Түркістан облысында шағын және орта бизнесті қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін Сауран ауданында 30 гектар аумақта шағын өнеркәсіптік аймақ жобасы іске асырылып жатыр

Жобаның жалпы құны – 12,9 миллиард теңге. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Өңір басшысы кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстармен тікелей өзі айналысып жатқанын мәлімдеді.

– Экономиканы көтеру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвесторларға, отандық кәсіпкерлерге жағдай жасауға басымдық берудеміз. Мен кәсіпкерлерді күтіп отырмаймын, алдына өзім барамын. Тіпті, өңірде жобасын жүзеге асырғысы келетін кейбір кәсіпкерлерді әуежайдан өзім күтіп алып жүрмін. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Біз кәсіпорындарды көбейту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Осы мақсатта өңірде шағын өнеркәсіптік аймақтар құруды бастадық. Жобаға сәйкес алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимаратты салу көзделіп отыр. Жалпы алаңы 66 528 шаршы метрге жетеді. Қазір 11 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылды. Мұнда шағын кәсіпорындар жұмысын бастайды, – деген Дархан Сатыбалды шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады.

Түркістан облысында қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. Жыл басынан 28 мыңға артып, бүгінгі таңға 213 мың бірлікті құрады. Жыл басынан 1 триллион теңгеден астам өнімі шығарылды. Кәсіпкерлердің басым бөлігі — ауыл шаруашылығы (48,3%), сауда (23,3%), туризм (20,3%) және өнеркәсіп (6%) саласында.

Бизнес субъектілері 21,3 миллиард теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Келесі жылы кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелендіру көлемін 40 миллиард теңгеден асыру жоспарлануда.

Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы 20 мыңнан астам қызмет түрі тегін көрсетілді.

Реті келгенде атап өтейік, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, тиімділігін арттыру мақсатында Түркістан облысының Сауран ауданында 1 гектар аумақта көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды.

– Түркістан облысында ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Дегенмен өнімді сақтау және терең өңдеу мәселелері өзекті. Біз осыған мән берудеміз. Жуырда Түркістан қаласының іргесіндегі аумақта көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды. Жоба құны – 1,4 миллиард теңге, қуаттылығы – 4 000 тонна. Келесі жылы пайдалануға тапсырылады, – деді облыс әкімі.

Аймақта кәсіпкерлерді қолдау мақсатында келесі жылдан бастап, қоймаларды салу үшін жұмсалатын инвестициялық шығынның 50 пайызын өтеу қарастырылып жатыр.

Тағы айта кетерлігі, облыс халқының 80% ауылда қоныстанған. Негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Басқа саламен салыстырғанда табыс төмен. Осыған орай, ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта іске асырылуда. Бұл мақсатқа бюджеттен 19,8 миллиард теңге бөлінді. Пилоттық жобаға 64 ауылдық округ белгіленді.

Бүгінгі таңда 14,8 миллиард теңгеге 2 496 жоба қаржыландырылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3 413 жаңа жұмыс орны ашылады, қосымша 30 миллиард теңгеге өнім өндіріледі. Жобаға қатысушылардың орташа табыс өседі, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азаяды, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі ұлғаяды деп күтіліп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin