Түркістан облысының әкімі Әзірбайжан компанияларын инвестиция салуға, бірлесе жұмыс істеуге шақырды

Түркістан облысында «Шуша қаласының күндері» іс-шарасы аясында Әзірбайжан Республикасынан делегация келді. Бауырлас елден келген меймандарды Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қабылдады. Кездесуде Түркістан мен Әзербайжан мемлекеті, сонымен бірге Шуша қаласымен мәдени, экономикалық және рухани байланыстарды нығайту барысы сөз болды.

– Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Біздің облыс пен Шуша қаласының арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына қатысты пікір алмасуға жақсы мүмкіндігіміз бар. Бүгінде қайта түлеп, түрленіп келе жатқан Түркістан облысының халқы 2 миллионнан асады. Өңірде 23 мыңнан астам әзербайжан этносының өкілі тұрады. Түркістан облыстық «Гарабах» этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Өңірде әзірбайжан этносының тілі, мәдениеті мен дәстүрі күніне арналған іс-шараларын өткізуді дәстүрге айналдырған. Соңғы жылдары Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы мәдени, экономикалық, саяси қарым-қатынастар жылдан жылға тамырын терең жаюда. Өзара ынтымақтастықтың арқасында елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 462 миллион АҚШ долларын құрады. Бүгінде Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары, инвесторларға толық қолдау көрсетілуде. Әзірбайжан компанияларын да инвестиция салуға, бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Түркістан облысының қолөнершілер ассоциациясы биылғы мамыр айында Әзербайжанның Шуша қаласында Түркістанның салт-дәстүрлері мен қолөнер бұйымдарын таныстырып, көрмеге қатысты. Шушаның Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жариялануына арналған іс-шарада Түркістан облысының Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының әртістері өнер көрсетті. Осы үрдіс жалғасып, қос елдің арасындағы татулық, экономикалық және рухани-мәдени байланыстар нығая берсін, – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесуде Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті Гюнай Эфендиева: «Түркістанды бір көргенде ғашық болдым. Шаһар ұнады. Адамдары да ауа-райы секілді жылы екен. Туризм, мәдениет салалары бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл кездесу – сол игі істердің бастамасы», — деді.

Әзірбайжан Республикасы Президентінің Шуша қаласындағы арнайы өкілі Айдын Керимов және Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Агалар Атамогланов Түркістан мен Шуша қалаларының тарихи рөлі, Түркі елдерінің бірлігі жөнінде ой қозғады. Құшақ жая қарсы алған Түркістан жұртшылығына алғыстарын білдіріп, екіжақты байланыс нығая түсетініне сенімді екендерін жеткізді.

Түркістандағы «Фараб» кітапханасында өтетін «Шуша қаласының күндері» іс-шарасында Шуша суретшілерінің көрмесі, дизайнер және модельер Гульнар Халилованың «Қарабахтың ұлттық киімдері» дефилесі, «Хуршидбану Натаван» атты әдеби-музыкалық композициясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының бастауымен құрылған музыкалық ансамблінің концерті көпшілік назарына ұсынылды.

2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакуға ресми сапары аясында маңызды келісімдер жасалды. Сол сапарда екі елдің Президенттері Түркістан мен Шуша қалалары арасында бауырлас қарым-қатынастарды орнату туралы хаттамаға қол қойған болатын. Осы бағытта жұмыстар атқарылып келеді.

Айта өтейік, Халықаралық түрік мәдениеті мен мұрасы қорының ұйымдастыруымен Қазақстанның бас қаласы Астанада басталған Шуша күндері Түркістанда жалғасты. Киелі шаһарға келген делегацияны Халықаралық әуежайда қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қарсы алды.

Түркістанда өтетін Шуша күндері аясында бауырлас қалалардың іскерлік байланысын көздейтін жобалар талқыланып, білім, туризм, құрылыс және логистика салаларына қатысты екіжақты келісімдер түзілді.

Еске салған жөн, 2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының көлемі шамамен 500 миллион долларды құрады. Болашақта бұл көрсеткіш 1 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.

Екі елдің маңызды көлік дәліздерінде тиімді орналасқанын да атап өткен орынды. Осыған байланысты Орталық Азия, Кавказ және Түркия арқылы Қытай мен Еуропалық Одақты байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) өзектілігі артуда. ТХКБ шеңберінде жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 2 есе өсті. Осы бағыт арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдаудың оң динамикасы бар.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан Әзірбайжанға 100-ден астам тауар позициясы бойынша 300 миллион долларға жуық шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға дайын.

Өз кезегінде Ағалар Атамоғланов мырза атап өткендей, Әзірбайжан Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді арттыруға ниетті.

Тараптар Қазақстан мен Әзірбайжанның көпжақты форматтағы, оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы өзара іс-қимылының перспективаларын қарастырды. Осылайша, екі ел Түркі инвестициялық қорын (ТИҚ) құру туралы келісімді бірінші болып ратификациялады. Сондай-ақ, алдағы СПЕКА (БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасы) форумына дайындық мәселелері талқыланды. Іс-шара ағымдағы жылдың қараша айында Баку қаласында өтеді.

Қазақстан-Әзірбайжан арасындағы 2023 жылғы қаңтар-тамызда екіжақты тауар айналымы 398 миллион долларды құрады, бұл 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 57,2%-ға артық.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin