Түркістан облысы: Арыс қаласындағы «Ақниет» азық-түлік дүкенінде әлеуметтік бұрыш ашылды

Арыс қаласының орталығында орналасқан «Ақниет» дүкенінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті нарықтағыдан төмен бағада саудалайтын әлеуметтік бұрыш ашылды.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыруда маңызы зор жоба туралы қала әкімдігі мамандары аталған дүкен иесіне ұсыныс айтқан. Нәтижесінде, кәсіпкер мен «TURKISTAN» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арасында келісімшарт жасалынып, мұнда бірнеше азық-түлік өнімдері нарықтағы бағадан 15-20 пайыз төмен бағада сатылып жатыр.

Мәселен, елу килолық 1-ші сортты ұнның қабы — 10000 теңгеден, макарон өнімдерінің келісі — 300 теңгеден, ал картоптың келісі — 110 теңгеден, шекер 380 теңгеден сатылуда. Кәсіпкер жоғарыда аталған корпорация арқылы алдағы уақытта басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін әкелуді көздеп отыр. Аталған дүкен Арыс қаласындағы Байжанов көшесінде орналасқан (Орталық базар жанында, көтерме сауда дүкендері қатарында).

Қазіргі таңда Арыс қаласында тағы бірнеше дүкенде осындай әлеуметтік бұрыш ашу жоспарлануда.

Азық-түлік демекші, Арыс шаһарында Әлеуметтік дүкен аумағында бір айға созылатын азық-түлік жәрмеңкесі басталды. Мұнда бағасы нарықтан әлдеқайда төмен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері сатылуда.

Мысалы, мұнда өсімдік майы (5 литр) 2450 теңгеден, макарон өнімдері (5 кг) – 1750 теңгеден, картоп сұрыптарына қарай килосы – 110, 120,180 теңгеден, ұнның қабы (50 кг) – 12600 теңгеден, пияз (сұрыпына қарай) 60, 65, 70 теңгеден сатылуда.

Қала кәсіпкері Айтбай Алтаевтың айтуынша, алдағы уақытта сатып алушылардың өтінішімен тауар түрлері көбейеді деп күтілуде. Осылайша, жергілікті кәсіпкерлердің тұрғындарды қолжетімді бағада азық-түлікпен қамту саясатын ұстануы арқылы бағаның тұрақтануына септігін тигізіп отыр.

Бағаның төмендігі халықтың қолайына жаққанын себет-себет азық-түлікті жайдары көңілмен үйлеріне тасып жатқанынан көруге болады. Себебі, мұнда азық-түлік өнімдері нарықтан 25-30 пайызға дейін төмендетіліп сатылуда.

Айта кетейік, жәрмеңке күнделікті сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін созылады. Сауда нүктесі бұрынғы «Пернебек Үсенбай» тойханасы жанында (қазіргі Әлеуметтік дүкен) орналасқан.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin