Түркістан облысы: Арыс қаласының Дермене ауыл округі бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында ақылы қоғамдық жұмысқа 22 адам тартылды

Бұл туралы Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың Дермене ауылы тұрғындарымен кезекті кездесуінде айтылды. Шаһар басшысы азаматтардың тұрмысын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан шараларға шолу жасап, дерменелік ағайынның сауалдарына жауап берді.

Биыл Дерменеде ауыл клубы мен кітапхана комплексінің құрылысы басталды. Мәдени нысанның сыйымдылығы: 120 орын. Сәтін салса, келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, Дермене жастарының саламатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін заманауи спорт залын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржы бөлуге республикалық бюджетке ұсыныс берілді. Тиісті қаржы бөлінгенде, оның да құрылысы басталмақ.

Дерменеліктер кәсіп бастау үшін «Ауыл аманаты» жобасына белсенді қатысып жатыр. Небәрі 2,5 пайызбен, алғашқы төлемі бір жылға дейінгі каникулы бар жобаға округ бойынша 61 жоба несие комитетіне ұсынылып, 46 жобаға 262,1 миллион теңге несие алу бойынша оң қорытынды берілген.

Бұдан бөлек, берекелі ауылда жыл басынан бері конкурс тәртібімен 71,7 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайта айналымға қосылған. Оның ішінде 46,5 гектары — суармалы, 39 гектары — жайылымдық, 7,5 гектары — қоражай үшін.

Жалпы, Дермене ауыл округі бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында ақылы қоғамдық жұмысқа 22 адам тартылды. Бұдан бөлек, «Жастар практикасына» — 5 адамға, «Күміс жас» жобасына — 3 адамға, Әлеуметтік жұмыс орындарына — 35 адамға, «Алғашқы жұмыс» орнына 3 адамға жолдама берілген.

Мұнда көтерілген мәселелердің бірі – ауылды «көгілдір отынға» қосу. Бұл жұмыстар бойынша қала әкімдігі тарапынан жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Енді Дермене, Теміржолшы, Орманды, Саналы, Қаражантақ елді мекендерін көгілдір отынға қосу үшін тиісті қаражатты республикалық бюджеттен бөлу жөнінде шаралар атқарылуда. Сондай-ақ, Саналы елді мекенінің ауыз су жүйесін күрделі жөндеуден өткізуге құжаттама жасалынған.

Жиын соңында тұрғындар шалғайда елді мекенге жол салу, ауыл жастарының жұмыс мәселесі, орталық көшеге жарық қою сынды сұрақтар қойды. Гүлжан Мамытқызы барлық сұрақтарға егжей-тегжейлі тоқталып, заң аясында тиісті шешімдер қабылданатыны түсіндірілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin