Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласында 329,1 миллиард теңгені құрайтын 110 инвестициялық жоба іске асады

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында аграрлық салаға аса басымдылық беріп, инвестициялық-инновациялық тартымдылығын арттыру, Қазақстанды Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналдыру міндетін қойып отыр. Ол үшін алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу көзделген. Бұл бағытта Түркістан облысында жоспар жасалып, ауқымды жұмыс атқарылмақ. Аталған мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен келелі отырыста талқыланды. Ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері сөз болып, саланы дамыту жолдары қаралды.

Бүгінде облыста жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бойынша – 22, ет өнімдерін қайта өңдеуде – 8, сүт өнімдерін қайта өңдеуде 23 кәсіпорын жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындардың басым бөлігінің технологиялық ескіруінен жеміс-көкөніс өнімдерінің 0,23 пайызы, ет өнімдерін 12,3 пайызы, сүт өнімдерінің 13,6 пайызы ғана қайта өңделуде. Бұл бағыттар бойынша жұмыс жүйеленіп, кәсіпорындар санын арттыру көзделіп отыр.

Халықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету бағытында 2027 жылға дейін жалпы құны 329,1 миллиард теңгені құрайтын 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Биылғы 7 айда құны 10,6 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба іске қосылып, 334 жұмыс орны ашылды. Атап айтсақ, 200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы бойынша — 2 жоба, мал бордақылау алаңын салу – 5 жоба, жаңбырлатып суғару – 4 жоба, 2,1 гектар фермерлік жылыжай салу – 5 жоба, балық өсіру – 5 жоба, сүт өңдеу цехын салу – 4 жоба және мал сою цехы мен бекетін салу бойынша 2 жоба жүзеге асты. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қайта өңдеу кәсіпорындарын құру және кеңейту жобалары бойынша инвестициялық субсидияны 2024 жылдан бастап 50 пайызға ұлғайту жоспарланып отыр. Осы арқылы өңдеу көлемін 2027 жылға қарай кемінде 40 — 50 пайызға арттыру межеленіп отыр.

Өңірде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде ірі сүт тауарлы фермаларын құруға 2023 жылға республикалық бюджеттен 6 миллиард теңге бөлініп, жұмыстар атқарылу үстінде.

Естеріңізде болса, биыл 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз.

Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет.

Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек.

Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн.

Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек.

Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек.

Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал.

Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн.

Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді.

Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.

Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз.

Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн.

Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек.

Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс» — деген болатын.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin