Түркістан облысының кәсіпкерлері енді өндірген өнімдеріне «Қазақстанда жасалған» таңба белгісін пайдалана алады

Қазақстанда жасалған әр өнімге ерекше мүмкіндіктер беріледі. Әр өнім ең таңдаулы, ең сапалы әрі ең жақсы тауар ретінде танылады. Ондай тауарларға 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген «ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН» таңба белгісінің ұлттық стандарты беріле бастады.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Түркістан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің хабарлауынша, таңба стандарттары отандық тауар өндірушілерден қосымша қаржылық шығындарды көздемейді, сондай-ақ ол белгі тауар құжатының ақпараттық сипатына ие.

Отандық өнімдердің артықшылығы басым. Өйткені Қазақстанда өндірілетін кез келген тауар, әсіресе, азық-түлік өнімдері синтетикалық қоспасыз таза табиғи шикізаттан жасалады. Бағасы қолжетімді. Түркістан қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік көрмесіне әкелінген тауарлар соның айқын дәлелі.

— Өзін «мен қазақстандықпын» деп санайтын әр адам дүкен сөрелерінен «Қазақстанда жасалған» белгісі бар өнімдерді таңдауына кеңес берер едік, өйткені, біздің өнімдеріміз ең жақсысы! Біз, Сіздерді әркез отандық өнімдерді көптеп сатып алып, оның игілігін көруге шақырамыз!, — дейді өңір кәсіпкерлері.   

Үздік демекші, жуырда Түркістан қаласында «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік байқау-көрмесі өтті. Көрмеге азық-түлік, машина жасау, химия, қолөнершілер, жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс индустриясының 80-нен астам тауар өндіруші қатысты. Отандық өнімдерді қолдау мен отандық өндірісті дамыту, халық арасында сапа идеясын насихаттау мақсатындағы көрме-байқаудың мән-маңызы зор.

Ерекше атап өткен жөн, облыс көлеміндегі кәсіпорындардың шығаратын өнімдері — тұтынушылар арасында жақсы сұраныста. Түркістан өңірі аграрлық өлке болғандықтан, көптеген кәсіпорындар тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс істейді. Бизнесті қолдау — Мемлекет басшысының, Үкіметтің тұрақты бақылауында. Бүгінгі күні кәсіпкерлерді қолдау бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымдық қолдау бойынша өңірде арнайы экономикалық аймақ және индустриалды аймақтар жұмыс істеп тұр. Алда өндірістік аймақ құрылмақ. Мұндағы негізгі мақсат — өндіріс орындарын арттыру. Облыс әкімдігі осы бағыттағы кәсіпкерлердің бастамаларын қолдауға дайын екенін әркез айтып келеді.

Сараптамалық комиссия «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтады. Өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі — басты талап.

Нәтижесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, Арыс қаласындағы поливинилхлорид түйіршіктері мен қоспасын шығаратын «Mega-Agat agro» ЖШС және керамикалық кірпіш шығару бойынша оңтүстік аймақта көш бастап келетін «BATSU» кірпіш зауыты жеңіске жетті.

Төлеби ауданындағы «Балмұздақ» ЖШС, Сарыағаш ауданындағы «Алекс-Сарыағаш» минералды су шығару зауыты және Түлкібас ауданында орналасқан жоғары сападағы экологиялық таза сүттен жасалатын «Майлыкент-сүт» ЖШС «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында топ жарды.

​«Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша минералды табиғи су шығаратын «Бекзат Бақ» ЖШС, «Asia Brand» ЖК жиһаз компаниясы және аяқ киім фабрикасы «Арай» ӨК жеңімпаз атанды.

«Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік байқауының жеңімпаздарына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Нұралы Әбішев бағалы сыйлықтар табыстады. Өңірлік іріктеу жеңімпаздары Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен жыл соңында Астана қаласында өтетін республикалық байқауға қатысады.

Сондай-ақ шара барысында «Мен кәсіпкер» жобасы аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың көрмесі өтті. «Бір ауыл — бір өнім» – оқыту және консультациялық сүйемелдеу арқылы жергілікті өнімнің бірегей түрлерін жасау және олардың сапасын арттыру.

Жобаға қатысушылар жергілікті брендтерді құруда нақты көмек, сондай-ақ халықаралық және республикалық сауда алаңдарына шығу үшін маркетингтік сүйемелдеуде қолдау алады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin