Түркістан облысында нарықты отандық өнімдермен қамтамсыз ету мақсатында құны 10 миллиард теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба іске асырылды

Түркістан облысында егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 3 миллион тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды. Жыл соңына дейін өнім көлемін арттыру көзделген.

Биыл 360 миллиард теңгеге ауыл шауарылығы өнімдері өндірілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылдан 10 мың гектарға ұлғайып, 870 мың гектарға жетті.

Елімізде салынған жылыжайлардың 71 пайызы облысқа тиесілі екені мәлім. Жалпы көлемі 1 мың 577 гектарға жетіп, 117 мың тонна өнім өндірілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың табысын арттыру бойынша облыс деңгейінде іс-шаралар кешені қабылданды.

2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарланып отыр.

«Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» тәжірибесі аясында 9,5 гектарда 2 мың 411 жоба жүзеге асырылды. 241 мың тонна көкөніс өнімі жиналды. Салаға бағытталған инвестиция 1,5 есе артып, 47,7 миллиард теңгеге жетті. Нарықты отандық өнімдермен қамтамсыз ету мақсатында облыста 10 миллиард теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба іске асырылып, 334 жұмыс орны ашылды.

Инвестиция демекші, Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыповпен кездескен болатын. Кездесу барысында тараптар Түркістан облысында іске асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарларды талқылады.

Еске салайық, «Самұрық-Қазына» қоры Түркістан облысында екі ірі инвестициялық жобаны іске асырып жатыр. Атап айтқанда, Төлеби ауданында «Бу газ қондырғысы базасындағы қуаттылығы 926 МВт электр стансасы», Созақ ауданында «Күкірт қышқылы зауыты» құрылысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ облыстың туристік әлеуетін артыру мақсатында Түркістан қаласында «Достық үйі» мен «Ипподром» әлеуметтік жобаларының құрылысы жоспарланған. Басқосуда бұл жобаларды «Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры» арқылы қаржыландыруды қарастыру мәселесі талқыланды.

Облыс әкімі Түркістан облысында уран өндірумен айналысатын «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының салығынан төленетін кірісінен 1% (7,4 миллиард теңге) және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын инвестициядан 2% (2,4 миллиард теңге) төлемді өңірдің әлеуметтік дамуына төленуін қарастыруды ұсынды. Мәселе зерделенетін болды.

Облыс басшысы елді мекендерді сапалы байланыспен, интернетпен қамтамасыз ету, Түркістан облысын табиғи газбен қамтамасыз ету секілді бірнеше өзекті мәселелерді ортаға салды. Олардың шешу жолдары қаралды. Энергетика саласы бойынша да бірқатар ұсыныстар айтылды.

Облыстың туристік әлеуетін артыру мақсатында Түркістан қаласында бірқатар әлеуметтік жобалардың құрылысы жоспарлану үстінде. «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесе әлеуметтік жобаларды іске асыруға келісті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлескен жобаларын іске асыру жөніндегі одан әрі қадамдар туралы уағдаласты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin