Түркістан облысы: Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылында «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде кәсіпкерлердің 29 жобасына 135,4 миллион теңге несие алуға оң қорытынды берілді

Бұл жөнінде Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың Ақдала ауылы тұрғындарымен кездесуінде мәлім болды. Жаңадан тұсауы кесілген мәдениет үйінде өткен кездесуге қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, сала басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Шаһар басшысы алдымен атқарылған негізгі жұмыс жоспарлары турасында қысқаша баяндады. Жиын негізінен сұрақ-жауап үлгісінде, ашық диалог форматында өтті.

«Былтыр өздеріңізбен кездесуде ауыл клубы мен кітапхана, және спорт зал кешенін салып беруді сұраған болатынсыздар. Бүгін, ұсыныстарыңызға сәйкес, 240 орындық клуб пен кітапхана комплексі пайдалануға беріліп отыр. Енді ауылдан спорт зал салу үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке қаржыға ұсыныс енгізілді. Ендігі мақсат — ауыл ішіндегі дарынды, талантты балаларды үйірмеге тартып, бойындағы жасырынып жатқан өнерін жандандыру» — деді шаһар басшысы.

Кездесуде қала әкімі ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына ерекше тоқталып өтті. Аталған бағдарламаға Ақдала ауылынан 43 жоба несие комитетіне ұсынылып, 135,4 миллион теңгені құрайтын 29 жобаға несие бөлуге оң қорытынды берілген. Шаһар басшысы ауылдастарды жылдық мөлшері 2,5 пайыздан аспайтын бірегей жобаға қатысып, мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырды.

Ақдалада инфрақұрылымдық мәселелер де шешімін тауып келеді. Мәселен, округке қарасты П.Арапов елді мекенінде биыл 1 дана трансформатор жаңартылып берілді. Қазіргі таңда Ақдала ауылында 5,3 шақырым электр желілері мен ескірген 1 трансформатор ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Ал, Ақдала, П.Арапов елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2024-2025 жылдары құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Сондай-ақ, биыл Ақын-Жақып кесенесін абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда мердігер анықталып, келісім шарт түзілуде.

Кездесуден соңы жеке қабылдауға ұласып, ауылдастар әлеуметтік көмек, балалар ойын алаңшасы, тұрақты жұмыс сынды мәселер айтылып, қала әкімі Гүлжан Құрманбекова тарапынан нақты жауаптар берілді.

Жоғарыда айтқанымыздай, Ақдала ауыл округінің орталығынан заманауи үлгідегі ауыл клубы мен кітапхана комплексі пайдалануға берілді. Жаңа мәдени ошақтың ашылуына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жаңадан бой көтерген мәдени ошақ жергілікті тұрғындардың ұлттық өнермен сусындауына, талантты жастардың талабын шыңдауға мүмкіндік бермек.

Екі қабаттан тұратын рухани орда заманауи үлгіде жасалынған. Бірінші қабатында 240 адамға лайықталған көрермен залы орналасқан. Кітапхана, сондай-ақ, түрлі үйірме сыныптары, қызметкерлер кабинеті мен гардероб, жуынатын бөлмелер бар. Екінші қабатында оқу залы, компютерлік бөлме, демалыс залдары мен қызметкерлер кабинеттері барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тіпті, мүгедектігі бар азаматтар үшін жедел саты жүйесі іске қосылған.

Бұдан бөлек, жаңа нысанның ауласы да талапқа сай абаттандырылған. Мұнда, орталықтандырылған жылу қазандықтары қойылған. Ағаштар отырғызылып, демалыс орындары, бастырмалар, күл-қоқыс шығаратын орындар бар.

Өнерге қанат қаққан ауыл жастарының талабын шыңдап, түрлі мерекелерде халыққа рухани азық сыйлау мақсатында жаңадан бой көтерген мәдениет ошағы аумағы 1217,63 шаршы метрді құрайды.

Айта кетейік, былтыр қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Ақдала тұрғындармен кездескенде жергілікті халық Мәдениет үйі мен кітапхана салу қажеттілігін айтқан болатын.

Тұрғындар ұсынысымен, 240 орындық Мәдениет үйінің құрылысы өткен жылы басталып, биыл ел игілігіне беріліп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin