Түркістан облысы: Арыс қаласының әкімі шетелдік инвестормен кездесті

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова жақында арыстық бір топ кәсіпкерлермен бірге Қытай еліне іс-сапармен барды. Бағдарлама аясында ірі инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесіп, әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізген болатын.

Шаһар басшысы Қытай Халық Республикасынан Арыс шаһарына ат терлетіп келген инвесторларымен кездесіп, оларға қаланың инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып өтті.

«Арыстық кәсіпкерлер шетел инвесторларымен бірлескен зауыттар құрып, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүдделі. Өз кезегінде бізде кез келген тиімді идеялар мен жобаларды қолдап, инвесторлардың нәтижелі жұмыс істеуіне барлық жағдай жасауға дайынбыз», — деді шаһар басшысы Гүлжан Мамытқызы.

Өз кезегінде «Zhejiang Navas Industry and Trade Co LTD» компаниясының басшысы әріптестік орнатқанына қуанышты екенін жеткізіп, ұзақ мерзімді бірлесе, тізе қоса еңбек етуге ниет білдірді.

Кездесу аясында қонақтарға Арыс қаласының теміржолмен өрілген транспорттық-логистикалық әлеуеті таныстырылды. Шаһар басшысы өнімдерді елімізден бөлек алыс-жақын шетелге экспорттауға «Орта Азия қақпасы» саналатын қаланың мүмкіндіктерін ерекше атап көрсетті.

Бұдан кейін инвестор қаладағы ірі кәсіпорындардың бірі «Mega-Agat» серіктесігіне барды. Инвестор осы арыстық «Mega-Agat» кәсіпорнымен бірлесіп, алюминий радиаторларын, газ қазандықтарын, еден аралық жылыту конвекторы (теплый пол) шығаратын зауыт ашуға ниет білдірді.

Арыс қаласының экономикалық әлеуетін жоғары бағалап, алдағы уақытта ынтымақтастықты дамытуға дайын екендерін айтты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin