Түркістан облысы: Арыс қаласына қарасты Жиделі ауылдық округінен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кәсіп бастауға 45 өтінім ұсынылған

Бұл жөнінде шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекованың Жиделі ауылдық округіндегі халықпен кездесуінде айтылды. Қала басшысы алдымен ауыл халқына биылғы атқарылған жетістіктерді баяндап, алдағы жоспарларды ортаға салды.

«Осыдан үш ай бұрын ауылдарыңызда су жаңа 120 орындық ауыл клубы мен кітапханасын аштық. Енді заманауи спорт зал салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, республикалық бюджетке ұсыныс енгіздік. Алдағы уақытта тиісті қаржы бөлінгенде, оның да құрылысы басталмақ» — деді Гүлжан Мамытқызы.

Биыл Жиделі, Аққала елді мекендеріне дейінгі газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Сәтін салса, нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Байырқұмдықтармен бірге ауылдық округтер арасында көгілдір газ бірінші болып Жиделі, Аққала жұртына да қолжетімді болмақ.

Сондай-ақ, Жиделіде екі каналды күрделі жөндеуден өткізу қолға алынбақ. Қазіргі таңда «3-К-1» және «3-К-3» каналдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін бірінің ЖСҚ әзірленіп, қаржыға сұраныс беріліп қойылса («3-К-1»), екінші каналдың ЖСҚ құжаттары әзірленіп жатыр.

Жиделілік ағайын ауылдарының «Ауыл аманаты» жобасына енгеніне бек қуанышты. Қазіргі есеп бойынша, Жиделі ауылдық округінен несие алып, кәсіп бастауға 45 өтінім ұсынылған. Шаһар басшысы мемлекет ұсынған жеңілдікті пайдаланып, ауылды дамыту үшін бұдан да белсенді болу керектігін айтты. Ол үшін әкімдік тарапынан жан-жақты көмектер көрсетіле беретін болады.

Кездесуде Жиделі тұрғындары қала әкіміне тұрғын үй құжатын рәсімдеуге қатысты өтініштерін білдірді. Бұл сұраққа қатысты шаһар басшысы тиісті сала басшыларына, жауапты бөлімдерге мәселені тез арада шешіп, толықтай сүйемелдеуді тапсырды.

Бүгінде Түркістан облысында «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 19,8 миллиард теңгені құрайтын 3 220 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 2281 жоба қаралып, жалпы соммасы 10,8 миллиард теңгені құрайтын 1890 жоба мақұлданды. 6,2 миллиард теңгені құрайтын 1128 жоба қаржыландырылып, тұрғындарға жеңілдетілген несиелер берілген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin