бақылау барысында заңсыз есірткі заттарын тасымалдаудың 27 дерегі, мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 77 және шетел валютасын заңсыз алып өтудің 3 дерегі анықталды. Сонымен қатар, рейдтік іс-шаралар барысында 667 салықтық құқық бұзушылық тіркелді»-деп баяндады сала маманы.
Сонымен қатар, облыстық кірістер департаменті мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін артырып келеді. Жарты жыл ішінде облыс бойынша тұрғындарға 900 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 99 пайызы электронды форматта ұсынылған. Жаңа Салық кодексін түсіндіру және кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында өткізілген «Халық бухгалтері» акциясы аясында 56 іс-шара ұйымдастырылып, 5 мыңға жуық салық төлеушіге тегін кеңес берілді. Бұдан бөлек, салық және кеден заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіру бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 1414 байланыс орталығы арқылы 20 мыңнан астам азаматтың өтініші қаралған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
