Түркістан облысында экономикалық дамудың 14 көрсеткіші бойынша Төлеби ауданы бірінші тұр

Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Төлеген Телғараевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтті. Жиынның күн тәртібінде екі мәселе қаралып, ол бойынша салалық бөлім басшылары баяндама жасады.

Ауданның 2023 жылғы І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мансұр Ашрапов баяндады. Ауданның бас экономистінің баяндамасында көрсетілгендей, 2023 жылдың 3 айының кіріс бөлігі нақты 847 миллион теңгені құраса, қаржы игеру жоспары 100 пайызды құрайды. Өнеркәсіп саласы негізінде 9 миллиард 001 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Кәсіпкерлікті қолдау картасы бағдарламасы шеңберінде жұмыстар жүргізіліп, бюджет есебінен 393 миллион теңге, кәсіпорындар мен ұйымдардың, халықтың өз қаржысы есебінен 2 миллиард 251 миллион теңге инвестиция тартылған. Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі көрсеткіштер: егістік жерді әртараптандыру, 1 алқаптан 2-3 өнім алу, тамшылатып суғару, қарқынды бау егу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау, жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау бойынша белгіленген меже бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал, 1000 бастан жоғары бордақылау алаңдарын ашу, 200 бастан жоғары сүт тауарлы фермасын іске қосу, 5000 бастан жоғары отбасылық құс фермаларын ашып, ауыл шаруашылығы кооперацияларын құру бағытындағы жобаларды жүзеге асыру үшін келіссөздер жүргізілуде.

Жүйелі жұмыс, нақты нәтижеліліктің дәлелі, экономикалық дамудың 14 көрсеткіші бойынша Төлеби ауданы облыс аумағындағы 17 аудан арасында бірінші орыннан көрінді.

Жиын барысында аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы қала, ауылдық округтерінің рейтинг көрсеткіштері бойынша әкімдерге сұрақтар қойып, жұмысты жандандыруды тапсырып, инвестиция тарту саласын жетілдіру қажеттігін айтты.

Аудан аумақтарын көркейту, абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысы жөнінде ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серғазы Қалдыбаев хабарлады. Аудан аумағында көркейту, абаттандыру негізінде 400,9 миллион теңгеге 10 нысанның құрылысы жүргізіліп, кей құрылыс жұмыстары биылғы жылы жалғасын табуда. Атап айтар болсақ, Әңгірата елді мекеніндегі аллеяны қоршау, І мөлтекауданға түнгі жарықтандыру, бейнекамералар орнату, жолдар кеңейтіліп, аяқ жолдар салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қазіргі кезде көп қабатты тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың сыртқы қасбетін әрленіп, темір жол аумағына көркейту, сәндік ағаштар, гүлдер егілуде. Көше бойындағы мекемелердің және сквер, аллея қоршауларын және аялдамаларды бояу жұмыстары жүргізілуде.

Бұған қоса, Қапал батыр көшесіндегі егілген көшеттерге сәндік қоршап, жарнамаларық панолар орнату (Ә.Бектаев, Қапал батыр көшесіне), Ленгір-Достық тас жолын көркейту жұмыстары атқарылатын болады.

Мәжіліс күн тәртібінде қаралған екінші мәселе бойынша аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойғабағаров сұрақтар қойып, егілген көшеттерді күтіп-баптау дәрілеу жұмыстарына қатысты ұсыныс-пікірін жеткізді.

Қоғамдық кеңес төрағасы Бұхар Оралбеков қала аумағын көркейту бойынша атқарылған жұмыстарға оң баға беретінін, дегенмен түнгі жарықты сындыру, аркаларды бүлдіру, көше бойындағы тынығуға арналған орындықтарды бөлшекке бөліп тастау жәйттары орын алатынын, тәртіпсіздікке шақыру, бұзақыларды жауапкершілікке тарту жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.

Осы тұста атап өтер маңызды жайт, биыл алғашқы тоқсанда Түркістан обылысында макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі байқалды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 209,4 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіне өсім 106,3% құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 118,4 миллиард теңгені, немесе 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,1%-ды құрады Облыс экономикасына 97,2 миллиард теңге инвестиция бағытталып, 1,6 есе артты.

Аппараттың апталық отырысында Түркістан облысының әкімі индикаторларды сапалы орындап, ішкі жалпы өнім мен кірістер көлемін арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте жалпы ішкі өнімнің өсімін жыл сайын 6 пайыздық деңгейде қамтамасыз етуді тапсырды. Тиісінше инфляцияны осы жылдың қорытындысымен 2 есе төмендету қажет. Бұл үшін өсудің қосымша көздерін табуымыз керек. Атап айтқанда, өндеу өнеркәсібінде, агроөнеркәсіптік кешенде, құрылыс пен қызмет көрсету секторында резервтеріміз бар. Осы бағыттарда әлеуетімізді толық пайдалану үшін нақты шаралар қабылдансын. Әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыста І тоқсанда оң өсімдерге қол жеткізілді. Бірақ жекелеген аудан, қалаларда бірқатар бекітілген индикаторлардың орындалуы төмен деңгейде қалыптасты. Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі индикаторларының орындалуын қамтамасыз етпеген басқарма басшыларының жауапты орынбасарлары мен аудан, қала әкімдері орынбасарларының жауапкершілігі қаралады. Облыстық басқарма басшылары және аудан, қала әкімдері, белгіленген көрсеткіштердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етсін. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржылар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары өз мерзімдерінде жүргізілуі шарт, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын жандандыруды, «Ауыл аманаты» бағдарламасын сапалы атқару және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім саласын көтеру, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша да жауаптыларға тапсырмалар берді.

Өңірде бірінші тоқсанда құрылыс жұмыстарының көлемі 31,5 миллиард теңгені немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 117,9% құрады.

Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 5,5%-ға артып, 120,2 мың шаршы метрге жеткен.

Аудан, қалалардың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына талдау жүргізу мақсатында 15 индикатор бойынша рейтингтік бағалау жүйесі енгізіліп, меморандум түзілді. І-тоқсан қорытындысымен 14 индикатор бойынша бағалау жүргізілді, 1 индикатор тоқсандық статистикалық деректердің шықпауына байланысты есепке алынбады. Жалпы, 14 индикатордың 10-ы бойынша жоспарланған межеге қол жеткізілген. Аудан, қала әкімдіктерінің рейтингі әзірленіп, тиісті бақылауға алынды.

Облыста 2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша жергілікті бюджетке 37,7 миллиард теңге кіріс түсіп, жоспар 120,9%-ға немесе 6,5 миллиард теңгеге асыра орындалды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда түсім 5,0 миллиард теңгеге артқан немесе өсу қарқыны 15,3%-ды құрап отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You